Қай вакцинаға жүгінеміз?
Қай вакцинаға жүгінеміз?
269
оқылды

«Ресейлік вакцина Қазақстанда шығарылады» деген ақпарат пайда болғалы адамдардан маза кетті. Халық келесі жылы жаппай қандай екпе (отандық, әлде ресейлік) салына­тынын нақты білгісі келеді. Әлеуметтік желіде таралған осы тәрізді сауалдарға Денсаулық сақтау ми­нистрі Алексей Цой жауап берді. 

Вакцина шығаратын қос алаң құрылады

Бірінші маңызды жаңалық Ақордадан келді. 4 желтоқсан күні ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Үкімет басшысы Асқар Мамин коронавирус індетіне қарсы отандық вакцинаны әзірлеу барысын баяндады. 29 қарашада отандық вакцинаның клиникалық сынақтарының І және ІІ кезеңі аяқталыпты. Премьер-Министр­дің мәліметінше, қазақстандық вакцинаның зиянды әсері анық­талған жоқ және оның жоғары тиім­ділігі тіркелді. Енді 25 жел­тоқ­санда клиникалық сынақтар­дың кең ауқымды түрі – ІІІ кезеңі басталады. Оның барысында 3 мың еріктіге екпе егіледі. Сы­нақ­­тар 2021 жылы наурыздың соңы­­на қарай толығымен аяқталады. А.Мамин 2020 жылдың соңы­на дейін 2 миллион доза көлемін­дегі отандық вакцинаның алғаш­қы партиясы шығарылатынын хабарлады. Елді елең еткізген екінші жаңа­лық та Ақорда сайтында жа­рия етілді: 2020 жылдың 22 жел­тоқ­санынан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру қолға алынады. «Ал 2021 жылдан бастап тұр­ғындарға ерікті түрде жаппай вак­цина егу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтер, күш құрылымдарының қызмет­керлері қамтылады» делінген ресми ақпаратта. Жұртшылық оның егжей-тег­жейін білгісі келді: «Халыққа 2021 жылы қандай вакцина салы­нады: өзіміздікі ме, әлде ресейлік пе?» Азаматтар сауалына ДСМ басшысы Алексей Цой Facebook-тегі ресми аккаунты арқылы қыс­қаша жауап берді: «Қазақстанда қатарынан 2 өндірістік алаң іске қосылады. Оның бірі толығымен қазақстандық вакцинаны өндіру­мен айналысады. Екіншісі – ре­сейлік вакцинаны локализа­ция­лауға жұмылады», – деді министр.

Зауыт құрылысы аяқталуға таяу

Бұл мәліметті Жамбыл об­лысының Қордай ауданына арнайы сапарлап қайтқан Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл растады. Сапары аясында ол тікелей Президенттің тапсырмасымен іске асырылып жат­қан, отандық тұңғыш иммундық-биологиялық препараттар өндіретін биофармацевтикалық зауыт құры­лысының барысымен танысыпты. Сондай-ақ депутат БҒМ-ның Ғы­лым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының (БҚПҒЗИ) ұжымымен жеке кездесті. – Биылғы 15 маусымнан бері дәл осы институт жанынан салынып жатқан биофармацевтикалық зауыт­тың құрылысы аяқталуға жа­қын қалыпты. Құрылысы 2020 жылдың соңында, яғни осы желтоқсанда тәмамдалады деп жоспарланып отыр. Бұл үшін қажетті техниканың және құрылыс материалдарының барлығы бар. 150-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Яғни, жарты жыл ішінде салынып бітпек, – деді Б. Смағұл. Қазақстандық вакциналар І ке­зеңде институттың 6 қызмет­керіне сыналған. Ізінше 200 еріктіге егілді. Қорытындысында бұл вак­цина­лардың адам өмірі мен ден­саулығына қауіп төндірер теріс әсерінің жоғы, әрі коронавируспен күрестегі тиім­ділігі жоғары екені айқындалды. Дегенмен 200 волонтердің бәрі Ал­маты тұрғыны болып шықты. Ал ауа райы, климат, экология және басқа да факторларға байланысты ұлан-байтақ республикамыздың әр айма­ғында тұрғындардың денсау­лығы мен ағзасында өзіне тән ерек­шелік бары мәлім. Сол себепті кли­никалық сынақтардың ІІІ кезеңінде бір өңір­мен шектелмей, өзгелерін де қамту туралы шешім қабылданыпты. Нәти­жесінде, отандық вакцина алда Жамбыл, ШҚО, Ақтөбе облыс­тарында кем дегенде 3 мың еріктіге сыналады. Депутатпен жүздескен Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев жаңа зауыт толық қуатына шыққанда онда 30-дан 60 миллион доза кө­лемінде адам мен жануарларға ар­налған түрлі вакцина өндірілетінін хабарлады. –Зауыт жанынан үй салудамыз. Институтта 218 адам жұмыс істейді. Біразының пәтері жоқ. 60 пәтерлік бірінші үйді жақында тапсырамыз. Тағы екі үй 120 пәтерден тұрады. Зауыт­та отандық және шетелдік бі­лікті мамандар жұмыс істемек. Оның құрылысы бітсе, заманауи ең озық құрал-жабдықтармен жарақ­тандыру ісі басталады. Ма­ман­дар­дың жала­қыларын көтеру мә­селесін көтердік, Үкімет қолдады. Бүгінде олардың жа­лақысы 210 мың теңгедей. Бұған білікті ғалым-мамандарды тарту қиын. Сон­дықтан оны 400-410 мың теңге­ге дейін жоғарылатуды ойлас­ты­рудамыз, – деді Бердібек Сапар­баев. Бақытбек Смағұл «елімізде Ре­сейдің вакцинасы жасалады» деген мәлімет тарағанын еске сала келе, БҚПҒЗИ бас директоры Күнсұлу За­карьядан осыған түсініктеме беру­ді сұрапты: «Оны да сіздер осы жаңа биофармзауытта шыға­ра­сыздар ма?» вакцина «Жоқ, олардың технологиялары бөлек. Сәйкесінше, біз олармен бірге емес, бөлек жұмыс істейміз. Отандық вакциналарды жеке шығарамыз. Ресейдің вакцинасы бөлек алаңда жасалады», – деген жауап алыпты. Бұл ұлттық мүдделер мен мемлекеттік құпияны сақтау үшін де маңызды. Ғылыми-зерттеу институты COVID-19 вакцинасын әзірлеу жұ­­мыстарына бар күшін салып, тәу­лік бойғы режимде жұмыс істеуде. Күн­сұлу Дальтонқызының айтуын­ша, БҚПҒЗИ базасында ашылатын Ор­­­талық Азия мен Қазақстандағы тұңғыш биофар­мацевтикалық зауыт GMP стандарттарына сәйкес келетін биопрепараттар өндірмек. Ол Қа­зақстанның шетелдік вак­цинаға тәуел­ділігін төмендетеді, аса қауіпті инфекциялардың бас көтеріп, өр­шуіне қарсы мем­леке­тіміздің уақы­тылы әрі жедел үн қатуына мүм­кін­дік береді.

Күресте қызғаныш опа бермейді

ДСМ ресейлік вакцина бізде шығатынын хабарлағанымен, оның өндірісі қай өңірде қыза­тынын нақтыламай отыр. Бір белгілісі: Ден­саулық сақтау ми­нистрі Алексей Цой мен Ресейдің Тікелей ин­вес­тициялар қорының (РФТИҚ) бас директоры Кирилл Дмитриев «Спутник V» ко­рона­вирусқа қарсы вакцинасын тіркеу рәсімдерін өткізу, өндіру және тарату жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. «Қазақстанның реттеуші орган­дары қажетті рәсімдерді аяқтаған соң Ресей Федерациясы технология трансферін жүргізеді және еліміз аумағында «Спутник V» вакцина­сының кемінде 2 миллион дозасын өндіруге арналған субстанцияны жеткізеді. Бұл келісім екіжақты қа­рым-қатынасқа серпін береді, сон­дай-ақ коронавирус панде­миясын тезірек еңсеруге мүмкіндік туғызады деп сенемін», – деді А.Цой. Өз кезегінде К.Дмитриев ресей­­­­лік вакцинаны Қазақстанның да пайдаланатынына назар ау­дартты: «Қазақстан аумағында «Спутник V» вакцинасын шығару арқасында логистикалық шы­­­ғындар азайты­лады және жергілікті медициналық мекемелерге вак­цина қысқа мер­зімде жет­­кізіледі. Сонымен қатар екі ел арасында технологиялық, ғылыми және медициналық тә­жірибе ал­масу кеңейеді», – деді РФТИҚ бас­шысы. Солтүстік көрші өз вакцинасын әлемде алғаш болып тіркегенімен, оның сынақтары әлі бітпеген. Мы­салы, қазіргі уақытта Беларусьте, БАӘ-де, Венесуэлада, Үндістанда III клиникалық зерттеулері өт­кізіліп жатыр. Ресей 50-ден астам елден 1,2 миллиардтай доза сатып алу туралы алдын ала өтінім келіп түс­кені­мен мақтанады. Бірақ олар не­гізінен дамушы елдер. Көрші бұл вакцина­сының өндірісін Қазақ­стан, Үн­дістан, Бразилия, Қытай, Оңтүстік Корея секілді елдерде жол­ға қой­мақ. Дегенмен Мәскеудің өзінде «Спутник V» егілген 273 ерікті ар­тын­ша коронавирусқа шалдығып, ауырып қалған. Бұл туралы Мәскеу мэ­рінің орынбасары Анастасия Ракова мә­лімдеді. Бұл жайт ресей­лік вакцина­ның КВИ-ден толық қорғай алмай­тынын көр­сетсе керек. Жал­пы, Мәс­­кеуде 20 мың волонтерге осы екпе егіліпті. Енді басқаларының вирус жұқтырмауы қа­дағалануы керек. Әдетте мұндай сынақ пен қа­дағалау ұзақ мерзімді – ең кемі 1 жыл­ды талап етеді. Алайда Кремль асығуда. 2 желтоқсанда Ұлыбритания клиникалық сынақтардың 3 саты­сынан да табысты өткен Pfizer ком­паниясының вакцинасын өзінде тіркеп, осы аптада өз аза­маттарын онымен жаппай вак­цинациялауға кірісетінін мәлім­деді. Ал АҚШ Қор­ғаныс ми­нистрлігі Файзердің вак­цинасын штаттарға шамамен 3 апта ішінде таратуға кірісетіні жө­нінде құ­лағдар етті. Әзірге Pfizer тек бір кедергіге жолығуда: шикізат жет­пей жатыр. Тиісінше, жыл соңына дейін басқа ел түгіл, қос держа­ваның сұра­нысын қана­ғаттандыра алмайды. Осы мәлімдемелерді ести сала, РФ президенті В.Путин вице-премьер Татьяна Голиковадан «ресей­ліктерді «Спутник V» пре­па­ратымен жаппай вакци­на­циялауды дереу бастауды» талап етті. Бұл тап­сырманы қысыла қа­былдаған Т. Го­ликова «бұған дайын­­дық қан­дай деңгейде екені туралы баяндай­тынын» жеткізді. Бірақ Ресей пре­зиденті оның сөзін орта жолдан үзіп тастап, «баяндау емес, бастау кере­гін» қатаң ес­кертті. Са­рап­шылар бұл науқанға вакцина тап­шы екеніне назар аудартады. Ен­деше 22 жел­тоқ­санда көршінің вакцинасы бізде жасала бастаса, оның көбін көрші өзіне экспорттап алып кетуі мүмкін. Ресейдің Клиникалық зерт­теулер жөніндегі ұйымдар қауым­дасты­ғының директоры Светлана Зави­дова Путиннің бұл шешімін «Батыс елдерінің жетістігін көреал­мау­шы­лық және қызғаныш» деп баға­лады. Көрші өз вакцинасын жаһанда тұң­ғыш болып тіркеді, алайда онысы әлі күнге жаппай қолданысқа енбей жатыр. «Ресейлік вакцина қажетті бар­лық сынақтан өткен жоқ. Оның тиімділігі де түпкілікті дә­лел­­ден­беген. Олай болса, оған сену қиын. Ұзақ­мерзімді теріс әсерлері де осы қысқа мерзімде әшкереленбеуі мүмкін. РФ прези­дентінің бұлай асығуына Еу­ропада бірінші вакци­наның ресми тіркеліп, жаппай қолданысқа жол­дама алуы себеп. Бұл негізінен саяси шешім», – деді қауымдастық бас­шысы. Біздің ДСМ отандық не ре­сей­лік КВИ-ге қарсы вакцинаны алғашқы болып тек дәрігерлер, педагогтер, құқық қорғау ор­ган­дары, әскерилер секілді тәуекел тобындағылар, сон­дай-ақ со­зыл­малы дерті бар адамдар ғана тегін ала алатынын мәлім етті. Оларды вакцина­циялаудың 1-ші кезеңі ақпан айында басталады деп отыр. Бұл қатарға шамамен 2,2 мил­лион адам ғана ілігеді. Қалғаны үшін екпе ақылы болады. «Шетелдік вакцинаның бол­жамды құны 2 дозасы үшін 20 дол­лардай болмақ. Қазақстандық вак­цинаның бағасы әзірге анық­талған жоқ: оның құны өндіріс бас­талғанда ғана айқындалады. Бұған қоса, бүгінде Қазақстан нарығына жеделдетілген тәртіппен енуі үшін шетелдік серіктес­тері­мізбен келіссөз жүргізудеміз. Ары қарай нарығы­мызда тағы бірнеше вакцина түрі пайда болады деп жоспарлап отыр­мыз. Олар ақылы және ақысыз түрде таралуы мүм­кін», – деді министр Алексей Цой. ӘМСҚ медсақтандыру аясында препаратты сақтандырылған адам­дарға тегін ету мәселесін пысықтап жатыр.

АйханАйхан ШӘРІП