Алматының дамуы тежелген жоқ
Алматының дамуы тежелген жоқ
284
оқылды

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы Президент жанындағы ОКҚ-да брифинг өткізді.

«Мемлекет басшысы әлеумет­тік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындары мен халықтың табысын сақтап қалу мақсатында пандемияны жеңіп шығу және дағ­дарысқа қарсы шаралар бойынша нақты міндеттер қойды. Сондықтан ел Президентінің Жолдауын орын­дау үшін Алматы қаласы әкімдігінің 2020 жылғы басты міндеті – қала тұр­ғындарын коронавирус пан­демиясынан қорғау және әлеумет­тік-экономикалық тұрақтылық болды», – деді Алматы қаласы әкімі. Шаһар басшысы пандемия басталғаннан бері қалада індет жұқтырудың 16 534 жағдайы (100 мың тұрғынға есептегенде 828,13), сондай-ақ этиологиясы анықтал­маған пневмонияның 1 200 жағ­дайы тіркелгенін айтты. Оның 14 960-ы немесе 90,4%-ы жазылып шықты. Коронавирустан қайтыс болғандар саны – 331 адам (2%). Биыл COVID-19-ға қарсы кү­рес үшін Алматыға республикалық (21,6 млрд теңге) және жергілікті (89,4 млрд теңге) бюджеттен бар­лығы 100 млрд теңгеден астам қа­ражат бөлінді. Қала әкімінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, шаһар тұрғын­дарының жұмыс орны мен кіріс­терін сақтау мақсатында қала эко­­номикасының төмендеуін бол­­дыр­мау бойынша шара қабыл­данған. Өнеркәсіп, байланыс, құрылыс салаларында эко­номикалық өсім сақталған. Мыса­лы, өнеркәсіп – 4,3%-ға, құрылыс – 11,8%-ға, пайдалануға берілетін баспана көлемі – 3,6%-ға, бай­ланыс қызметтері 8%-ға өсті. 2020 жылы мегаполистің негізгі ка­питалына 719,2 млрд теңге инвес­тицияланды, оның басым бөлігі жеке инвесторлардың қаражаты. Шаһарда көпбалалы аналарға қолдау көрсету үшін өңірлік «Бақытты отбасы» орталық­тарының базасында «Іскер Ана» бағдарламасы іске асырылуда. Мұнда оларды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытады. Көпбалалы отбасылардан 888 адам 555 мың теңгеге дейін грант алды. Сонымен қатар 406 млн теңге сомасына 203 көпбалалы ана 5 млн теңгеге дейінгі грантты иеленді. «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы жобасы іске қосылды. Сондай-ақ мүгедек жандарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру мақсатында алғаш рет Ten Qogam әлеуметтік қолдау орталығы ашылды. Журналистердің сұрағына жауап беру барысында Алматы қала­сының әкімі Бақытжан Са­ғынтаев бірнеше жылдан бері қаралып келе жатқан иесіз электр желілері мәселесін шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар ту­ралы айтты. 2019 жылы 6 аудандағы иесіз электр желілерінің 170 нысаны қала­ның коммуналдық меншігіне алынған еді. Бүгінде қаланың 7 ау­данында иесіз инженерлік желі­лердің 450 нысаны анықталды. Оларға қатысты одан әрі қызмет көрсету үшін қаланың комму­налдық меншігіне беру туралы соттың оң шешімі бар. Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен 129 электр желісі «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ға тегін берілді. Алматылықтар үшін басты мәселенің бірі – экология. ЖЭО-2-ні жаңартуға байланысты ұзақ жылдардан бері айтылып келе жатқан мәселеге қатысты орта­лықты толығымен газға көшіру туралы оң шешім қабылданды. Экологияға байланысты екінші маңызды мәселе – жеке секторды газбен қамтамасыз ету. Өткен жылы қала тұрғындарының  99%-ын газбен қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Бүгінде 1 840 үй газға қосылмаған. Жасыл қорды ұлғайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 1 млн ағаш отырғызу бойынша 3 жылдық «Жасыл Алматы» қалалық бағдарламасы қабыл­данды. Өткен жылы 130 мың көшет, биыл 250 мың жасыл желек отырғызылды. Таяуда Sulpak сауда орталығы маңынан бір түнде 13 ағаштың оталып, қала белсенділерінің нара­зылығын тудырғанынан көпшілік хабардар. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, Алматы қаласы әкіміне қалада ағаштардың заңсыз оталуына байланысты қызметтік тексеруді тапсырған болатын. Қала әкімі Б.Сағынтаев: «Әкімшілік, жал­пы халық қаланы көгал­дандырып, Алматыны бұрынғы жа­сыл қала атағына қайта келтіру жұмыс­тары жүргізіліп жатқан кезде кейбір жауапсыз кәсіпкер­лердің түнделетіп ағаштарды отап жатқаны әкімшілік қызметкерлерін ғана емес, жалпы елдегі азамат­тар­дың бәрінің ашу-ызасын тудырды. Бұл, әрине қынжылатындай жағ­дай. Әкімдіктің ұстанымы – аза­мат­тық қоғамның белсенді қа­тысуы­мен мегаполистің эко­логиялық проблемаларын бірлесе шешу. Біз бұл бағытта бірге жұмыс істейтін боламыз» деп тоқталып өтті. Қала әкімі брифингінде, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы, азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету және бағаның өсуін тежеу, мектептер мен бала­бақшалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу, қаланы жа­рықтандыру жайы да сөз болды.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ