Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық және еріктілер ұйымдарына жеңілдікпен несие беру мәселесін пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Үкімет қайырымдылық ұйымдарына алғашқы жылдары жеңілдікпен несие беру жайын қарастыруы тиіс. Соның арқасында жаңадан құрылған қайырымдылық ұйымдары аяққа тұрып, өз қызметін дамыта алады. Бұдан бөлек, мемлекет меншігіне кіретін нысандарды пайдалану кезінде де жеңілдік беру мәселесі пысықталады.
"Жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылық пен волонтерлік жобаларға қатысуын жанама түрде ынталандыру, соның ішінде мемлекеттік қолдау кезінде басымдық құқығын беру сияқты тиімді тетіктерді енгізу маңызды", - деді Тоқаев Волонтер жылының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар Президент Үкіметке мемлекет және бизнес тарапынан осындай ұйымдарға қаржылай және қаржылай емес көмекті барынша кеңейтуге қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.