Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде биылғы жылдың 9 айында «қаржылық пирамиданы құру және жетекшілік ету» бабы бойынша 14 қылмыстық іс қозғалған. Былтыр бұл сан 103-ке жеткен екен. Ал аяқталған істер бойынша 2017-2019 жылы келтірілген шығынның мөлшері 8,3 миллиард теңгені құраған...
Қаржы пирамидасы туралы екінің бірі біледі. Оған салған қаржыны қайтарып алмайтынын біле тұра мыңдаған адам алаяқтарға жем болуын қояр емес. Өткен ғасырдың 1960 жылдары америкалық олигарх Бернард Мэдофф адамзат тарихындағы ең ірі Mэdoff Investment қаржы пирамидасының ірге тасын қалаған болатын. Мэдоффтан зардап шеккендердің арасында қарапайым тұрғындармен қатар, атақты адам да көп болды. Бейсбол спортының майталманы, Нью-Йорк Метс командасының иесі Фред Уилпон, актер Кевин Бэкон, режиссерлер Стивен Спильберг пен Педро Альмодовар Мэдоффтың құрбаны болса, Францияның, Голландияның, Жапонияның банктері де әккінің қақпанына түсті. Оның лақтырған қармағын 3 миллион адам қапқан. Ал Кеңес Одағы ыдыраған кезеңде 1990 жылдардан бастап оңай ақша табу үшін «Хопер Инвест», «Телемаркет», «Тибет» сияқты компаниялар аренаға шықты. Бәрінен озып кеткені Сергей Мавродий құрған «МММ» қаржы пирамидасы болды. Ол 15 миллион пақырды тақырға отырғызды. Бұл «МММ»-нен қазақстандықтар да жапа шекті. Ал Қазақстанда алғаш «Смағұлов және Ко» деген атпен әйгілі болған компания аңғал қазақтың 630 миллион теңгесін сыпырып алған көрінеді. Пирамиданың негізін қалаушының жемтігі болғандар саны 35 мың болған. Ал компанияның меншігіндегі мүлік аукцион арқылы сатылғанымен, одан түскен қаржы қарыздың бестен бір бөлігіне ғана жеткен.
Дегенмен «ауызы күйген үрлеп ішуші» еді. Олай емес екен. Өйткені оңай жолмен ақша тапқыштар әлеуметтік желілерге көшіп, өз «операцияларын» ұтымды пайдалануда. Бүгінде біреудің қаржысын иемденушілер WhatsApp желісі арқылы аңқау елдің қалтасын қағуға шықты. Қанша ұсталып жатса да, іннен шыққан суырдай әр жерден бір мойнын қылтитып шыға келеді. Жақында WhatsApp арқылы «Реальные доходы 1», «Реальные доходы 2» және «Триумф» деген чат ашып, астаналықтар мен басқа да өңірлерде тұратын азаматтардың ақшасын жинап алған бір әйел елордада құрықталды. Ол 32 адамды алдап, 60 миллион теңге иемденген болып шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті: «Азаматтардың сенімін, қаржылық сауаты аздығын пайдаланып, күдікті оларды бұл жобадан ешқандай қауіп жоқтығын айтып сендірген. Жобаға ақша салған адам 5-15 күннің ішінде 100 пайыздық кіріске ие болатынын алға тартқан. Азаматтар осылайша, жобаға 20 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін ақша салған. Салымшылардың басым көпшілігі ақшасын қайтара алмаған» деп хабарлады. Алайда алданғандардың саны одан да көп болуы мүмкіндігін алға тартқан департаменттегілер: «Егер сіз немесе жақындарыңыз аталған қаржы пирамидасына ақша салып, алданған болсаңыздар, Бейбітшілік көшесі 19 мекенжайындағы полиция департаментіне жүгінуіңізді сұраймыз» деген де хабарлама таратты.
Дәл осындай оқиға қыркүйек айында Қызылорда қаласында орын алған болатын. Бұл жолы сондай әдіспен 350-ге жуық азаматтың ақшасын жымқырған алаяқ қолға түсті. Қалада тұратын әйел WhatsApp мессенджері арқылы «Айлуна Голд» деген атаумен топ ашқан. Сол арқылы қысқа мерзімде аз ақша салып, қомақты қаржы табуға болатыны туралы жарнама таратады. «Бар-жоғы 5-8 күн аралығында салған ақшаның үстінен 60 пайыз үстемақы алып отырасыз» деп жар салған жанға 2 айдың ішінде 345 азамат 534 миллион теңгеден астам қаржыны электрондық төлем жүйесіне және банкомат картасына құя салған. Жарнаманы жарқыратып, желі арқылы пайда тапқысы келген әйелдің қолына кісен салынды. Бұл туралы «Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда. Онда қаржылық пирамида құру және оған басшылық ету жағдайы көрсетілген» деп мәлімдеген де болатын Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай.
Ал Ақмола облыстық полиция департаментінде «қаржы пирамидасын» құрған күдіктілерді ұстау үшін арнайы тергеу тобы құрылған. Олардың айтуынша, өткен жылы Көкшетау қаласы тұрғындары алаяқ қыз құрған қаржы пирамидасынан жапа шеккен. Күдікті WhatsApp арқылы бірнеше топ ашып, жобаға ақша салып табыс табуға болатынын айтып, жұртты тартқан. Алаяқтың сөзіне сеніп қалған тұрғындар айтқан сомасын аударған. «Іс бітті, қу кетті» демекші, қомақты қаржыны қалтаға басқан сылқым Ресейге қарай табанын жалтыратқан. Сенгіш салымшылар болса, оған салған ақшасын да, үстеме табысын да қайтарып ала алмаған соң, алданғанын түсініп полицияға арыз жазып, көмек сұраған.
«Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» дегенді түсінбей, тегінге құмартқан, қолда бар ақшасын үстемелей түсеміз деген аңғал жұртты сан соқтырған UNNNITY corporation ЖШС-нің басшыларына қатысты қылмыстық істі тергеуді Ақтөбе облысы полиция департаменті 2017 жылы бастаған болатын. Сол уақыттан бері тергеу жұмыстары жалғасып келеді. 2019 жылдың 19 тамызында «Аталған ұйымның жұмысы кезінде еліміз бойынша 40 000 адам зардап шекті. Оның ішінде 8 000 адам Ақтөбе облысынан. Ақтөбе облыстық полиция департаменті UNNNITY corporation ЖШС-не ақша салып, алданған адамдарды іздестіріп жатыр» деп хабар таратты. Бұл жазғанымыз алаяқтың торына түскендер жайындағы мысалдың бір мысқалы ғана. Қазбалай түссек, күн батырып, таңды атыруға да болады...
Қазақстанда қаржылық пирамидалар қызметіне қатаң тыйым салынған. Қылмыстық кодексте мұндай ұйым құрғандар үшін 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Елімізде бұл ұйымдарды жарнамалауға да тосқауыл қойылған. Алайда алдаушының арбауына түсіп, қолда бар қаржысын еселей түсемін деген «ақ жүректер» тұрғанда, алаяқтар айылын жыймаса керек. Сенгіштігіміз зиянын тигізбесін десек, WhatsApp-та абай болайық!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ