Өзбекстанда Қазақстан медицинасының күндері басталды
Өзбекстанда Қазақстан медицинасының күндері басталды
132
оқылды

Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Ташкентте Өзбекстандағы Қазақстан медицинасының күндері басталды. Екі күндік шараға еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған 70-тен астам делегат, Үкімет өкілдері қатысып жатыр, – деп хабарлайды «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының» баспасөз қызметі.

Шараның басты мақсаты — Өзбекстан мен Қазақстан денсаулық сақтау жүйелері арасындағы ынтымақтастықты күшейту, медициналық ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайту, инновациялар мен технологиялармен алмасу.

Форумның пленарлық мәжілісінде Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева «Қазақстандағы Педиатрия — мүмкіндіктері мен келешегі» тақырыбында баяндама жасады.

Іс-шараның бірінші күні форум және қазақстандық медицина жетістіктерінің көрмесі өтеді. Форум барысында Қазақстандағы медицина саласындағы реформалар, практикалық медицинада қолданылатын инновациялар мен озық технологиялар таныстырылып, отандық медицинаның мүмкіндіктері мен жетістіктері баяндалатын презентациялар жасалынатын болады. Диалогтық алаңда медициналық туризмді дамыту, онкологиядағы заманауи ядролық технологияларды қолдану, ана мен бала денсаулығын сақтау, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру және т.б. медицинадағы өзекті мәселелер талқыланады.

Форум аясында ұйымдастырылатын медициналық көрмеде Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы реформалары мен медицинадағы жаңа технологиялары таныстырылады.

педиатрия 111.jpeg
Описание изображения

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жетекші мамандары шеберлік сабақтарын өткізіп, Өзбекстан азаматтарына тегін медициналық кеңес берді. Орталық делегаттары кеше, 20 қараша күні Ташкентке келіп, бірден Гематология және қан құю орталығындағы әріптестерімен кездесті. Орталықтың дәрігерлері мен Өзбекстанның аймақтық мамандары үшін арнайы сүйек кемігін трансплантациялау нәтижелері туралы баяндама жасап, Педиатрия орталығының қызметімен таныстырды.

Кездесу барысында Педиатрия орталығының дәрігерлері гематология және онкогематология бөлімімен танысып, ауыр жағдайда жатқан балаларды қарап, кеңестерін берді.