Туды енді ілуге рұқсат па?
Туды енді ілуге рұқсат па?
609
оқылды

Заң бойынша мемлекеттік Туды балконға ілуге рұқсат берді. Бұл туралы ақпаратты оқыған жұрт еркін тыныс­тады, білем. Өйткені осыдан бірне­ше жыл бұрын туды балконы­на ілген азаматқа 400 мың тең­ге айыппұл са­лынған-ды. Осыған қатысты әкімшілік хаттаманың күші жойылғанымен, халық үр­кіп қалған еді. Жақында ен­гі­зілген өзгертулердің арасын­да көк байрақты бір рет қол­да­натын заттарға пайда­лануға болмайтыны тағы бар. Мұны ес­тігенде ойымызға бірден «Қа­зақстан» шоколады оралды.

Туды «еркін» қолдануға «Борат» әсер етті ме?

«Борат-2» фильміндегі кейбір кадрда мемлекеттік Туымыздың көрсетілуі, кейіп­керлердің оны аяқастына қоюы жұрттың ашу-ызасын тудырған еді. Жауап ретінде әлеуметтік желіде «Мен Туымды мақтан етемін» флешмобы басталды. Бастапқыда бұл көпке әдеттегідей «бір көрініп жоқ болатын», нәтиже бермейтін науқан сияқты көрінген-ді. Алайда ту суретін жариялаған адам саны әсер етті ме, әлде Нұрлан Қоянбаевтың желідегі мемлекетік рәмізге лайк жинағаны сеп болды ма, халық үні жоғарыға жеткен. Осылайша, Парламенттің бірқатар депутаттары мен патриот азаматтар билікке мемлекеттік Туды кеңінен қолдану туралы ұсыныс жасаған. Ал қолданыстағы заңнамада туды пәтерлердің балконына, үй қабырғасына ілуге тыйым салынған. Сол үшін Президент мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажетін атап өтті. Сонымен, Үкімет 2007 жылы 2 қазанда шығарылған №873 қаулыға өзгерістер енгізді. 4-тармақтың 1-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік Туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізетін орындарда ілуіне болады. Әрине, бұл патриоттық сезімін, еліміздің бірегейлігін білдіру, азаматтардың жетістігін қолдау мақсатында жүзеге асады.

Қандай шектеу бар?

Иә, мемлекеттік Ту, Елтаңба және олардың бейнелері мен мемлекеттік Ән­ұранның мәтінін пайдалану қағидаларын бекіту туралы ережеге өзгеріс енгізгенімен, бірқатар шектеу тағы бар. Мәдениет министрінің айтуынша, тудың тұғырын көлденеңнен алып жүруге болмайды. Белгілі бір адамға немесе бір заттың құрметіне мемлекеттік Туды төмен түсіруге тыйым салынады. Бастысы, бір рет пайдаланылатын зат­тардың сыртына туды бейнелеуге болмайды. Мәселен, конфеттің сыртында ту суреті болмағаны абзал. Әрі киімге, төсек-орын жабдықтарына, шымылдық ретінде ту суретін қолдану шектеледі. Сіздің де есіңізге бір кездері тудың суреті бейнеленген көйлектер түсті ме? Осыған ұқсас бірнеше жағдайды тізіп көрелік. ту 2012 жылы Лондон Олимпиадасына дизайнер Жанна Хабиева көк байрақ пен британ туы бедерленген көйлек киіп барды. Шетелдіктердің таңғалғаны рас. Бірақ ел тұрғындарының арасында наразылық біл­діргендер болды. Бірақ Тұманды Аль­бионда туымызбен бірге «отырып-тұрып» жүрген дизайнерге айыппұл салды дегенді естімедік. Ережеге сай, Олимпиадаға барып, ел на­мысын қорғайтын спортшылардың киіміне туды бедерлеуге рұқсат берген. Алайда қау­лыда дизайнерге де көк тудан көйлек киіп, ел алдында жүрсін демеген. Керісінше, туды тұғырым деп төріне ілген азаматтарға «қысым» жасадық. Мысалы, 2017 жылы қазан айында Қызылорда тұрғыны Сұлтан Тумашиновқа мемлекеттік Туды терезесіне ілгені үшін 453 мың теңге айыппұл салынды. Одан бөлек, 2012 жылы Атырау тұрғыны көлігіне көк байрақ жапсырғаны үшін жауапқа тартылды.

Сонда «Рахат» фабрикасы не істейді?

Қош, жоғарыда ту суретін бір рет қолданылатын заттың сыртына бедерлеуге тыйым салынғаны жазылды. Бір рет қол­данатын зат дегеніміз не? Иә, оның ішінде кон­фет бар. Ал тәтті мен тудың ассоциа­циясы – «Қазақстан» шоколады. Демек, ережедегі түзетулерге қарағанда «Рахат» фабрикасы енді ту бейнеленген бренд-шо­коладын шығармай ма? «Рахат» акционерлік қоғамының «Қа­зақстан» шоколады қаптамасындағы мем­лекеттік Тудың бейнесін пайдалану мәселесі Президент жанындағы консультациялық кеңес беру органы – мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның 2004 жылғы 3 ақпанында өткен отырысында ма­құлдаған. Аталған тауарлық белгі еліміздің өнеркәсіптік меншік объектілерінің мем­лекеттік тізілімінде 2011 жылы 19 қаңтарда тіркелген. Бүгінгі таңда «Рахат» акционерлік қоғамы – 75 жылдық тарихы бар, Қазақ­стандағы кондитерлік өнім өндіретін ең ірі өндіріс орындарының бірі. Сондай-ақ «Қазақстан» шоколады өзге шетелдерде танылып, еліміздің импорттық өнімдерінің ішіндегі бірден-бір қазақстандық бренд тауар болып есептеледі» деп жауап берді Мәдениет және спорт министрлігі. Осы ақпаратқа сүйенсек, лицензиясы бар мекемелер өнімінде ту суретін бей­нелеуді жалғастырады. Бірақ «Қа­зақстан» шоколады турасында қоғамда екі түрлі пікір қа­лыптасқан. Көпшілігі шо­коладты бренд ретінде беделді азаматтарға сыйлайды. Атақты отандық тәттінің дәмін көргендердің арасында Ро­налду мен Месси де бар. Алайда шетелде тұратын қан­дастарымыздың арасында «Қа­зақстан» шоколадын әкел­меңдерші, ту бей­неленген қаптаманы қайда қоярымды білмеймін» дейтіндері бар екен. Әсіресе, Түркия халқы «Қазақстан» шо­коладын жеп болғасын, қаптамасын жинап қоюға ты­рысады. Мұны біз аталған елде түсірілген әлеуметтік роликтен білеміз. Түрік жұртының «Қай елдің туы болмасын, ол тек көкте желбіреуі қажет» дегеніне көпшілік сүйсінген-ді. Бірақ тағы да жанашыр бейнеміз сол бейнероликтің төңірегінде қалып қойды. Бұлай деуімізге отандық блогерлер түсірген әлеуметтік видео дәлел. Елордада түсірілген видеода көк туды адамдар көп жүретін алаңға тастайды. Сөй­тіп, блогерлер халықтың реакциясын байқау үшін әрірекке кетеді. Тудың аяқ астында жатқанын көрген халықтың арасында бір-екеуі ғана байрақты көтеріп, жоғары жерге орна­ластырады. Осыдан-ақ мемлекеттік рәмізге деген құрмет пен сүйіспеншілік дә­режесін өлшеуге болар. Ал қанша «Қа­зақстан» шоко­ладының қап­тамасы қоқыс жәшігінде жат­қанын ба­ғамдап көріңіз. Осындайда «қап­таманы қайта өңдеуге өткізудің жолын тапсақ болмас па екен?» деген ой келеді...

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ