Полицейлерге алғыс білдірді
Полицейлерге алғыс білдірді
336
оқылды

Ақмола облысының тұр­ғыны, 70 жас­тағы әжей полиция қызметкерлеріне ұлын тауып бергені үшін алғысын білдірді. Іздеу жұмыстарына учаскелік ин­спекторлардың әлеуметтік желілерде таратқан хабар­ламасы үлкен көмек болыпты.

Астрахан ауданының орта­лығы Астраханка ауылында 7 мыңға жуық адам тұрады. Сол себепті мұнда үш бірдей учас­келік полиция инспекторы қыз­мет көрсетеді. Адам жоғал­ды деген хабар түскенде олар­дан бөлек аудандық полиция бөлімінің кезекшіліктегі жеке құрамы да жұмылдырылды. «Қарашаның 25-і күні кезекші бөлімге Зоя Абасова есімді 70 жастағы әйел телефон шалды. «Кеше кешке сағат 21.00-де ұлым Сергей үйден шығып кетіп еді, содан хабар жоқ. Балыққа кетті деп естідім. Мұз әлі бекімеген, суға батып кетеді ғой. Бұрын мұндай айт­пай кететіні жоқ еді. Үйге де тез оралатын» деп қатты алаңдаулы ана уайымын айтты. Осының алдында ғана біздің ауданда 3 балықшы жоғалып, бірі батып кет­кен бола­тын. Ол туралы рес­публикалық ақ­парат құрал­дарына дейін жаз­ды», – дейді Ақмола облысы Астрахан ау­дандық ПБ Астраханка ауыл­дық учаскелік полиция ин­спек­торы, полиция капитаны Сәлім­­жан Ержанов. Содан іздеу жұмыстарына кірісіп кеткен топ ауыл тұр­ғын­дарына сұрау салып, оның дос­тарынан, Молодежный көше­сіндегі көрші­лерден жауап ал­ған. Әлеу­меттік желілерде ау­дан халқымен байланысып отыратын топтарға да шұғыл хабарлама жіберген. Өзенді жаға­лап, балықшылар отыр­ады-ау деген жерлерді шолып шыққан. Кездескен балық­шылардан сұ­раған. Бірақ екі күн бойы хабар шық­пайды. «Содан үшінші күн дегенде әлеуметтік желідегі топқа ол кісінің қайда жүргені туралы хабар келіп түсті. Жедел экипажбен сол мекенжайға қарай жөнелдік. Кел­сек, Сергейдің өзі хабарды естіп, үйіне барғалы машинаға отырып жатыр екен. Содан анасына хабар­лап, өзінен жауап алып, қандай да бір құқық­бұзушылыққа немесе қыл­мысқа қатысы жоғын тексердік. Өзі жасамаса да, ұшырап қалуы мүмкін деген нұсқаларын да қарадық. Әйтсе де, 41 жастағы бойдақ жігіт қой, көңіл көтергісі келген болар. Өзі де анасын уайымдатып қойғанына өкінішін білдірді. Тексеруден кейін оны аман-есен отбасына табыста­дық», – дейді учаскелік полиция ин­спек­торы Алмас Купешев. Полиция қызметкерлерінің халықпен барлық мүмкіндікті пай­да­ланып, етене жақын бола түскені құптарлық іс. Әсіресе, учаскелік полиция инспек­торларының WhatsApp мес­сенджерінде ауылдастар тобына қосылып, олармен емен-жарқын сұхбатта болуы ауылда бұрыннан қалыптасқан әдет екен. Тіпті, осы соңғы оқиға сияқты әлеуметтік желінің арқа­сында кей­бір қыл­мыстардың ізі суымай ашыл­­ған уақыты да болыпты. «Ауылымызда көп қылмыс бола бермейді. Мал бағып, егін еккен шаруа жандар болған­дықтан, олардың артық қақ-соқпен ісі жоқ. Көбіне тұрмыстық-отбасылық жан­жалдар және мал ұрлығы жиі кездеседі. Ондайда мес­сен­джер­лердің көмегі көп. Мал жоғалып кетті деп хабар жібереміз. Көрген адам болса, жауап жазады. Кейде іздеген адамымыздың телефонын WhatsApp-тағы топ­тардан тауып алып жатамыз. Бұл өте тиімді және ыңғайлы байланыс тетігі болып тұр. Тіпті, WhatsApp-та біздің бар екенімізді білетін ауылдастар же­ліде сөйлескенде өздерін сыпайы ұстай­ды. Бұл да бір про­филактиканың нышаны деуге болады», – дейді аудандық ПБ жедел уәкілі, полиция капи­таны Аязбек Тайшыбеков.    Астраханка ауылы халық­аралық күрежолдың бойында орналасқан. Халқы негізінен ауыл шаруа­шылығымен, та­сымалмен күнел­теді. Аудан ор­талығы саналатын ауылда жедел ахуал тұрақты. «Карантин басталғалы ауыл­­дағы ауруханалар да, біздің ішкі істер органдары да тәулік бойғы кезекшілік режиміне ауыс­қан болатынбыз. Сондық­тан халық­аралық тасжол да, ауылдағы ахуал да біздің ұдайы қада­ғалауымызда. Мал ұрлы­ғына қарсы күндегісін кешкі рейдтерге шығып тұрамыз. Онда бізге шаруа қо­жалықтары өкілдері мен қазір «волонтер» атап жүрген бұрыннан бар қоғамдық көмекшілеріміз көмектесіп тұрады. Сергейді іздеген кезде де осы ауыл­дастардың үлкен көмегі болды. Әйтсе де, біз оның жоғал­мағанына сенімді едік. Өйткені оның ауылдан кеткенін ешкім көрген жоқ. Ол – жұмыссыз адам. Басқа жаққа жұмыс іздеп кетуі мүмкін. Бірақ әке-шешесі жақсы тұрады. Табыс табуға кетті дейтіндей мұқтаж­дығы жоқ. Сондықтан да қарияның көңілі үшін іздеу жұмыстарына бірден кірістік», – дейді Сәлім­жан Қайрат­ұлы. Ал бауыр еті баласымен қай­та табысқан ананың қу­анышында шек жоқ. Алғысын білдіру үшін ол ішкі істер органы басшылығы атына хат жазып, оған қоса ви­деосын да жолдапты. Бұл материал­дар Ақмола облыстық ПД ресми аккаунтында жарық көрді.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ