Халықтың тапқаны тамақтан артылмайды. 2020 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан тұрғындары жалақысының жартысынан астамын азық-түлік сатып алуға жұмсапты. Сарапшылардың пікірінше, бұл жақсылықтың белгісі емес. Өйткені дамыған елдерде азық-түлік қоржынына кететін қаржы көлемі табыстың 10 пайызынан аспайды.
Мемлекеттің әлеуеті халықтың әл-ауқатымен өлшенеді. Қанша жерден жалпы ішкі өнімді өсірейік, дүниедегі игі жақсылардың басын қосайық, жаңадан қала салайық, бірақ ел-жұрт ішер асқа, киер киімге жарымай отырса, бәрі бекер. Wordatlas.com сайтының мәліметіне сүйенсек, азық-түлікке ақша жарату көрсеткіші Люксембургте – 8,4 пайыз, АҚШ-та – 9,5 пайыз, Нидерландта – 10,6 пайыз, Ұлыбританияда – 10,6 пайыз, Ирландияда 11,5 пайыз екен. Қазақстан бұл тізімге енбек түгіл есігінен сығалайтын да жағдайда емес. Біздің орын рейтингтің төменгі жағында. Нигерия (58,9 пайыз), Кения (52,2 пайыз), Камерун (45,5 пайыз), Филиппинмен (41,9 пайыз) қатар тұрмыз.
Қазақстандықтар орташа есеппен табысының 53,2 пайызын тамаққа жұмсайды. Оның ішінде азық-түлікке ең аз ақша бөлетін аймақ Нұр-Сұлтан қаласы екен. Елорда тұрғындары еңбекақысының 44,3 пайызын ас-ауқатқа жұмсаған. Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстары да осы шамада: 45,3 және 45,5 пайыз. Ал Түркістан (65,6 пайыз), Маңғыстау (62,5 пайыз), Атырау (61,5 пайыз) облыстары ең нашар көрсеткішпен көш соңында қалыпты. «Бұл фактор халыққа қаражат жинақтауға, бизнеске ақша салуға және қаржы құралдарына инвестиция құюға мүмкіндік бермейді», – дейді мамандар.
– Немістің Энгель деген ғалымы өткен. Экономикада «Энгель заңы» деп аталатын тұжырым бар. Ол заң бойынша, халықтың жалақысы азайған сайын азық-түлік шығындары арта түседі. Керісінше, жалақысы ұлғайған сайын азық-түлік шығындары кемиді де, демалуға, өз-өзін дамытуға бөлетін шығындары көбейеді. Дамыған елдер табысының 10 пайызға жетпейтін бөлігін ғана азық-түлікке жұмсайды, 20 пайызынан аспайтын көлемде несие алады, 20 пайызын қорға жинақтайды, қалған 50 пайызын толығымен өзін жетілдіруге инвестициялайды, спортпен шұғылданады, өнерге ден қояды. Қазіргі таңда қазақстандықтар табысының жартысынан көбін тамаққа жаратады. Қомақты бөлігімен несие төлейді. Сонда олар қалай демалады, қалай көңіл көтереді, қалай дамиды, баспананың бастапқы жарнасына 20 пайызды қайдан табады? Бала-шағаны бағып-қағу, оқытып-тоқыту, жол кіресі, шаштараз, т.б. шығындардың бәрін қосқанда, жалақы түкке татымай қалады, – дейді GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы Мақсат Халық.
Экономист негізгі себеп ретінде еңбекақының аздығын алға тартады. Мысалы, 2012-2013 жылдары халықтың табысы орташадан жоғары болды. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 600 долларға жетті. Дәл сол жылдары Ресейде ЖІӨ 12 800 доллар еді.
– Сол кезде орыстар қатты қызғанды. «Біздің ініміз саналатын қазақтар бізден қалайша озып кетті? Бұлар Сингапур үлгісінде экономикасын дамытпақшы екен!» деп күндеді. Сөйтсек, ол да бірер жылдық уақытша құбылыс екен, – дейді Мақсат Халық.
Одан кейін теңгені еркін айналымға жібердік. Қазынамыз ортайды. ЖІӨ 7 мың долларға дейін екі есе құлдырады. Азаматтардың қолындағы ақша құнсызданды. Бағалар көз алдымызда өзгерді. Ал халықтың ең төменгі жалақысына, ең төменгі күнкөріс деңгейіне индексация жасалған жоқ. Жалақы бәз-баяғы қалпында қалды. Осының бәрі соңғы бір-екі жылдағы әлеуметтік шиеленіске, көпбалалы аналардың шырылдауына әкеп соқты.
– Былтыр Үкімет ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеге өсірді, 2020 жылы осы мөлшерде болды, 2021 жылы да өзгермейді. Азық-түлік бағасы шарықтап, инфляция қысып барады. Негізі, кем дегенде 10 пайыз көбейтуі керек еді. Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 32 мың теңге. Ол ақшаға адамдардың қалай күн көретінін ешкім нақты есептеген жоқ. БҰҰ ережесіне сәйкес, күніне 5,5 доллардан табысы төмен адам кедейлер санатына жатады. Сол 5,5 долларды ұлттық валютамызға шағып, бір айға көбейтсек, 60 мың теңге шығады. Яғни, ең төменгі күнкөріс деңгейі 60 мыңның үстінде болуы тиіс. Ең төменгі жалақы 70 мыңнан асуы қажет. Халықтың орташа табысы 207 мың деп жүрміз. Дұрыс-ақ. Бірақ Еуропада көп қолданылатын медианалық жалақы әдісімен есептесек, тұрғындардың басым көпшілігі 100 мың теңге жалақыны місе тұтуға мәжбүр екен, – дейді Мақсат Халық.
Әдетте мешеу мемлекеттер деп өзімізше менсінбейтін Нигерия, Кения, Камерундардан қара үзе алмағанымыздың өзі біздегі ең төменгі күнкөріс шегі, кедейлер саны, жұмыспен қамту нәтижесі дұрыс есептелмей жатқанын айғақтайды. Демек, бұған Үкімет ерекше назар аударғаны абзал. Осы орайда, экономист Рашид Жақсылықов мемлекеттік деңгейде шұғыл шешім қабылдап, экономикалық саясатты толық өзгертуді қолдайды.
– Халықтың жағдайы жақсы деп ауыз толтырып айту үшін азық-түлік шығыны табыстың 30 пайызынан аспауы керек. 30 пайыздан жоғары болса, халқының тұрмысы нашар саналады. Бұл – экономикада бекітілген формула. Ал мына 53,2 пайыз деген статистика экономиканың кері кеткенін, халықтың әл-ауқаты әлсіз екенін аңғартады. Біз өз бетімізбен арнайы талдау жүргізіп, тамаққа жұмсалатын шығын көлемі 70 пайызға жеткен деп қорытқанбыз. 42 500 теңгемен бір айда қалай жан бағуға болады? Оның ішінде коммуналдық қызметің, тамағың, баланың мектебі бар. Тіпті, жұмысқа барып-келуіңе, жол кіреңе сол қаражат жете ме? Халықтың 90 пайызынан астамы несиеге күнелтеді. Бұл – қатерлі көрсеткіш. Жаңағы Люксембург, АҚШ-тардың деңгейі біз 25-30 жылда жете қоятын меже емес. 53 пайызды 30 пайызға азайта алсақ та жаман болмас еді. Адамға өмір бір-ақ рет берілген соң оны қызықты, бақуатты өткізгенге не жетсін. Амал қанша, халықта ондай мүмкіндік жоқ, – деп қынжылады сарапшы.
Ішкі нарықта отандық өнім үлесі 27-28 пайыздан ары аспай тұр. Халық тұтынатын өнімді өзіміз өндірмей, шетелден тасимыз. Сондықтан да мұнай арзандап, теңге құлдыраған қиын-қыстау кезеңдерде импорттық тауарлар міндетті түрде қымбаттайды. Әрбір экономикалық стресс халықтың қалтасын жұқарта түседі.
– Індеттің бірінші толқынында біз не байқадық? Қытаймен шекара жабылса, шетелмен байланыс үзілсе, дәрі-дәрмексіз, азық-түліксіз қалатынымызды байқадық. Magnum супермаркеттер желісінің басшысымен сөйлескенмін. Ол тауардың 87 пайызын сырттан әкелеміз деп отыр. Сұмдық қой, – дейді Рашид Жақсылықов.
Статистика комитетінің дерегіне сенсек, биылғы 11 айда азық-түлік тауарлары – 9,6 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,1 пайыз, ақылы қызметтер 3,8 пайыз қымбаттаған. Бір нәрсе анық: адам баласы артық әшекейден бас тартып, үйін жөндемей, киімін жаңаламай, кендірді жіпке жалғап күнелтуге шыдайды. Бірақ тамақтан ешқашан бас тарта алмайды. Ешкімнің аштан өлгісі келмейді.