Елімізде ет өнімін өткізуде бірталай құқықбұзушылық тіркелді. Мысалы, қалаға мал сойып әкеліп, бірақ тиісті құжаты болмай, базарда ветеринарлық жалған анықтама қағазын сатып алу оқиғалары да жиі қайталануда. Көбіне ауылдағылар мұны заңды аяқасты қылу екенін түсіне бермейтіні тағы бар...
Жақында Ақмола облысында жасанды ветеринарлық анықтама таратқан 2 күдікті қолға түсті. Олар ет өнімдерін базарларға өткізу үшін шаруалардан үлкен көлемде пара алып келген. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері рұқсатсыз сатылымға шыққан еттен күйік ауыруы анықталғанын айтады. Айта кету керек, қауіпті дертке бірнеше тұрғын шалдығып та үлгірген. Ақмола облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Арман Бердалин: «2019 жылдың тамыз-қыркүйек айларында ет өнімдерін жеткізушілерден жүйелі түрде заңсыз материалдық сыйақы алып тұрған күдіктілер ұсталды. Өткізілген жұмыс нәтижесінде коммуналдық базарға ет өнімдерін жеткізетін азаматтар мал дәрігерлеріне әрбір бас үшін 3-5 мың теңге көлемінде пара беретіні анықталды. Нәтижесінде, оларға еттің қандай да бір ауруға шалдықпағаны жөнінде анықтамалар беріліп отырған. Ветеринарлық салада жемқорлық деректері жиілеп кеткен. Айталық былтыр республика бойынша осындай 92 дерек тіркелсе, биыл олардың саны 140-қа таяпты. Қолға түскен 33 күдіктіге қатысты сот шешімі шықты. Қалғаны тергеліп жатыр» деген болатын баспасөз маслихатында. Міне, осындай салғырттықтың арты адам денсаулығына қауіп төндіретін ауруларды да таратуда.
Дегенмен ауылдықтардың уәжі бар. Өйткені қай қаланы алып қарасаңыз да, сенбі мен жексенбі күндері базарда қызу сауда жүреді. Көбінесе демалыс күндері ауылдық жерлерде керекті құжатты рәсімдейтін әкімдік жабық болады. Сондықтан олар осындай заңбұзушылыққа баруға мәжбүр-мыс.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тұрғыны Айсұлтан Жақыпов әлеуметтік желіге: «Ауылдық жерден соғым әкелерде қалтаңызға 25-50 мың теңгедей артық ақша салып алыңыз. Егіндібұлақ жұртының Қарқаралы әкімдігіне реніші қара қазандай. Мына жерде жүйеден кеткен қате ғой. Бір ауданға ғана тән құбылыс емес. Бірақ қарапайым адамдарды қанауды қою керек» деп жазды. Анығында ауыл тұрғыны малды меншігі екенін растайтын құжатсыз қалаға әкеле жатқанда тексерушілер қолына түскен. Ал әкімдіктегілердің жауабы былай болды: «Қарқаралы ауданының ветеринариялық бөлімі мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына сәйкес «Дерекқор», «ЕАСУ» базасы арқылы электронды түрде анықтама береді. Демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен, сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс уақыты. Анықтаманы заңға сәйкес 3-4 күн бұрын алуға болады. Қарқаралы ауданы жергілікті полиция қызметінің рейдтік шаралары үздіксіз жүргізіледі. Егер төрт түлікті сырғасыз, ветеринариялық құжатсыз, анықтамасыз тасымалдағаны анықталса, дер кезінде ветеринариялық бөлімге жеткізіледі. Нәтижесінде, заңсыз мал тасымалдаушыға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Басты мақсат – ауру малдың еті сатылымға түспеу, сонымен қатар мал ұрлығының алдын алу».
Сонымен бірге қаланы етпен қамтып отырғандардың арасында ұрланған малдарды өткізушілер де жеткілікті. Арнайы рейдтерде әшкереленгендері туралы сөз қозғасақ. Қостанай облысы аумағында «Мал ұрлығы» республикалық жедел алдын алу шарасы аясында республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарда автокөліктерді тексерген кезде тәртіп сақшылары Қарасу ауданы Жалғысхан ауылының тұрғынын «Қарасу-Чураков» автожолында ұстады. Ол тиісті құжатсыз 4 шошқа етін тасымалдаған. Сонымен қатар Науырзым ауданында 1 мал ұрлығы тіркелген.
Бір ғана Алматы облысының тәртіп сақшылары қажетті құжаттары жоқ мал тасымалдаудың 656 дерегін анықтаған. Заң талаптарын орындамаған жүргізушілерге 8 миллион 92 мың теңге айыппұл салынған.
Сонымен қатар жалған құжат жасап, ұрлық малды өткізушілер де осы шара кезінде анықталған. Полиция қызметкерлері: «Еңбекшіқазақ ауданында мал тасымалдаушының тиісті құжаттарын тексеру барысында малдың құжаттары күдік тудырып, полиция қызметкерлері мал ұрлығын кәсіп қылған қылмыстық топты ұстады. 5 адамнан тұратын барымташылар тобынан 40 жылқы тәркіленді» дейді. Сонымен қатар аталған топ өкілдерінің мал ұрлығының 18 дерегіне қатысы бары анықталған болатын. Оның 5 фактісі ауыр қылмыстар санатына жатқызылды.
Біреудің бағып отырған төрт түлігін ұрлау, артынан оны өткізуді ұйымдастырушылар ұсталып жатса да, аяқтарын тартар емес. Сақшылар мал ұрлығының алдын алу мақсатында мал және ет өнімдерін тасымалдауды қатаң бақылауға алды. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдар бойында посттар қойылып, тасымалдауға тиісті құжаттар жіті тексеріледі. Міне, осыны қаперде ұстау ләзім, жекеменшік малын болса да, әр тасымалданған өнімге тиісті құжат болуы тиістігін ұмытпаған абзал, олай болмаса қалтадағы қаражаттан қағылуға тура келеді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ