COPY-PASTE-қа қарсы күреспек
COPY-PASTE-қа қарсы күреспек
203
оқылды

Қазақстанда студенттер курстық жұмыстан бастап дипломға дейін өзгеден көшіріп ала береді. Енді ЖОО-лар онлайнға көшкенде бұл тіпті өршіді. Сондықтан сессия барысында студенттердің барлық жазбаша жұмысы плагиатқа тексерілмек.

ЖОО-лар күзгі семестрге, сы­нақ-емтихандарға дайындалуда. Білім сапасын сақтау мақсатында БҒМ шектеу шаралары кезеңінде университет-академиялардың оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсыным әзірлепті. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте министрліктің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орын­басары Бану Нарбекова хабарлады. Оның айтуынша, әдістемелік ұсынымдарға сәйкес, ЖОО-лар аралық және қорытынды ат­тестаттау рәсімдерінің бәрін прок­торинг жүйесімен қамтуы, сондай-ақ студенттердің барлық жазбаша жұмысын плагиатқа қарсы арнайы жүйелер арқылы тексеруі тиіс. «Прокторингтің бірнеше түрі бар: автопрокторинг, жазбаша және синхронды. Бұл жүйелер әртүрлі функцияларға ие, соның ішінде тану, сәйкестендіру, көз қозғалысын талдау, айналадағы шу деңгейін анықтау, сынақ тапсырушы отыр­ған бөлмені 360 градус режимінде бейнежазбаға жазу» деп түсіндірді Б.Нарбекова. Әйтпесе студенттің жанында, компьютердің ту сыртында білгір біреу отырып, сынақ тап­сы­рушыға көмектесуі мүмкін. Елі­мізде 99 ЖОО-да прокторинг жүйесі орна­тылған. 113-де басқа авторлардың мәтінінен алын­ғанын анықтайтын Plagiat.pl, Strikeplagiarism.com, Turnitin және Unihub плагиатқа қарсы жүйелер жұмыс істейді. «Прокторинг – бұл қашықта болған кезде студентті бақылауға мүмкіндік беретін электронды жүйе. Яғни, оның компьютері бақылауға алынады, студенттің кө­шірмей, өзі тапсырып отырғаны анық көрінеді. Себебі қазіргі сту­дент – болашақ маман. Егер лайық­ты білім алмаған, лайықты оқы­маған мамандарды даярласақ, ертең олар бізді қате емдейді, судья болып, теріс төрелік айтады, күн­делікті мемлекеттік және бас­қа да қызметтерді сапасыз ұсынады», – деді Қазақ гума­нитарлық заң уни­верситетінің ректоры Талғат Нәрікбаев.

Ерік ЕРДЕНОВ