Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Бес бойдаққа бір той» спектаклі қойылды. Араға бес жыл салған үзілістен кейін көрерменге қайта жол тартқан спектакльді көпшілік расында сағынып-ақ қалған екен. Лық толы зал мен қайта-қайта қол соғып, ризашылығын білдірген қалың көрерменнің бал-бұл жанған жүзінен мұны аңғару қиын емес еді.
Өнерсүйер қауымға спектакльдің аты да, заты да таныс. Өйткені көрнекті жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір той» комедиясы бұрын да қойылған, көпшіліктің көңілінен шыққан. Былай қарасаң көрермен күлкіге қарқ болып, көңіл көтеріп қайтатын жеңіл спектакль сияқты. Спектакльдің ұтымдылығы – астарлы әзіл, қалжың арқылы көрерменді ойландыратынында. Қырманбай образы арқылы ата-ананың қадірін бұрынғыдан да ұғынып, өзін кейінге ысырып қойып, ұл-қызын бірінші орынға шығаратын қазақы мінезді байқайсың.
– Бұл – көрерменнің көңілінен шыққан спектакльдің бірі. Жиырма үш жыл бойы аншлагпен қойылу оңай дүние емес. Сол кездері бір кісінің қойылымға жиі келетінін байқадым. Реті келгенде себебін сұрап едім, «Бұл спектакльге 20 рет келдім. Әке-шешемді, бауырларымды сағынғанда осы спектакльге келем. Мынау тура біздің ауламыз» деп жауап берген болатын. Мұнда отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қайырымдылығы, еркелігі, назы – бәрі бар. Қазақы мінезге жақын дүние. Сценарийге, декорацияға көп өзгеріс жасалған жоқ. Өйткені бұл спектакльге келген адам өзінің ауылын, өскен ортасын іздейді. Бұрын қойылған кезінде декорацияларымыз тозып кеткен соң үйді заманауи үлгідегі коттедж сияқты етіп жасағанбыз. «Үйлерің коттедж боп кетіпті ғой» деген көрермендер болды. Сол себепті үйді бұрынғы күйінде қалдырдық. Спектакльді дайындауға бір айдай уақыт кетті. Жастарды ұлттық қалжыңға, қазақы мінезге үйретуімізге тура келді. Бекжан Тұрыс Қырманбай ақсақалдың рөлін 26 жасында ойнады. Ол кездері театрымыздың біраз ақсақалы бар болатын. Рөлді соларға бермей, «шалды «ойнайтын», образ іздейтін адам керек» деп шештім. Сол себепті бұл рөлге Бекжан таңдалған болатын. Бұл Бекжанның театрдағы шоқтығы биік рөлінің бірі деп айта аламын. Бұрын Қазақстанның халық артисі Нүкетай Мышбаева, Жұмағали Маханов ойнайтын. Бұл жолы тәжірибе жинап үлгерген орта буын актрисалар Гүлшат Тұтова, Күнсұлу Шаяхметова ойнайды. Қалғаны кейінгі толқын жас актерлер, – дейді спектакльдің қоюшы режиссері әрі өлеңдерінің авторы Әбубәкір Рахимов.
Спектакльде жер ортасынан асқанда кемпірі дүние салып, аяқтанбаған ұл-қыздарын ойлап қамығатын, солардың ертеңгі күніне алаңдайтын Қырманбай ақсақал мен оның барынша әкесінің көңілінен шығуға тырысатын ұл-қыздарының бейнесі сомдалады. Қойылымда әдемі ән де, қазақы қалжың да бар.
Қазір қазақта той көп. Кейінгі кезде қазақ тойына реформа жасалуы керек деген сыни пікірлерді жиі естиміз. Бізге «Қырманбайдың тойы» сияқты көңілді әрі ойландыратын той керек. Сондықтан ойланам десең, қызыққа батам десең «Қырманбайдың тойына» келіңіз!