Экстрадиция: қашқындар жазасыз қалмауы тиіс
Экстрадиция: қашқындар жазасыз қалмауы тиіс
298
оқылды

Елімізде қылмыс жасап, бой тасалай шетелге қашқандарды алдыру оңай шаруа емес. Өйткені әуелі оны іздеп тауып, қолға түсіру қажет. Содан кейін экстрадиция мәселесі қолға алынады. Онымен елімізде тек қана Бас про­куратура айналысады. Халықаралық тәжірибе көрсететіндей, мұнда ең бірінші қойылатын талап – тұтқынның азапталмауы. Егер шешім шығаратын тараптың осыған  күмәні болса, олар экстрадициялаудан бас тартуы мүмкін. Сондай-ақ бұл мәселенің саяси жағы тағы бар.

Таразы басында тұтқынның тағдыры

Биылғы он айда елімізде бұған дейінгі кезең­дерді қосқанда 4 897 адамға іздеу жария­ланған болса, оның 2 347-сі ұсталған екен. Жалпы, бес мыңға жуық адамның 518-і әйел, 4-еуі кәмелет жасқа тол­ма­ған­дар. Бұл тізімдегілердің 1 056-сы халық­аралық іздеуде жүр, соның ішінде 113-і әйел адам. Қашып жүргендердің қарасы көп болатынының себебі, бірінші кезекте олардың қай елде, қай қалада жүргендерін анықтаудың қиындығында. Соңына аңду түскенін сезген қашқын басқа қалаға немесе елге кетіп қалуы мүмкін. Олардың жал­ған құжат жасатқанын, болмаса басқа елдің азаматтығын алғанын да жоққа шы­ғаруға болмайды. Бұл олардың ендігі кезек­те сол елдің заңымен қорғалатынын біл­діреді. Ал ұсталған жағдайда мемлекет­аралық келіссөздер басталады. Біздің елімізде Бас прокуратураның құзыретіне кіретін бұл процедурада халықаралық талаптардың барлығы сақталады. Сонда да болса, оның азапталуы мүмкін екенін алға тартып, тұтқынды бермей қалатын елдер бар. Әйтсе де, іс жүзінде мұндағы әр оқиға бөлек-бөлек қарастырылуға тиесілі субъек­тивті мәселе болып қалып отыр. Мәселен, Алматыда кісі өлтірді деп айып­талған Амир Кабуловты 2009 жылы Ук­раина үкіметі Қазақстанға бермек бол­ғанда қашқын жерлесіміз жүгінген Страс­бургтегі Еуропа соты ара түсіп, бергізбей тастаған болатын. Бұл осы соттағы елімізге қатысты қозғалған алғашқы іс еді. Осыдан кейін дәл осындай азапталуы мүмкін деген себеппен павлодарлық бизнесменді өлтірді делінген ағайынды Байсақовтарды Старсбургке сілтеген Украинада тағы да бермей қалды. Сол жылы Чехия өз елінің аумағынан шығарып жіберген теріс діни ағым ұстанатын босқын жерлес­імізді Нидерланд та өз бетінше шешім қа­был­дап, жібермей қойды. Бұл жерде бұған керісінше мысалдарды да келтіруге болады. Мәселен, сол 2009 жылы алаяқтық жасады деп айыпталған Тимур Шарипов та Страсбургтегі сотқа жүгінген болатын. Бірақ ол ұтылып қалды. 2002 жылы Дубайда ұсталған Василий Сорокин мемлекет қаржысын жымқырды және пара берді деп айыпталды. Ол кезде екі ел арасында тиісті келісім бол­мады да, келіссөздер үкіметаралық ма­құлдау сипатында өтті. Нәтижесінде, қашқын жерлесіміз Парсы шығанағынан ал­дырылып, Өскемендегі тергеу изо­ляторына қамалды. 2009 жылы араб елі­мен келісім жасалды да, оны ратифи­кациялау 3 жылға созылып кетті. Ол кезде онда біздің 7 жерлесіміз жасырынып жүрді. Солардың бірі Статистика агент­тігінің экс-төрайымы Анар Мешім­баева еді. Халық санағына бөлінген ақ­шаны жымқырды деп айып­талған ол 2013 жылы Мәскеуде қолға түсті. Ал 2012 жылы Оңтүстік Қазақстанда қарақшылық шабуыл жасады деп айыпталған Ербол Өтемісов Португалиядан экстрадиция­ланды. Бұл елмен ең бірінші рет жүзеге асқан мұндай шара еліміздің беделін, құ­қық қорғау органдарының қажырлы ең­бегін білдірсе керек.

101 адам экстрадицияланды

Экстрадиция саласында шет мемлекет­термен ынтымақтастық халықаралық шарт­тар шеңберінде және өзара түсіністік қағи­даты негізінде жүзеге асырылады. Қа­зақстан Республикасы 21 елмен, оның ішінде Испания, Біріккен Араб Әмір­ліктері, Түркия, Болгария, Қытай сынды елдермен қашқындарды ұстап беру туралы екіжақты халықаралық шарттар жасасқан. Сонымен қатар бұл салада біздің еліміз 3 көпжақты халықаралық шарттардың қатысушысы болып отыр. Олар – 1993 жылғы 22 қаңтардағы және  2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы, сондай-ақ 1933 жылғы 26 желтоқсандағы Ұстап беру туралы америкааралық конвен­циялар. «Бас прокуратура орташа алғанда жылына ұстап беру туралы 90 сұрау салу жолдайды және келіп түскен 100 сұрауды қарайды. Алайда биыл ел аумағында және әлемде енгізілген шектеу шараларына байланысты олардың санының төмендеуі байқалады. Жыл басынан бері Қазақстанға шет мемлекеттерден 45 адам экстрадиция­ланды. Олардың ең көбі Ресей және Қыр­ғыз Республикасы елдерінен. Мәселен, Ресей бізге кісі өлтіргендері үшін іздеуде жүрген үш адамды берді. Өз кезегімізде біз шет мемлекеттерге, не­гізінен Өзбекстан мен Ресейге 56 аза­матты бердік. Алыс шет мемлекеттердің сұрауы бойынша 2 адам экстрадицияланды (АҚШ, Түркия). Солардың бірі – Түркия билігінің сұрауы бойынша кәмелет жасқа толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін іздеуде жүрген сол елдің азаматы. Ол 2 қазанда еліне қайтарылды», – дейді Бас про­курордың орынбасары Болат Дембаев. Экстрадициялау рәсімі еліміздің Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 60-тарауында егжей-тегжейлі регламент­телген. Қазақстан аумағында іздеу салу бойынша ұсталған адамдарға қатысты бірінші кезекте экстрадициялық қамаққа алу шарасы қолданылады. Шет мемлекетке адамды ұстап беру туралы шешімді Бас прокурор немесе оның орынбасары қабылдайды. Ұсталған адамды қабылдау-тапсыру процедурасын адамды ұстап беру туралы шешім күшіне енгеннен кейін мемлекеттердің пенитенциарлық қызмет­тері жүзеге асырады.

Қоғамды дүр сілкінткен қаржы пирамидалары

Наурыз айында Молдова мен Қырғыз Республикасы елдерінен «Гарант 24 ЛОМБАРД» және «Estate Ломбард» ЖШС басшылары А.Мурзабеков пен Ә.Ысқақов экстрадицияланған болатын. Олардың қылмыстық іс-әрекеттерінен, яки «қаржы пирамидаларынан» азаматтарға 22 мил­лиард теңге шамасында шығын келген. Мәселен, Кишинев қаласында Молдова Республикасының ІІМ Ұлттық тергеу инспектораты мен ІІМ КПД жүргізген бірлескен жедел-іздестіру шарасы кезінде қолға түскен бір Мурзабековтің өзі Ақтөбе және Атырау облыстарында жұмыс жүр­гізіп, 42 126 адамның 5 млрд 650 млн теңге­сін алдап алып кеткен. Екі мемлекеттің Бас прокуратуралары тарапынан экстрадиция мәселесі шешілген соң ол Молдованың астанасынан Ақтөбе қаласына Ұлттық ұланның арнайы ұшағымен алдырылды. Мұндай экстрадициялық жеткізу елімізде бұрын-соңды болмаған. Одан кейін, осын­дай тәсілмен тамыз айында Беларусьтен елімізге «Куестра Ворд» қаржы пирамида­сын ұйымдастырушылардың бірі О.Клей­нард жеткізілді. Бұл еліміздің қылмыстық қудалау саласын дамытуда ымырасыз қадамдарға дайын екенін көр­сетеді. «Көп ретте қылмыс жасағаннан соң қылмыскерлер оларға іздеу жарияланғанға дейін-ақ шекара асып, қашып кетеді. Бұл олардың жүрген елін, жасырынған қаласын анықтап, ұстап, экстрадицияға қол жеткіз­генге дейін біраз қиындықтар тудырады. Бұл тұста Қазақстан азаматтарын алдыру, елімізде қылмыс жасап қашып кеткен шетел азаматтарын алдырудан оңай. Өйткені мемлекетаралық келісім­шарт­тардың нормаларында іздеуде жүрген адам (күдікті, айыпталушы, жазасын өтеуші, сотталушы) сол елдің азаматы болса, оны беру (экстрадициялау) қарастырылмаған. Сондықтан да шетел азаматын тиісінше жазалау үшін көп тер төгуге тура келеді. Халықаралық қатынастар мәселесінде бұл жайт әлі күнге дейін басы ашық күйінде қалып отыр. Әйтсе де, бұл оларды экс­традициялау мүлдем шешілмейді деген сөз емес», – дейді ІІМ Криминалдық полиция департаменті Қылмыскерлерді іздестіруді ұйымдастыру басқармасының бастығы, полиция полковнигі Абай Ерғалиев. Оған дәлел – биыл тамыз айында Ресей азаматшасы Ольга Клейнардтың экстра­дициялап алдыртылғаны. Қанша жылдан бері іздеуде жүрген ол Минск қаласында қолға түскен еді. Қарайған адамды 1 миллиард теңгеден астам сомаға тақырға отырғызып кеткен қаржы пирамидасын ұйымдастырушысы деп танылған оған одан бөлек трансұлттық қылмыстық топ құру және басқару бабы бойынша да айып тағылды. Қанша отбасының ша­ңырағын ойрандап, қаншама адамның көз жасына қалған қылмыскердің қолға түс­кені, әрине қуантады. Өйткені заңды бел­ден басқан, шекара асып, елден қашқан қай қашқын қылмыскер де жазасыз қал­мауы тиіс!

Нұрлан ҚОСАЙ