Жуырда Денсаулық сақтау министрлігі қоғамда пікірталас тудыратын жаңа ережені бекітті. Енді елімізде азаматтарға жынысын өзгерту үшін заңды түрде рұқсат беретін нұсқаулық бар. Тек 21 жастан асқан болуы шарт. Дегенмен ведомствоның бұл қадамына қарсылық танытып жатқандар көп, соған сай қолдайтындар да жетерлік. Үкім айтар жөн жоқ, алайда бұл мәселені әркімнің өз еркіне қалдырғанымызбен, жаратылыс заңын елемей кеткен сыңайлымыз.
Ескі заңның жаңа талқысы
Көп адам министрлік қабылдаған ережені өз көзқарасына қарай сүзгіден өткізіп әлек. Осы тұста, бір жайтты айта кетсек. Қазақстанда жынысын өзгерткісі келетіндер үшін 2003 жылы рұқсат беріліп қойған. Ал елді шулатқан жаңа ереже онсыз да бар бұйрыққа толықтыру енгізген. Әділет министрлігінің ақпараты бойынша, елімізде 2009-2017 жылдар аралығында 25 адам, 2017-2019 жылдары 10 адам жынысын ауыстырған. Соңғы ондықтың төртеуі еркектен әйелге, қалған алтауы әйелден ерге айналған көрінеді. Бір қызығы, көбіне жынысын ауыстырғандардың нақты дерегі жайлы Денсаулық сақтау министрлігі хабарсыз болып шығады. Себебі операция шетелде немесе жекеменшік клиникаларда өтуі мүмкін. Ал олар ведомствоға есеп бермейді. Тек Алматыдағы Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында жасалған оталардың дерегі министрлікке жетеді. Бұл – мол әңгіменің қысқа баяны ғана. Енді жыныс ауыстыру процесінің қалай жүргізілетінін баяндасақ.Шешім қабылдауға 6 ай уақыт беріледі
Медицина тілінде жыныс ауыстыруды «транзишен» деп айтады. Ағылшын тілінен аударғанда «ауысу, өту» деген мағынаға ие. Әуелде дәрігерлер жынысын ауыстырғысы келетін адамға психологпен жұмыс істеуге кеңес береді екен. Бұл кезең жарты жылға созылады. Адам осы уақыттан кейін де шешімін өзгертпейтін болса, жынысын өзгерту амалдары басталады. Алғашында адам бойына гормон егіледі, мысалы ер адамға әйелдің немесе әйелге ер адамның «болмысын» таңады. Осылайша, толық медициналық тексеріс пен арнайы комиссияның оң шешімін алғаннан кейін хирургтің жұмысы басталады. Отанның құны – 1-3 млн теңге аралығында. Осындай бірнеше оталарды жасаған Репродуктивті медицина институтының хирургі, андролог Шыңғыс Нұғманов скальпельді қолға алмас бұрын сіздің алдыңызда шынымен трансгендер жатыр ма, жоқ па, соған көз жеткізу маңызды екенін айтады. Өйткені одан кейін кері жол болмайды. – Отаға дейін ең алдымен пациентке «транссексуализм» диагнозы қойылуы керек. Ол үшін пациент жыл бойы кезең-кезеңімен тексерістен өтеді. Оның жеке мәліметтері, барлық ақпараты жиналады. Диагноз қоятын арнайы комиссия да құрылады. Егер диагноз расталса, хирургтердің отаны жүргізуге, ал пациенттің жынысын ауыстыруға құқығы бар. Диагнозды растамай тұрып, әрекет жасауға құқығымыз жоқ, – дейді маман. Енді мына жайтты қараңыз, хирургтің айтуынша, мұндай мәселеде де парақорлық жиі кездесетін көрінеді. – Бізде диагнозды растайтын құжаттар мен қағаздарды қолдан жасайтындар да кездескен. Яғни, сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелді. Сондықтан біз оған қоса пациентпен де сөйлесеміз, тағы бір рет психиатрдың қарауынан өтеді. Негізі, елімізде мұндай операциялар өте аз жасалады, бізде қоғам дәстүрлі емес бағыттағы адамдарды да, трансгендерлерді де түсінбейді. Сондықтан клиника туралы теріс пікір қалыптаспас үшін біз тіпті осындай оталарды жасайтынымызды жарнамалай алмаймыз, – деді ол. Дәрігер өз тәжірибесіне сүйеніп, жынысын еркектен әйелге ауыстырғысы келетін пациенттер әлдеқайда көбін айтты. Пациенттерге әу бастан операцияның қауіпті болуы мүмкін екені, бұл олардың денсаулығын нашарлатып, өмірін қысқартатыны да ескертіледі екен. Жыныс ауыстыру отасы 5-6 сағат көлемінде жасалады, одан кейін науқас ауруханада жатып, ұзақ уақыт бойы оңалтудан өтеді. – Ер адамнан әйелге айналу үшін миллионнан бір жарым миллионға дейін қаражат кетеді. Әйелден ер адамға айналу қымбатырақ, үш миллион теңгеге дейін жетеді. Оған фаллопластиканың әртүрлі болуы себеп. Дәрігерлер мұны диагноз ретінде, табиғаттың қателігі деп қарастырамыз. Егер біздің алдымыздағы пациент төлқұжат бойынша ер адам, бірақ жан дүниесі әйелдікі болса, біз қатені түзетіп, оған бақыт сыйлаймыз, – дейді хирург.Психологиялық ауытқудың әсері бар ма?
Әлем бойынша жыныс ауыстыру операциясы алғаш рет 1931 жылы Эйнар Вегенер есімді даниялық суретшіге жасалған екен. Бір қызығы, әлем елдері ХХ ғасырдың басында өзінің әу бастағы жаратылысын «қателік» деп танып, жынысын ауыстырғысы келетіндерге бірден «шизофрения» деген диагноз қойып, оларды өмір бойы психиатриялық ауруханада қамап ұстаған екен. Біз де осы тақырыпқа жеке тоқталамыз. Жалпы, ислам дінінде жынысын өзгертудің үкімі біреу – «харам саналады». Мұны еліміздегі Діни басқарма да қостап отыр. Ал біз жүгінген психолог Ержан Мырзабеков те жынысын ауыстыруға ниеттенген жандардың психикалық ауытқуы болуы мүмкін екенін жеткізді. – Ұл бала кішкентай кезінде өте доминатты әйелден қысым көретін болса, мысалы анасынан қатты қысым көрсе, жалпы әйелдерден көңілі қалады. Есейген кезде әйелдерден қорқуы да мүмкін. Бұл – бір. Одан бөлек, бала кезінде жыныстық қысымға немесе зорлауға ұшыраған болса, санаға психологиялық соққы тиеді. Көбіне осы фактор келешекте қоғамға жат әрекеттерге баруға итермелейді, – дейді ол. Бұдан өзге жыныс ауыстырғысы келетіндерді екі топқа бөлуге болады. Алғашқысы – ананың құрсағында жатқаннан физиологиялық бұзылысқа ұшырағандар, екіншісі – жаратылысынан қос жынысты болып туғандар, яғни гермафродиттер. Соңғы жағдайында жынысын ауыстыруға шариғат заңы да қарсы болмайды. Қазіргі кезде дүниежүзінде жынысын ауыстыру рейтингісі бойынша Тайланд пен Иран көш бастап тұр. Аталған елдерде жылына кем дегенде 500-ден астам адам жыныс өзгертеді. Түйіндей келе айтарымыз, бұл мәселені оң не теріске шығара алмаймыз. Әркімнің өз таңдауы, өз өмірі. Себебі кей адамның тумысынан бойында ақау болса, оған не демек керек? Алайда жыныс ауыстыру «еріккеннің ермегіне айналған» тенденция ұласпаса игі.Мадияр ТӨЛЕУ