62 халықаралық байқаушы тіркеуден өтті
62 халықаралық байқаушы тіркеуден өтті
152
оқылды

Орталық сайлау комиссиясы 7 желтоқсанда өткен отырысында «Қазақстан халық партиясының» партиялық тізімін тіркеп, Парламент Мәжілісі мен жергілікті  мәслихаттар сайлауы барысын байқауға келген  шетелдік байқаушыларды аккредитациядан өткізді.

ОСК отырысына саяси пар­тиялардың, Бас про­ку­ратураның, Әділет, Ішкі істер және Қаржы ми­нистрліктерінің өкілдері, бейнеконфе­ренц­бай­ланыс ре­жимінде аумақтық сайлау ко­миссиялары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралда­ры­ның өкілдері қатысты. Жиында қаралған алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған Ортсайлауком мүшесі Асылбек Смағұлов ОСК-ға 20 қарашада «Қазақстан Халық партиясының» Парламент Мәжілісі де­пу­тат­тарын сайлауға кандидаттар ұсыну туралы құжат тапсыр­ғанын, партиялық тізімде 114 адам болғанын айтты. Сонымен қатар тізімге аты енгізілген Г.Қайыр­жа­новтың өз канди­датурасын партиялық тізімнен қай­тарып алу туралы өтініш жазғанын да атап өтті. Осы­ған байланысты «ха­лықшылдар» тізі­міндегі кан­дидаттар саны кеміп, 113 адамдық тізім бекітілді. Ал шетелдік байқаушыларды аккредитациядан өткізу мәселесі жайлы баяндаған Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцова 2020 жылғы 22 қазанда сайлауды халықаралық бақылау институты ашылған сәттен бастап Орталық сайлау комиссиясының 2 оты­рысы өткізіліп, 39 байқаушы ак­кре­дитациядан өткенін ха­барлады. Оның ішінде ТМД Парла­ментаралық Ассам­блея­сынан 29 байқаушы, ТМД бай­қаушылар миссиясы құ­рамынан 6 бай­қаушы, Ислам ынты­мақтастығы ұйы­­мынан 4 бай­қаушы бар. Ал 7 желтоқсанда бұл тізімге жаңа байқаушылар қо­сылды. Баян­­дамашының сөзіне қарағанда, Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер ми­нистрлігінен аккредиттеуге ЕҚЫҰ ДИАҚБ-нан 12 бақы­лаушының және 5 шет мемле­кеттен 11 бақылаушының кан­дидатурасы ұсынылған. Осы­лайша, 2020 жылдың 7 жел­тоқ­санына дейін алдағы сайлау ба­рысын байқау үшін 62 ха­лықаралық байқаушы ресми түрде тіркелді.

А.СҰЛТАН