Келесі жылы Қазақстанда әкімдердің өкілеттігін алатын, БЖЗҚ-ның байлығына иелік ететін, даму институты мәртебесін иемденетін, тұтас салаларға жауапты алпауыт құрылым пайда болады. Оған басшылық ету әр шенеуніктің арманына айналады. Себебі осы ұйымға жүздеген миллиард қаражат құйылғалы тұр. Әңгіме – «Отбасы банкі» жайында.
Бұл құрылымның дүниеге келетінін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2020 жылғы 11 мамырда Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның соңғы отырысында жария етті. Ол қолжетімді тұрғын үй құрылысы «экономиканы дамытудың, жұртты жұмыспен қамтудың, әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызды факторы» болуы тиістігін қадап айтты. Мемлекет басшысы «жетімбұрыш» жағалаған адамдардың мәселесін шешу үшін Үкіметке жыл соңына дейін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ негізінде толыққанды даму және қолдау көрсету бағытындағы «Отбасы банкін» құру туралы тапсырма берді. Қ.Тоқаев жаңа құрылым тұрғын үй есебін, кезекке қою және үй беру тәртібін бір орталықтан жүзеге асыратынын мәлімдеді. Сарапшылар осы президенттік тапсырманың қашан және қалай орындалатынын білгісі келіп, асыға күткен. Міне, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Отбасы банкіне» қатысты тұжырымдаманы жария етті.Қозғалмас кезек көз жасты елемейді
Сарапшылар өзгенің бұрышына телмірген, өмірі өзгеге тәуелді болған адамдарды баспанамен қамтудың қолданыстағы жүйесі ел сенімінен айырылғанына назар аудартады. Ол қарапайым халықтың наразылығын өршітуде. Мысалы, көпбалалы, соның ішінде екі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отағасы Серік Сарбасов 2007 жылдың қаңтарынан кезекте тұрғанын жеткізді. Тұңғышы 20 жасқа да жетіп қалыпты. Шымкент қаласының тұрғыны, 22 жасар жалғызбасты ана Лаура Қасымова жетімдер санаты бойынша баспанамен қамтылуы керек еді: «Әкімдікте 2014 жылдан бері кезекте тұрмын. Кезегімнің жылжитын түрі байқалмайды. Қолымда 10 жасар сәбиім бар. Баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне арналған жәрдемақыға қарап отырмын. Тұрғын үй жалдап тұруға жағдайым жоқ», – дейді ол. Нұр-Сұлтан қаласының 39 жасар тұрғыны Төлеген Жолдаспеков 2010 жылы туған інісі Серікпен бірге Ресейден Қазақстанға қоныс аударыпты. Оралман мәртебесін алған. «Қазақ елінің әлемге тарыдай шашылған қандастарын атамекенге жиғаны жақсы. Бұл – ізгі саясат. 2010 жылы бізді оралман мәртебесі бар әлеуметтік осал топ санатында үй кезегіне қойды. Бірақ інім екеумізге бір кезек берді. «Бәрібір үй бергенде екі пәтер аласыңдар» деп сендірді. Менің 4 адамнан тұратын өз отбасым бар, інімнің отбасында 3 адам тұрады. Соны бөлек кезекке қойғыза алар емеспін. Өз бетімізше үй жалдап тұруға мәжбүрміз. Биылғы қазанда елордалық Тұрғын үй басқармасына және тұрғын үй инспекциясына кезегіміздің не болып жатқанын сұрап жүгіндік. Ондағылар 10 жыл ішінде небәрі 1 мың адамға ғана ілгері жылжығанымызды хабарлады. Бізден көп кейін тұрған кейбір адамдар үй алып кеткенін білдік. Оның қандай құпиясы бар екені белгісіз», – дейді Төлеген. Жүйенің кінәраты көптігін жауапты орган да жасырмайды. «Азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамту тәртібін жетілдіру және оны ашық, айқын, тиімді ету керек. Сонымен қатар оны коррупциялық тәуекелдерден арылту қажет. Мүгедектігі бар, жетім, көпбалалы, аз қамтылған санаттары бойынша тұрғын үйге мұқтаж жандардың кезегін жүргізудің қолданыстағы тетігі ашық емес. Оның үстіне жергілікті әкімдіктер жұртшылықтың тұрғын үй қажеттіліктерін қалай қанағаттандыруға болатынын нақты түсінбейді. Сол себепті бұл істі орталықтандыру және ашық ету шаралары қабылданады. Тиісті заң жобасы әкімдердің қолданыстағы кезегін жоюды, орталықтандырылған есепке алу және үй бөлу функцияларын банкке беруді, «тұрғын үйге мұқтаж» ұғымының жаңа нақты критерийлерін әзірлеуді көздейді», – деді Индустрия министрлігі.Бар қазақ менің клиентім...
Ведомство әзірлеген тұжырымдамаға сай, 2021 жылы ТҚЖБ орнына «Отбасы банкі» түңлігін жаңадан түреді. Бірақ ТҚЖБ-дан бір ерекшелігі сол, жаңа ұйым мемлекеттік банк мәртебесімен шектелмей, «ұлттық даму институты» ретінде құрылмақ. Тұжырымдаманың өзге де жаңалықтары жетерлік. Біріншіден, ТҚЖБ-ның 1,5 миллионнан астам клиенті ғана болса, «Отбасы банкінде» барлық дерлік қазақстандық есепшотын ашатынға ұқсайды. Оның себебін келесі бөлімдерде түсіндіре кетеміз. Екіншіден, тұрғындарды үй кезегіне тұрғызу және сол кезекті жүргізу өкілеттігі келесі жылы барлық әкімдіктерден алып қойылып, осы ұйымға тапсырылады. Тұжырымдамада Қазақстанда кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық базасы («Кезекте тұрғандардың бірыңғай дерекқоры») құрылатыны, ол кезекте тұратын азаматтарды есепке алу және кезекті жүргізу құзыры тек осы банкте болатыны айтылған. Тиісінше, қазір әкімдіктер жанындағы кезекте тұрған жүздеген мың адам келесі жылы тегіс осы банктің клиенттері қатарына қосылмақ. Сонымен қатар банк «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құрып, оның ісін де өзі жүргізеді. Үшіншіден, бүгінде әкім атаулы салтанатты жағдайда өз қолымен табыстап, ел алдында саяси ұпай жинауға пайдаланып жүрген тұрғын үй сертификатын беру процесі де «Отбасы банкіне» көшеді. Төртіншіден, Үкіметтің жуырда жарияланған жаңа қаулысы жобасына сәйкес, «Отбасы банкі» зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалануды жүзеге асыратын уәкілетті оператор мәртебесін иеленеді деп жоспарланып отыр. Яғни, азаматтарға тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу мақсатында аударылған біржолғы зейнетақы төлемі осы банктегі есепшотқа түседі. Ендеше болашақ зейнеткерлердің үлкен бөлігі, соның ішінде ауқатты адамдар да амалсыздан осы банктің клиентіне айналады. Бесіншіден, «жеке азаматтар жалға беретін тұрғын үй үшін төленетін жалдау төлемдерін субсидиялау» функциясы да «Отбасы банкінің» еншісіне тимек. Алтыншыдан, «Отбасы банкі» «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» қызметін атқаруды жалғастырады. Атап айтқанда, бір жағынан тұрғын үй құрылысы жинағы депозиттерін ашумен, оған ақша қабылдаумен және салымшылардың шоттарын жүргізумен, екінші жағынан, клиенттеріне «аралық» және «алдын ала» тұрғын үй кредиттерін берумен шұғылданады. Жетіншіден, бұл – елімізде еш лицензиясыз жұмыс істейтін жалғыз банк болады, яғни оның қызметін Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржылық реттеу агенттігі тоқтата алмайды. Мұны қаржылық реттеушінің өзі ұсыныпты. «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылғы 3 шілдеде Премьер-Министрдің орынбасарына «Отбасы банкін» құрудың жекелеген мәселесіне қатысты хат жолдады. Сонда көрсетілгендей, мемлекеттік тұрғын үй саясатын дамытудағы ерекше рөлін назарға алып, аталған банкке жоғарыда келтірілген операцияларды уәкілетті органның лицензиясынсыз жүзеге асыруына мүмкіндік беретін ерекше құқықтық режим заңнамалық түрде бекітілетін болады», – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Тұжырымдамада жаңа функцияларын сапалы әрі тиімді орындауы, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын табысты іске асыруы үшін «Отбасы банкіне» жыл сайын бюджеттен мол қаржы бөлінетіні айтылған (сомасы нақтыланбайды). Бұған қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында да оны қаржыландыру арттырылмақ.Кезектен сатыға көшіріледі
Алдағы жылы үй кезегі әкімдерден банктің қолына жай көше салмайды: кезектегілерге баспана берудің бүкіл идеологиясы өзгереді. Яғни, үйді азаматтар кезектегі орнына емес, табысына қарай алады. Мұның егжей-тегжейін алдында журналистерге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов түсіндірген. Сонымен, бірінші сатыда: әр мүшесіне шаққандағы табысы 1 ең төменгі күнкөріс (ЕТК, 2020 жылы 32 668 теңгеге бара-бар) деңгейіне жетпейтін осал отбасылар мемлекеттен арендалық тұрғын үй алады. Екінші сатыда: отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы 2 ЕТК-ден (1 адамға – 65 336 теңгеден) төмен болса, онда оған «Бақытты отбасы» аталатын «2-10-20» бағдарламасы аясында 2%-дық ең арзан ипотекамен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі беріледі. Үшінші сатыда: табысы 3,1 ЕТК-ден (101 270 теңгеден) кем болса, «Шаңырақ» атты «5-10-20» жаңа бағдарламасының игілігін көреді. Төртінші сатыда: отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы 3,1 ЕТК-ден жоғары болса, ол отбасы нарықтағы банктік ипотекаға жүгінуі шарт. Әрине, кіріс көлемі 101 мыңнан асатын отбасылар әкімнің кезегіне тұра алмайды. Бұл талап шенеуніктерге, Парламент, Үкімет және әкімдік қызметкерлеріне, жалақысы өсіп жатқан бюджеттік сала мамандары мен басшыларына қатысты болмақ. «Отбасы банкі» әр өңірдегі баспананы үлестіргенде дәл осы сатыларды және үміткердің табыс деңгейін басшылыққа алады. Негізі, қазір кезекте тұрғандардың өзін баспанамен қамту оңай шаруа емес. Елде үй жетіспейді. Қазақстанның жалпы тұрғын үй қоры биылғы жыл басында 364,3 миллион шаршы метрді ғана құрады. Елімізде тұрғын үймен қамтамасыз ету 2019 жылы бір тұрғынға шаққанда 22,2 шаршы метрге әзер жетті. Мысалы, АҚШ-та бұл көрсеткіш әр тұрғынға шаққанда 70 м2, ал Еуропада – 40 м2-ге дейін жетеді. Бізде ең жоғары көрсеткіш Нұр-Сұлтанда (30,5 шаршы метр) және Алматыда (28 шаршы метр), ал ең төмен көрсеткіш Жамбыл (17,2 шаршы метр) және Түркістан (18,4 шаршы метр) облыстарында. Үй кезегіндегі азаматтар санының жыл сайынғы өсу қарқыны әлеуметтік тұрғын үй құрылысының қарқынынан едәуір асып түседі. 2012 жылдан 2019 жылға дейін кезектегілер қатары жыл сайын шамамен 50 мыңға өсіп келді. Нәтижесінде, 7 жыл ішінде үй кезегі 3,7 есеге – 146,9 мың адамнан қазір 540,7 мың адамға дейін ұлғайды. Сондықтан «Отбасы банкі» тек қолжетімді баспанамен шектелмейді. Ол риэлтор немесе жылжымайтын мүлік агенттігі сипатында жұмыс істемек. Яғни, өз пәтерін жалға беретін азаматтармен келісімшарт бекітіп, оның баспанасын кезекте тұрған адамға береді. Бұл жерде жалдау ақысының 80%-ына дейінгісі бюджет есебінен өтелмек. Мысалы, пәтердің жалдау ақысының құны айына 90 мың теңге болса, оның 72 мың теңгесін «Отбасы банкі» жабады, ал кезекте тұрған адам қалған 18 мың теңгесін өзі төлеуі тиіс. Шарт 5 жылға жасалады. Егер отбасы әлі де баспанаға зәру екенін дәлелдесе, келісімшарт мерзімі әрі қарай ұзартылады.Айхан ШӘРІП