Елбасы тапсырмасымен 2017 жылы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру үшін «Ұлттық аударма бюросы» құрылған болатын. Жоба аясында бірнеше жыл ішінде әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары бірнеше тілден қазақ тіліне аударылды. Өкінішке қарай, бұл жоба өз миссиясын аяқтаған секілді. Қызметкерлеріне «басқа жұмыс іздей беру ұсынылғанына» қарағанда «Ұлттық аударма бюросының» жабылатыны рас секілді.
Жоба бойынша еліміздегі барлық оқу орындарының ұсыныстары ескеріліп, жалпы саны 800-ден аса оқулық атауы келіп түскен. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға сай оқулықтар таңдалып алынды. 2017-2018 жылдары жоспарланған 47 оқулық қазақ тіліне аударылып, еліміздегі 132 университетке жеткізілді. Жаңа оқулықтар 2018-2019 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енгізілген. Ал үшінші кезеңде 30 кітап, соңғы төртінші кезеңде 23 оқулықты аудару процесі бітіп қалды. 23 оқулық бітсе, жоба өзінің жұмысын аяқтайтын секілді. Бұлай деп ойлауымызға себеп – «Кино өнеріне кіріспе» кітабының ғылыми редакторларының бірі, өнер докторы Молдияр Ергөбек әлеуметтік желіде арнайы пост жазып, алаңдаушылық білдірген-ді. Онда: «100 кітап жобасы жабылғалы жатыр екен. Әрине, бұл жайында қазірге дейін ресми мәлімдеме жоқ. Алайда сыбыс бар. Бізді басқаратындардың әдеттегі жағдайы сол: қоғаммен коммуникацияны ақсату. Ақпарат бермеу. Бәрін «солай болды, не істейміз ендіге» келтіру. 2-3 күн бұрын естідім мұны. Дел-салдық басты мені. «100 кітап аудару» жобасы үлкен үміт еді. Болашаққа, бұл елдің болашағына деген үміт. Зиялы қоғам қалыптастыруға деген үміт. Зиялы қазақ тілін қалыптастыруға деген үміт. Балаларымыздың бізге қарағанда әлдеқайда білімді болатынына деген үміт. Қоғам арасында коммуникация орнап, адамдарымыз бір-бірінен әсер алып, түсіністік орнайтынына деген үміт. Ешкімнің ешкімді кемсітпейтін, пікірталастың орнайтынына деген үміт. Күн сайын, сағат сайын артып жатқан қоғамдық сананың тұтылуының бітетіне деген үміт. Егер бұл жоба жабылар болса, күллі үмітімізге балта шабылады» деп жазады Молдияр Ергөбек. Әлемнің үздік туындыларын қазақ тіліне аударуды тоқтатпау керегін айтып жатқандар өте көп. Бұл Парламент мінберінде де көтерілді. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ғылыми және көркем әдебиеттің аударма ісін тоқтатпауды сұрады. Ол Үкімет басшысына жолдаған сауалында осыған дейін ұлттық бағдарлама аясында жұмыс істеп келген «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры қызметін еліміздің бір топ белгілі ғалымдарымен бірге жан-жақты талдау жүргізгенін атап өтті. «Көптеген сыни пікірлерге қарамастан талдау және сараптау барысында аз ғана уақыт ішінде қыруар жұмыс атқарылғанына көз жеткіздік. Аталмыш жобаның арқасында қазақстандық гуманитарлық білім мазмұны толықтай жаңарып, жаңа деңгейге көтерілді», – деді сенатор. Сенат депутаты «100 жаңа оқулық» жобасы «Болашақ» бағдарламасы секілді ауқымды жобаның бірі екенін, ол бағдарлама осы уақытқа дейін қазақ тілінде болмаған, мүлде жаңа салаларды таныстырғанын айтып өтті. «Сондықтан да еліміздегі жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің 70 % мемлекеттік тілде білім алатынын ескере отырып, жоба аясында жинақталған қыруар білім мен тәжірибені жоғалтып алмау үшін елімізде ғылыми және көркем аударма жұмысын жалғастыру қажет деп санаймыз», – деді Мұрат Бақтиярұлы.Аударылған кітаптың сапасы қандай?
Жобаға қатысты алуан-алуан пікір бар. Біреулер бұл жобаның жалғасын тапқанын қаласа, кейбіреулер әлеуметтік желіде оқулықтағы олқылықтарды да сынға алып жатыр. Аудармашы, жазушы Зәуре Батаева Facebook парақшасында «жабу себебін анықтап жатпадым, бірақ себеп сол аударылған кітаптардың сапасында болса керек. Ресми тіл сапасы – ауызша, жазбаша екеуі де – тіл даму үрдісі үшін аса маңызды фактор. Сондықтан аударылған ғылыми ақпараттың сапасының өте жоғары болуы – бұл аса маңызды талап» деп жазады. Жоба басталғанда оған жауапты адамдардың хабарласып, 3 ай ішінде 700-800 беттік теориялық кітапты аударып бер деп өтініш айтқанын, бірақ бас тартқанын айтады. Өйткені ол «көлемді еңбекті аударуға 3 ай емес, 3 жыл керек» деп отыр. «Меніңше, қазақ тіліне жасалып жатқан нағыз қастандық – сапасыз дүниелер. Бірақ жауып тастағанның орнына, жұмыс шартын өзгертіп, аудармашыларға қолайлы жағдай жасап, тиісті қаламақысын төлеп, бұл тамаша бастаманы әрі қарай жалғастырса, әлдеқайда пайдалырақ болар еді», – дейді аудармашы. «Жоба жалғасуы керек» дейміз. Аударма бюросы да жалғасқанын қалап отыр. Әзірге олар «өз ұсыныстарын жинақтап бергенін, соған қатысты шешім күтіп отырғанын» айтады. Бұл ұсыныстардың дені – көркем әдебиет пен балалар әдебиетіне қатысты. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы да қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы «Жаңа білім» деген атпен жалғасуы тиіс деп есептейді. Оның ауқымын кеңейту мақсатында жыл сайын аударылып басылатын кітаптар тақырыбын үш негізгі бағыт: жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары, әлемдік көркем әдебиет үлгілері, публицистикалық және іскерлік әдебиет үлгілері бойынша топтастыруды ұсынып отыр.Жоба өз миссиясын аяқтады ма?
Осы кезге дейін жобаға 300-ге жуық маман қатысқан. Оның 100-і – штатта жұмыс істеген. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы: «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы. Бұл жоба аясында 77 оқулық қазақ тіліне аударылып, басылып, еліміздегі 123 университетке таратылды. Қалған 23 кітаптың аударма жұмысы аяқталып, баспаға жіберілді. Олар жыл соңына дейін жоғары оқу орындарына таратылады. Сонымен, аударылған оқулық саны 100-ге жетеді. Яғни, межеленген алғашқы үлкен міндет орындалды», – дейді. О баста жобаның қанша уақытқа жоспарланғаны белгісіз еді. Басты мақсат – 100 оқулықты аудару. Осы тұрғыдан келгенде, миссия аяқталған секілді. «Бұл жұмысқа кіріскен кезде біз оған қанша уақыт қажет болатынын нақты айта алмадық. Өйткені бұған дейін мұндай жұмыс істелмеген. Алғашқы жылы 17 оқулық, келесі жылы 30 оқулық аударылды. Осылайша, 100 оқулық үш жарым жылда қазақ тіліне аударыл- ды», – дейді Рауан Кенжеханұлы. Ал ғалым Шерубай Құрманбайұлы «мұндай жобалар жалғасуы тиіс» деп есептейді. «Менің ойымша, бұл жоба сөзсіз жалғасуы тиіс. Өйткені әлемнің озық университеттері мен ғылыми орталықтарында оқытылатын және сұранысқа ие оқулықтарды толық аударып болған жоқпыз. Оқулық саны 100-бен шектелмеуі керек. 100 оқулықты аудару арқылы ортақ мақсат аясында топтасқан аудармашылар мен ғалымдардың, ЖОО мамандарынан тұратын, ғылыми әдебиеттерді аударуға машықтанған ұжым, кәсіби орта қалыптасты, үлкен тәжірибе жинақталды. Осы мамандардың қалыптасқан кәсіби білім-білігін басқа әдебиеттерді аударуға пайдалану керек деп санаймыз», – дейді профессор. Осы уақытқа дейін таңдаулы оқулықтар аударылды. Аударылуы керек еңбектер әлі көп. Қоғамдық ғылымдар ғана емес, жаратылыстану ғылымына да көңіл бөлу керек деген пікірлер айтылуда. «Бізге кез келген бағыттағы аударма ісі ауадай қажет. Ол ғылыми аударма, көркем аударма, іскерлік, технологиялық, кино мен видео контент аудармасы, тіпті балалардың түрлі ойындарын да аудару керек. Кез келген тіл ең әуелі сол тілдегі қазіргі өмірге қажетті мазмұнымен тірі, содан қуат алады, тіл мен елдің болашағы сол арқылы анықталады. Ол мазмұн біз білетін басқа тілде бар ғой немесе одан да бәріне ағылшын тілін үйреткен артық деген пікірлерді көп естиміз. Бұл – қате пікір. Олай болса, бізге мемлекеттік тілдің, жалпы мемлекеттің қажеті не?! Тіл мен тәуелсіздік, өз тіліміздегі сапалы мазмұны мен мемлекеттілік ажырамас ұғымдар», – дейді Рауан Кенжеханұлы.Гүлзина БЕКТАС