Тайсонның таңдауы кімге түседі?
Тайсонның таңдауы кімге түседі?
145
оқылды

Лос-Анджелестегі Staples Center аренасында өткен аты аңызға айналған америкалық боксшылар Майк Тайсон (50-6, 44 KO) мен кіші Рой Джонс (66-9, 47 KO) арасындағы жекпе-жектің тең нәтижемен аяқталғаны қос былғары қолғап шебері үшін де, көпшілік үшін де тосын шешім болды. Әйгілі спорт сарапшылары да жекпе-жектен соң кездесудің алдын ала келісілгенін, 2021 жылы қайтадан реванш ұйым­дас­тырылатынын айтып бақты.

Атышулы айқас кезінде екі спортшы да жастың егделенуі нақ­ты шеберлік пен кәсіби шебер­лікке кедергі емес екенін ай­қын көрсетті. Шаршы алаң­дағы айқас арнайы регламентке сәйкес өтті. Боксшылар барлық сегіз раундты рингте өткізді. Ал төрешілер жекпе-жек соңында қос боксшының тең түскенін хабарлады. Жеңіске жеткеніне сенген Тайсон жекпе-жектің соңында рингтен наразы кейіпте кетіп, жарияланған нәтижемен мүлдем келіспейтінін жеткізді. Бір қызығы, WBC бұл жекпе-жектің жеңімпазы үшін арнайы белбеу дайындап қойған. Бірақ Тайсон мен Джонс кездесуінде жеңімпаз анықталмай қалды. Тығырықтан оңай шығудың жо­лын іздеген ұйым Тайсонға да, Джонсқа да BLM WBC арнайы белбеуін сыйлады. Айқастан кейін 54 жастағы Майк Тайсон өзінің шеберлігін одан әрі же­тілдіруге ниетті екенін, әлі де ринг­ке қайта оралатынын тілге тиек етті. – Нокаутқа түспегеніме қуаныш­тымын. Келесі жекпе-жекте мен одан да жақсы қал­пым­да боламын. Реванш күтіңіз­дер, – деді былғары қолғап ше­бері. Boxingscene сарапшы­ларының пікірінше, темір Майк сегіз раундтың әрқайсысында жеңіске жеткен, ал жекпе-жектің қорытынды есебі Тайсонның пайдасына 80:72 болуы керек екен. Бірақ шешім басқаша бол­ды. Айтпақшы, қос боксшының бұл жекпе-жектен қанша табыс тапқаны да нақтыланды. Шетел­дік спорт басылымының жур­налисі Кевин Айоле Тайсон мен Джонсқа жекпе-жекке шыққаны үшін қанша ақша төленгенін, қос боксшының табысын жариялады. Журналист өзінің Twitter парақ­шасында темір Майктың 10 мил­лион доллар, Джонстың 3 мил­лион доллар гонорар алғанын жаз­ды. Ал ақылы эфирден MMA Fighting мәліметі бойынша, Тайсон-Джонс жекпе-жегі бір жазылым үшін 49,95 доллардан 1,2 миллионнан астам пайда тапты. Аталған дерекке сүйенсек, онда Тайсон-Джонс жекпе-жегі 1,3 миллионнан астам ақылы жазылым сатқан бокстағы ең сәтті сатылымдар тізіміне енген. Сонымен бірге Тайсон мен Джонс­тың кездесуі Тайсон Фью­ри мен Деонтей Уайлдер арасын­дағы жекпе-жекті басып озды. Атышулы айқастан соң екі сал­мақ бойынша әлемнің бұрын­ғы абсолютті чемпионы Эвандер Холифилд өзінің бұрынғы қар­сыласы Тайсонды қайтадан жек­пе-жекке шақырды. Бұл туралы MMA Fighting хабарлады. – Біз жекпе-жекті ұйымдас­тыруға тырыстық. Бірақ үнемі әртүрлі сылтауға байланысты олар келісім бермеді. Менімен кездесудің алдында неге басқа қарсыласты таңдағанын енді түсіндім. Рой Джонс – орта деңгейлі қарсылас. Алайда маған қарсы өтетін кездесуде әлемдік деңгейдегі айқас болары сөзсіз. Бұл кездесуді жанкүйерлер де асыға күтіп жүр. Шаршы алаңда кездеспеуге ешқандай себеп жоқ. Енді Майктың командасынан сылтау естігім келмейді.  Майк, сен менімен кездесуге дайын екеніңді айттың. Келісімшартқа қол қойып, рингке шық. Мұны әлем күтіп отыр. Мен дайын­мын,– деген Холифилд ескі қарсы­ласын ринг төрінде күте­тінін айтты. Еске сала кетейік, Холифилд пен Тайсон кәсіпқой бокста бұған дейін екі рет кездескен болатын. 1996 жылдың қараша айында Холифилд 11 раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, Майктан WBA белбеуін тартып алды. Ал 1997 жылы өткен екінші кездесуде Тайсон қар­сыласының құлағын тістеп алғаны үшін кездесуден шетте­тілген болатын. Енді бокс жанкүйерлері мен спорт сарапшылары үшін келер жылы қай кездесудің бірінші ұйымдастырылатыны қызық. Қалай дегенмен бокс мар­қасқа­ларының ринг төрінде қайта ойқастауы көрермендер арасында үлкен қызығушылық тудырып отырғаны сөзсіз.

Абылайхан ЖҰМАШ