Екі миллион гектар Шу алқабының 145 мың гектары есірткі бизнесінің көз құртына айналғалы қашан. Мұнда жыл сайын 24 мың тоннадай қарасора өсіп шығады. Одан 4,6 мың тонна марихуана немесе 4,1 тонна гашиш дайындауға болады. Бұл бүкіл Еуропа мен Азияны улауға молынан жетеді екен. Біреулер атышулы өсімдікті тып-типыл жойып жіберу керек десе, енді бір мамандар марихуананы өнеркәсіпте қолдануды қолдайды. Дамыған әлем қазірдің өзінде қарасорадан дәрі-дәрмек, талшық, қағаз сияқты ондаған өнім өндіріп отыр.
Елімізде жыл сайын орташа есеппен заңсыз айналымнан 30 тоннаға жуық есірткі заттары тәркіленеді, оның басым көпшілігі каннабис тобына жатады. Мамандар мәселені шешудің түрлі жолдары мен әдістерін ұсынған. Шу алқабына қарулы күзет қою, жабайы қарасорадан тоқыма өнімдерін жасау, дәрі-дәрмек және май өндіру, өртеу, гербицидтермен өңдеу, малға таптату немесе орнына құрамында есірткі заттары жоқ өсімдіктер егу сынды нұсқаларды ойластырған. Ешқайсынан нәтиже шықпаған. Дегенмен марихуанадан тұтыну тауарларын әзірлеп, кеңінен кәдеге жаратуға болады. Оны шаруашылықта, дәрі-дәрмек өндірісінде шикізат ретінде өсіру әлемдік тәжірибеде баяғыдан бар. Қарасорадан алынған мата төзімділік жағынан өзге материалдардан асып түседі. Арнайы жұмыс киімдері мен джинс шалбарларды содан тігетіні бекер емес. Қарасора талшығынан арқан, жіп, мата, кеме желкені мен жабдықтары, өрт сөндірушілер киімі, парашют, ау, майшам білтесі т.б. мықты дүниелер жасалады. Ағылшын ғалымдарының пікірінше, қарасорада кездесетін заттардың 60-70 пайызы адам психологиясына әсер етпейді. Керісінше, оның құрамындағы марихуана экстрактілері – қатерлі ісік, эпилепсия, шизофрения, семіздік, қан қысымы сияқты ауруларға мың да бір дауа. Қазақстан былтыр Ресейден қағаз сатып алуға 400 млн доллар жұмсапты. Кей мамандар сол қағазды Шудағы қарасорадан дайындауды ұсынады. Өйткені сорадан жасалған қағаз өте сапалы болады. Бір гектар қарасорадан алынатын целлюлоза мөлшері 2-3 гектар орманнан алынатын целлюлозадан әлдеқайда көп. Бұл өсімдік тез қалпына келеді. Экологтардың сөзіне сенсек, 140 гектар қарасора 300-400 мың гектар орманды аман сақтап қалады екен. Осының бәрін ескерген Үкімет 2004 жылы Шу қаласында FESO Textile Қазақстан – Германия біріккен кәсіпорнын салуды қолға алған. Жоба құны 54 млн долларға бағаланған. Зауыт екі жылдан соң іске қосылады деп күтілген. Өндірістің басты бағыты қарасорадан мата, автомобиль өндірісіне қажет материалдар, техникалық талшықтар, құрылыс заттарын, косметикалық өнімдер әзірлеу еді. Мамандар кәсіпорынның арқасында есірткі қылмысы азаяды, мыңдаған жұмыс орны ашылып, зауыт ел экономикасына қызмет етеді деп үміттенген. Алайда үміт ақталмады. Белгісіз себептермен зауыт құрылысы белгісіз мерзімге шегерілді. Былтыр депутат Альберт Рау Қазақстанда өнеркәсіптік мақсатта техникалық қарасора өсіру және өңдеуді заңды түрде бекіту қажет деп сол кездегі премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына хат жазған. «Техникалық қарасорадан бастаған дұрыс. Басында жеңіл өнеркәсіп, целлюлоза-қағаз, жиһаз, құрылыс бағытында өсіріп, кейінірек біртіндеп фармацияға көшер едік», – деген-ді халық қалаулысы. Рас, дәрі-дәрмек әзірлеу қарасора өндірісінің ең жоғары деңгейі саналады. Оған дейін алдымен технологиясы оңайырақ талшықтармен жұмыс істеуді үйрену керек. Биыл көктемде отандық онкологтар елордада шетелдік әріптестерімен жүздесіп, қарасораны медициналық мақсатта пайдалану мәселесін талқылаған. Кездесуді ұйымдастырған RAIS Medicann International компаниясы Қазақстанда қарасора өңдейтін зертхана мен зауыт салуды көздейді. Израиль, АҚШ, Германия мен Сербиядан келген мамандар біздің дәрігерлерге құрамында ТГК (тетрагидроканнабинол) және КБД (ағылшын тілінде CBD, каннабидиол) бар дәрі-дәрмектерді таныстырды. Әлемде қарасора майын ең алғаш медицинада қолданған Израиль мен АҚШ дәрігерлері кейінгі кезде наркоз бен морфиннің орнына ТГК және КБД-ны пайдалана бастапты. Ал бізде әзірге Алматы облысы Кербұлақ ауданында бір пилоттық жоба бар. 2017 жылы құрылған KazHemp компаниясы қарасораның техникалық түрін өсіріп, тігін саласына қажет талшық өндіреді. Жұмыс барысында қарасораның есірткіге жатпайтын сұрыптарын ғана пайдаланады. Кәсіпорын бірінші жылы 600 гектар, екінші жылы 4 мың гектар қарасора еккен. 2022 жылы егістік көлемін 50 мың гектарға дейін ұлғайтуды межелейді. 2018 жылы отандық фирма Zara, Top Shop секілді брендтердің иесі – Inditex халықаралық тоқыма алыбымен келісімшартқа отырды. Франция мен Үндістанға 1 тонна қарасора өнімін жөнелтті. Жалпы, қарасора өсіруге Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Американың 30 шақты мемлекетінде рұқсат етілген. Еліміз осы нарықта өз орнын ойып алуға қауқарлы дейді сарапшылар. Неге десеңіз, Қазақстан мен Қырғыз Республикасы шекарасында орналасқан Шу алқабы – жер бетіндегі жабайы қарасораның ең үлкен аймағы. Демек, халықаралық каннабис нарығында шикізат бағасын анықтайтын ойыншы рөліне әбден лайықпыз. Шыны керек, қарасораның ақшалай пайдасы ұшан-теңіз. Мысалы, дүниежүзінде 1 тонна қарасораның бағасы 9-12 млн теңге тұрады. Бұл бидайдың бүгінгі құнынан 80 есе қымбат. Яғни, 50 гектар қарасорадан 500 гектар бидайдың сомасы түседі. Қарасора минералды тыңайтқыштарға мұқтаж емес, зиянды ағзаларды бойына дарытпайды, өте өсімтал. Бірақ қарасораны өсіру емес, жинау қиын екен. Себебі мамандандырылған техника жетіспейді. Егінді қарапайым жабдықтармен ексе де, орып алуға арнайы комбайндар керек. Оның үстіне, Шудағы қарасораның сабағы аласа келеді. Бұл оның бағасына кесірін тигізуі мүмкін. Brightfield Group жүргізген зерттеуге сәйкес, 2017 жылы каннабистің дүниежүзілік нарықтағы айналымы 7,7 миллиард долларға жетсе, 2021 жылы 31,4 миллиард долларды еңсереді деген болжам бар.Еркебұлан НҰРЕКЕШ