Отандық азаматтық авиация ұйымдарының шығыны биыл шамамен 356,7 миллиард теңгеге жетпек. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті хабарлады. Ал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) мәліметінше, 2020 жылы жолаушылар ағыны деңгейінің төмендеуі кесірінен саланың жаһандық шығыны 252 миллиард долларға бағаланып отыр.
IATA болжамынша, тасымалдау көлемінің 2019 жылғы деңгейге дейін толық қалпына келуі 2023 жылдан ерте болмайды. Биыл наурыз айында шекаралар жабылып, жолаушылардың әуе тасымалы доғарылған соң қазақстандық әуекомпаниялар Үкіметтің тапсырысымен шетелде қалған отандастарымызды елге қайтаруға атсалысты. Нәтижесінде, жалпы саны 70-тен астам репатриациялық рейсті жүзеге асырып, шамамен 11 мың жолаушыны тасыған. Бұдан бөлек, гуманитарлық жүктерді жеткізген 55 тұрақты және чартерлік рейс жасады. Оның барысында өкпені жасанды желдету аппараттары, бетперде, костюм, жедел тест, қажетті дәрі-дәрмектер секілді 555 тоннадан астам жүк тасымалданды. Барлық рейс күшейтілген санитарлық қауіпсіздік жағдайында орындалды. «Коронавирус пандемиясының таралуы және рейстердің тоқтатылуы саладағы статистикалық көрсеткіштерге теріс әсерін тигізді. Биыл негізгі көрсеткіштер құлдырауда: жылдың 10 айында отандық әуе компаниялар тасымалдаған жолаушылар саны 4,4 миллион адам болды, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен (7,1 млн) салыстырғанда 38%-ға аз. Әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар мен транзиттік жолаушылар саны бойынша көрсеткіштер де нашар. Болжамдарға сәйкес осы жыл қорытындысында әлемдегі жолаушылар ағыны 60–70%-ға төмендейді», – деді комитет. Бүгінде ішкі тұрақты рейстер толығымен қалпына келтірілді. Сондай-ақ 12 елмен – Түркия, Корея, БАӘ, Беларусь, Украина, Германия, Нидерланд, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Египет, Ресей, Мальдивпен арада аптасына 52 рейс жиілігімен халықаралық рейстер орындалуда. Бұл – коронавирусқа дейінгі халықаралық тасымалдардың жалпы көлемінің 12%-ы. Жағдай жақсарған сайын рейстерді қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылады.Айхан ШӘРІП