«Буранның жыры»: ескі техника кімге керек?
«Буранның жыры»: ескі техника кімге керек?
216
оқылды

Өткен  айда  «Роскосмос» агент­тігінің  директоры Д.Рогозин  аяқ ас­тынан  КСРО кезінде жасалған «Бу­ран» ғарыш кемесіне іздеу сала қал­ғаны бар. Дәлірек айтқанда,  іске жа­рамды «Бурандардың» бірі Қа­зақстанда және жеке азаматтың  ие­­лігінде екенін атап өткен еді. Сөй­тіп, ғарыш ке­мелерінің бірі  шынын­да да Қазақ­станда екені бел­гілі болды. 

Әрине,  Д.Рогозиннің   іске жарамайтын  техниканы неге іздей қалғанының сырын білмейміз.  Әлеуметтік желілерде тым белсенділік танытатын  ресейлік шенеунік  «Буранның» ғарышқа ұшқан күні – 15 қарашада  әйгілі техниканы  еске алғысы келді ме,  әйтеуір Тwitter-де  елді  елең еткізген. Сөйтіп,  біз Ресей шенеунігінің арқасында елімізде «Байқоңыр» ЗҒК» АҚ деген компания барын, оның акция­ларының  80 пайызын Дәурен Мұса деген кә­сіп­кер иелік ететінін, ал  қалған 20 па­йызын «Инфракос» РМК  еншілегенін біл­дік. Ал әлгі  «Бурандардың» бірін дәл осы «РКК «Байқоңыр»  АҚ  жеке меншігіне алып­ты. Кәсіпкер Д.Мұса Д.Рогозиннің Тwitter-дегі «Буранды» сатып алғысы кел­генін, бірақ иесі кім екенін таппағаны жай­лы жазбасына «Буран 1.02 және ПМ «ОК-МТ-0.07»  ғарыш кемелері жеке адам­ның емес,  «Байқоңыр» ЗҒК» АҚ  иелегінде. Біз  бұл зымырандар  мен  ғарыш  кәсіп­орын­дарының сақталып қалуы үшін мол қаржы жұмсадық. Бұл – біздің ортақ та­рихымыз» деп жауап берген еді.

Олар бесеу еді...

КСРО   ғарыш саласы  үшін болған жарыста АҚШ  спейсшаттлдарына жауап ретінде «Буран»  кемесін  алға тартқаны айтылады. Дегенмен жобалау жұмыстары өткен ғасырдың 70-жылдарының соңында басталса керек. Сөйтіп,  бір ғана  ғарыш кемесі ұшқан ірі жобаға КСРО 14 млрд рубль жұмсаған. Бұл дегеніңіз  шамамен соншама доллар  деген сөз. Әлбетте  мұндай қымбат жоба өзін-өзі ақтамасы белгілі. Содан да шығар, «Буран» ғарышқа бір-ақ рет ұшты. 1988 жылы. Ал  мұндай  ғарыш кемелерінің біреуі толық жасалып, ғарышқа ұшып келді, біреуі 90 пайыз дайын болған, тағы біреуін инженерлер 50 пайыз  шамасында ғана даяр қылды. Әдетте 5 дана болғаны айтылатын ғарыш кемелерінің қалған екеуі Тушинский машина жасау за­уытының ауласынан шықпаған. Ға­рышқа ұшқан «Буран» 2002 жылы Бай­қоңырда  қирап қалды. Ғарыш кемесінің қирауына мон­таждау-сынақ корпусы төбесінің құлауы себеп болған еді. Ал екінші «Буран»  сөз басында айтылған «Байқоңыр» ЗҒК» АҚ  иелігінде.  Үшіншісі  музей ретінде Мәскеудегі  Жуковский әуежайында тұр.  Бірақ оның қозғалтқышы  ғарыш кемесіне арналмаған деседі. Төр­тінші және бесінші «Бурандар» зауытта қал­ған. Біреуі қирады, біреуін зауыт ма­ман­дары бөлшектеп тастады. Ал макет­тер саны 10 еді. Сол макеттердің бірі Қазақ­стан­да  қалған. Оның да иесі Д.Мұсаның  компаниясы болса керек.

Миллиардтар жұмсалған техниканың құны жоқ

Сөз басында  Д.Рогозиннің  неге «Бу­ран­дарды» іздей қалғанын түсінбей­тінімізді айтқанбыз.  Тек оның жазған­дарынан ұққанымыз  «Роскосмос» бас­шысы  бұл техниканы сатып алғысы келген тәрізді.  Ал миллиардтар  жұмсалған  тех­ни­каның құны қанша дейсіз бе? Айтайық. Қазір «Бурандарды» бірнеше   миллион теңгеге сатып алуға болатын сияқты. Өйт­кені «Байқоңыр»  ЗҒК» АҚ-ның  қаржылық құжаттарында «Буран» макетінің ба­ғасы  2014 жылы  1,3 млн теңге,  ал ұшуға 90 пайыз дайын болған, әрі әзірге «сақ­талды» дейтін 1.02 нөмірді  «Буран»  1 млн 352 мың теңге болып көрсетілген. Бағаны тәуелсіз бағалаушылар белгілеген екен. Бірақ неге екенін қайдам, осынау  түкке жарамайтын, іріп-шіріген техниканы ре­сей­лік шенеунік  сатып алғысы келетінін  мәлімдеп,  «Бурандарға»  қатысты біраз сырдың бетін ашып берген жайы бар. Яғни,  Д.Рогозиннің мәлімдемесінен кейін Үкіметтің «Байқоңыр» ЗҒК» АҚ-нан ға­рыш техникаларын  қайтарып алуға  тал­пынғаны белгілі болды. 2019 жылдан бері Мемлекеттік  мүлік және  жекешелендіру комитеті компаниямен соттасып келеді. Комитет  акционерлік қоғамның иелігіне өтіп кеткен  мүлікті қайтарып алмақ бо­лып, соттаса бастаған. Сөйтіп, Дәурен Мұса, Инколай Коваленко, Владимир Ши­ринді айыптап, сотқа арыз  түсіріпті. Со­ны­мен бірге ғарыш кемелерінің  жеке­меншікке өтіп кетуіне «үлес қосқан» ре­сейлік «С.Королев атындағы  «Энергия» ЗҒК» және «Инфракос» РМК  ком­паниялары да  жауапкерлердің қатарында екен. Әрине, кезінде мемлекеттің иелігінде болған мүлікті   қайтарып алған жақсы. Оның өзінде техниканың игілігін көріп,  пай­далану үшін қайтарып алғанның ар­тықтығы жоқ. Бірақ  2014 жылы 1,5 млн  тең­геге жетпейтін құны бар деп есептелген мү­ліктің мемлекетке қандай пайдасы бар? Сот­тасуға кететін шығындардың өзі  сол со­маға жақындап қалуы мүмкін ғой. Әй­теуір «қызық сот» өтіп жатыр.

Сөйтіп, бір ғана ғарыш кемесі ұшқан ірі жобаға КСРО 14 млрд рубль жұмсаған. Бұл дегеніңіз шамамен соншама доллар деген сөз. Әлбетте мұндай қымбат жоба өзін-өзі ақтамасы белгілі. Содан да шығар, «Буран» ғарышқа бір-ақ рет ұшты. 1988 жылы.

Ал әу баста «Бурандар» да, «Энергия» зымыран тасығышының блоктары да қымбат болыпты. Әрі алғашқы «сауда» 1997 жылы басталса керек. Сол жылы Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Аэлита» кәсіп­орны құрылды. Кейін ол  «Байқоңыр» ЗҒК» АҚ-ына айналды.  «Аэлита» кәсіп­орнына «Инфракос» РМК»   құрыл­тайшы ретінде қатысқан. Сөйтіп,  «Инфракос» РМК»  ның біріккен кәсіпорынға қосқан сәтінде мүлкі  14,8 млрд теңгеге бағалағанды. «Инфракос» «Аэлита» компаниясына «Энергия» зымыран тасығышының «А» бүйір блок­тарының 14 данасын ұсын ыпты. Бірақ бұл блоктар 2002 жылы құрылыс құлағанда қирап қалды. Одан бөлек, «Аэлита» біріккен кәсіпорнына құрылтайшы мүлкі ретінде «Буранның» өзі мен макеті, Байқоңырдағы бірқатар ғимараттар берілген.  Енді соны Үкімет даулап жүр.  Ал  «Байқоңыр» ЗҒК» АҚ-ның  техникаларды қан­шаға бағалағанын айттық.

Байқоңыр  шынымен жабық қала ма?

«Бурандарға» қатысты әңгіменің  жұрт көзіне түсе бермеген тағы бір қыры бар. Ол – тиісті құрылымдардың салғырт-са­лақтығы. Әрине, техниканы даулаушылар өз уәждерін айтып, тиісті құнын белгілей жатар. Өйткені сот әлі аяқталған жоқ. Бірақ Байқоңырдағы нысандарға adventure bloge  немесе  шытырманға толы блог жүр­гізетіндердің  еркін кіріп-шығатыны біздің назарымызға ілікті. YouTube-те Exploring the Unbeaten Path дейтін арна бар. Бұл арнаны  жүргізетіндер бастарын қауіп-қатерге тігіп, ерекше қорғаудағы нысан­дарды, қиын жерлерді аралап, видео тү­сіреді. Осы топ 2017 жылдың 7 шілдесінде Байқоңырда түсірілген видео жариялады.  Онда  қызық қуғандар  арнайы қорғалуы тиіс аймаққа кіріп, «Бурандар» тұрған ангардың ішін аралайды. Видеода екі «Бу­ранның» тұрғанын көре аласыз. Демек, олардың  бірі 1.02 немесе 2К1 деп тіркелген «Буранның» өзі болса, екіншісі макет деген сөз. Видеоны мұқият қараған адам  техни­калардың әбден тозғанына көз жеткізеді. Олар енді  мүлдем іске жарамайтыны анық. Ал «Байқоңыр» ЗҒК» АҚ  бұл  техникаларды күтіп-баптауға қаржы құйыпты-мыс. Мем­лекет болса, компаниядан осы ескі-құсқы тех­никалар мен ғимараттарды қайтарып ал­ғысы келеді. Одан  бөлек,  видеоны көрген адам  еліміздегі КСРО-дан қалған көптеген мүлік  сияқты Байқоңырдағы ғарыш нысандарының да күтімі нашар екенін көре алады. Айлақты жалға алған көрші мемлекет  ғарыш зымыран­дары ұшырылып жатқан ұшыру алаңдарының ғана жай-күйіне назар ау­дарып отырған сияқты. Өзге алаңдардың жайын білмейміз.  Әрі  арнайы аймақтардағы күзеттің деңгейін де аталған  блогерлер көрсетіп берді. Егер Exploring the Unbeaten Path арнасының блогерлері арнайы  рұқсат алмай  Байқоңырға кіріп, «Бурандарды» видеоға түсірген болса, онда  елдің қауіп­сіздігіне  жауапты  құрылымдардың да, ай­лақты жалға алған одақтас мемлекеттің тиісті бөлімшелерінің де жұмысы сын  көтермейді деген сөз.  Өйткені Байқоңыр  стратегиялық аймақ. Оның қорғалуында кемшілік кетпеу керек еді.

Ардақ СҰЛТАН