Миллионер ауылдың мұңы
Миллионер ауылдың мұңы
862
оқылды

Ауыл туралы әңгіме қоз­ғалған жерде жұ­мыс­сыздық қоса айтылады. Ал Алматы облысы Кеген ауданына қарасты Саты ауылында жұ­мыс көп те, істейтін адам жоқ. Себебі бұл ауылдың қонақ күтуден қолы босамайды. Көл­сай мен Қайыңдының кере­метін көруге келгендердің тоқ­тайтын нүктесі – Саты. Ең­бектеген баладан еңкейген қариясына дейін еңбекқор сатылықтар «Бұл бізге Құ­дайдың берген бағы мен бай­­лығы» дейді. Бір айтары, өзгелер миллионер атаған ауыл­дың мұңы да бар екен. 

Індет жетпеген ауыл

 Айналасында Көлсай, Қайыңды, Саты және Шелек өзені ағып жатқан Саты ауылы шекаралық аймаққа жатады. Сондықтан сізді ауылдың кіреберісінде әуелі шекара қызметі қарсы алады, бақылаудан өткізеді. Одан кейін тақтайдай тегіс жолмен ауылдан гөрі аудан орталығына көбірек ұқсайтын Сатыға кіресіз. Бұл ауылдың бір атауы – Таушелек. Ауылдағы мешіт те солай аталады. Халық екеуара басқосуда тауше­лектік екенін айтып қалады. Ресми атауы – Саты. Бізді күздің соңғы айындағы ауыл тіршілігінің қайнап жататыны таңғалдырды. Әсіресе, құрылысы қызған нысандар бірден көзге түседі. Ауылдың орталық көшесінің бойында бой көтерген салтанатты мейрамхана мен қонақ үйлердің сыры кебе қоймағанын көргенде бұл ауыл коронавирус ту­ралы естімеген бе деп ойлап қаласыз.    width=   Себебі әрбір үшінші-төр­тінші үйден кейін қандай да бір нысанның құрылысы жүріп жатыр. Алда заман қалай құбылары белгісіз, турист түгілі бас қайғы болып кет­пейміз бе деп үлкен құрылысқа тәуекел етпей отырғандар жоқтың қасы. Керісінше, карантин біткенше үлгеріп қалайық деген тіршілікті көресіз. Тіпті, ауылда жер телімі қымбаттай түскен. Коронавирус демекші, Саты ауылы жаман ви­рустан дін аман. Мұны сатылықтар таза ауамен, тамылжыған табиғатпен байланыстырады.    width= Саты ауылы халқының басым бө­лігі қонақжайлықты кәсіп етеді. Бұл кәсіп атадан балаға мирас болып келеді.

«Өзім Қарағанды облысында туып-өстім, осы ауылдың келінімін, ата-енем қонақ қабылдаумен тоқ­саныншы жылдары айналысып бас­таған екен. Енді бұл кәсіпті бізге тапсырды. Жеті жылдан бері айналысып келемін, қонақ күту, дастарқан жаю өзіме ұнайды. Қонақ келген сайын энергиямыз тасып, шаршауды ұмытамыз. Таңғы сағат 4-тен сиыр сауып, сүт тартып, бауыр­сақ пісіріп, бәріне үлгереміз. Турис­тердің қалаған тамағын жасап бере­міз, коронавирус шыққалы қой еті­нен жасалған сорпаны сұрау­шылар көбейді», – дейді «Жұлдыз» қонақ­жай үйінің иесі Жұлдыз.

Қонақжай үйді кеңейтіп жат­қандардың бірі осы – «Жұлдыз». Кірпішін түсіріп қойған.    width= «Карантинде үй салуға қорыққан жоқсыздар ма деп сұрайды. Қонақ үйін кеңейтіп жатқан жалғыз біз емес. Турист келмей қалады-ау деп жатқан ешкім жоқ. Карантин ашыла қалса, үлгермей қалмайық деп жүрміз. Себебі биылдың өзінде Ал­ма­ты, Павлодар, Ақтау, Атырау, Се­мей, Өскемен, Қарағанды, Ас­та­на, Оралдан туристер келді. Не­гі­зінен шетелдік туристер келуші еді, биыл ішкі туризм жақсы дамыды. Сенесіз бе, қазақстандықтар ара­сында осын­дай керемет жер бар еке­­нін енді біліп жатқандар бар. Олар туған-туыстары мен тамыр-таныстарын жібереміз деп кетті», – дейді.

Таушелекте «ашылмаған арал» көп

Қайыңды мен Көлсайға туристер УАЗ көлігімен жетеді.

УАЗ көлігін қырық жылдан бері тізгіндеген Сисенбай Баймырзаұлы – туристерге кеңес заманынан бері қызмет етіп келе жатқан кәнігі гид.

   width=

«Қайыңдының арғы жағында қырғыз елі тұр. Таңертең ерте шық­саңыз, түске дейін сол жерде бола­сыз. Кеңес заманында талай туристі тау асырдық. Ол кездегі жұмы­сымызды туризм деуге келе ме, жоқ па, білмеймін, кейін 2003 жылы бізді үш ай оқытып, туристі қалай қа­былдау керек екенін үйретті. 20 қап цемент, 1 тоңазытқыш, 4 төсек-орын берді кәсіп бастауға. 30 отбасы оқып, 7-еуіміз кәсіп бастап едік. Қазір ауылда 300-ден аса отбасының 80 пайызы турист қабылдайды», – дей­ді «Омархан» қонақжай үйінің иесі Сисенбай Баймырзаұлы.

Ал өзі УАЗ-ымен туристер қайда барғысы келеді, сонда апарады. ауыл

«Біз туристерге брендке айнал­ған Қайыңды мен Көлсайды ғана көр­сетеміз ғой. Ал бізде мұндай орын­дар толып жатыр. Саты сайы, Күрметі сайы, Құдырғы, Талдысай, Өрікті бар. Ол жаққа адам бармаған, нағыз туристік нысан болатын жер, ту­риз­м­­дегі ашылмаған аралдар ғой», – дейді ол.

   width=    width= Сатылықтар үшін бүгінгінің ту­рисін қызықтыру қиын болмай қалғандай. Шетелдік туристерді айт­пағанда, ел ішіндегі қала тұр­ғындары табаға нан жабуды қызық көреді. Сисенбай ағаның жары Гүлнәр апай табаға нан жабуды көр­сетіп, наннан дәм татқызып, талай­дың таңдайын қақтырып жүр.   https://youtu.be/lpTsi3os23c Зейнет демалысына шыққанға дейін орыс тілінен сабақ берген ол бүгіндері қонақжайлықты тұрақты кәсібіне айналдырған. Айтқандай, осы үйге келгендер үюлі тұрған шөп­тің өзін қызық көріп, суретке түседі екен. Әлеуметтік желінің әрін кір­гізуге малдың қысқы азығы үшін жиналған шөптің де пайдасы тиеді деп кім ойлаған?!    width=    width= Шетелдіктер «Омархан» қонақ­жайына неге құмар? Себебі бұл үйде шағын омарта шаруашылығы бар. Сисенбай Базарбайұлы туристерге омарташылықтың қыр-сырын тү­сіндіреді. Бұл ауылдағы балдың дәмі бөлек, тамылжыған табиғаттағы миллион шөптің нәрі сіңген балға сұраныс жоғары. Тіпті, Жапониядан тап­сырыс беретіндер бар.

«Ауа райы жақсы болса, бір ұядан 50-80 келіге дейін бал алуға болады. Былтыр әр ұядан 50 келіден алдым. Бізде миллиондаған шөптің түрі бар, аралар балды тау гүлдерінен жи­найды. Омарта шаруашылығы біл­генге табыс көзі, айналысуды көптен бері армандап едім, сәті енді түсті. Өзімді үйренуші санаймын. Мең­геріп алған соң балаларым мен не­мерелеріме үйреткім келеді», – дейді.

   width=

Жұмыс бар, жұмысшы жоқ

Саты ауылының халқы толы­ғымен жұмыспен қамтылған деуге болады. Туризммен айналы­сатын­дарды айтпағанда, осы ауылда ор­наласқан Ұлттық парк орталығы, мектеп, аурухана, Мәдениет үйі, шекара заставасы, төтенше жағдай қызметі, сейсмостанса дейсіз бе, барлығында сатылықтар еңбек етеді. Туризммен оқушылар да айна­лысып жүр, олардың арасында жыл­қысын жалға беріп, бір жазда 1 мил­лион теңге табыс тапқандар бар.  width=   Туристерге отын теріп, тамағын іс­теуге көмектесіп, келіскен ақысына сай қызмет көрсеткендер табыстан қағылған емес. Шынын айтқанда, Саты ауылында жұмыс емес, жұмыс істейтін адам жоқ. Көр­ші ауылдан адам жалдауға қо­сымша шығын жұмсау керек. Сон­дықтан әр үйдің отанасы өзі аспаз, өзі күтуші, өзі есепші. Осы­лайша, бесаспап болуға тура келіп тұр.    width=

Бәрінен де қонақжай үй салып жатқандар өзбек жұмысшыларына күніміз қарап қалды деп қиналып отыр. Себебі жергілікті халық екі күн жұмыс істесе, үшінші күні той-томалақ пен өлім-жітімге сұрана береді. Сатылықтардың мұңы мұнымен бітпейді.

«Біздегі ең өзекті мәселе – ин­тернет. Туристердің бірінші кезекте сұрайтыны – сапалы интернет. Се­бебі төлем жасауда қиналады. Ақ­параттық технология дамыған за­манда интернеттің нашарлығы ұят-ақ. Әрқайсымыз уайфай орнат­қанбыз, бірақ оның жылдамдығы өте баяу. Сондықтан алдын ала тапсырыс жасап келетін туристерге телефонында байланыстың қай түрі болуы керегін ескертеміз. Біз үй салушы едім, көмек бер, турист күтіп жатырмын, көмек бер деп ешкімнің табал­дырығын тоздырып жүрген жоқпыз. Бәріміз жеке кәсіпкерлік ашқанбыз. Салығы мен тиісті төлемді уақы­тында төлеп отырмыз. Бізге интернет жыл­дамдығын көтеріп берсе бол­ғаны», – дейді «Албан» қонақжай үйінің иесі Жанар Жұматаева. ауыл Оның айтуынша, Сатыда ерін­беген адамға жұмыс көп. Тіпті, табыс табу үшін қонақжай үй ашудың қажеті жоқ.

«Сатының сыртына шығып, 500 метр жүрсе қалың тоғай толған қа­рақат, шырғанақ, таңқурай. Қайың­ды, Саты сайлары таңқурайға толып тұр, бұл жақтың таңқурайының дәмі бөлек. Табиғат байлығын сақтап күтіп ұстасақ, бәрімізге жетеді. Сол жидектерден жасалған тосапты сатып алуға дайынбыз, туристер де қуана-қуана алар еді. Ал бізде тосап жасауға мүмкіндік жоқ, қонақ­жайымыздан күні-түні қонақ арыл­майды. Біздің ауылда ерінбеген кісі айран-сүтін сатып та табыс таба алады», – дейді ол.

   width= Айран-сүт дегеннен шығады, біздің байқауымызша, қонақ­жайлықты кәсіп еткендердің ара­сында сиыр сауып, сүт тартатындар азайған. Себебі көмекші жоқ бол­ғандықтан, қонақ күтуден боса­майды. Сондықтан азық-түлік пен жеміс-жидекті тапсырыспен ал­дырады. Ал шетелдік туристер мен қалалық қазақтар үшін қолдың ақ тағамы мен жаңа піскен бауырсақтан асқан дәм жоқ. Бұл қонақжай иеле­рінің қолындағы үлкен көзір еді. Бірақ сол көзірден айырылып қалу қаупі тұр. Сатыда кәдесый жасаушылардың жолы болғалы тұр – туристер үшін кәдесый тапшы. Көлсайдың мини­макеті мен магниткасын шетелдіктер көп сұрайды екен.

«Якутиядан келген туристер қам­шы алып келді. Мынау сізге сәттілік әкеледі деп сыйға тартты. Ал оған кә­десый сыйлайын деп едім, тап­падым», – дейді Қарлығаш Құда­баева. Қонақ­жай үйдің иелері кә­десыйға тапсырыс беруге ин­тер­неттің итші­летіп жібе­ретіні де ке­дергі деп отыр. Жалпы, ин­тернет жыл­дамдығы барлық ауылған тән мәселе. Бұл проблема әсіресе онлайн оқу кезінде қатты сезілді. Биылғы мау­сымда Цифрлық даму, ин­новациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі минис­трлігі жыл соңына дейін интернет тар­тылатын 928 ауыл­дың тізімін жариялады. Сол тізімде Саты да бар. Тек уәде – күйінде қалмаса екен.

 

Сатының өз сайты бар

Сатыда екі қабатты еңселі мектеп бар. Айтжан Түркебаев атындағы мектеп оқушылары сабақты мек­тепке барып оқып жүр. 1986 жылы са­лынған мектеп екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен, фитнес клубы бар, спорт секциясы жұмыс істейді, 280 оқушыға 60-тан астам мұғалім сабақ береді. Жылда мамыр айында мектеп оқушылары ара­сында туризм тақы­рыбында сурет көрмесін өткізу дәс­түрі бар. Көрмеге қойылған сурет­терді Көлсай ұлттық паркінің му­зейінен көруге болады. Саты ауылы туралы ғаламтордан тұшымды дүние таппайсыз. Есесіне қажет материалды Саты ауылының өз сайтынан көруге болады. Ақ­па­раттық-танымдық isaty.kz сай­тын мектептің 2000 жылғы түлектері жа­­­сап, іске қосқан екен. Мектеп тү­лектері туып-өскен ауылы туралы ақ­­­паратты молайтуды көздеген бол­са керек. Сол үшін сайтқа мате­риалдар жүктеп, контентпен тол­тыруды мек­теп оқушыларына жүк­теген. Алайда сайттағы контент әзірге мар­­дымсыз. Интернеттің баяу­­лығы бір себеп болар деп болжадық.    width= ... Біз көрген Саты өзгеше. Тіпті, мұндай ауыл Қазақстанның басқа өңірінде жоқ десек, қателеспейміз. Туристік нысандар іргесіндегі ауыл­дарды осылай дамыта берсек қанеки...

Айтқандай, Нұртас Адамбайдың "Әкім" фильмі Саты ауылында түсірілген. Сол фильмнің кейіпкері – ауыл әкімі ауылға газ әкелемін деуші еді ғой. Бірақ ауылға әлі газ келмепті. Газ келеді дегелі екі жыл өткен, бірақ келмеген. Енді алдағы екі жылдан кейін газ жағып отырасыздар деген уәде беріліпті. Ал оған дейін халық көмір жағуға мәжбүр. 1 тоннасына 22 мың теңге төлейді. Миллионер ауыл үшін бұл қымбат емес деп ойлай ма әлде көмір жағу да туристер көретін экзотика ғой дей ме екен, әйтеуір газ тарту­шылар асығар емес...

 width=

 Халима БҰҚАРҚЫЗЫ 

Фотоларды түсірген автор