Қызылордада мұнай ұрлап сатқандар әлі де кездеседі. Одан бөлек, аймақта жалған ақша жасау, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, контрафакт өнімдері сауда-саттығымен айналысу тәрізді оқиғалар тіркелген.
Айталық, биыл өңірде мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 5 қылмыстық іс тіркелген. Олардың екеуі сотқа жолданды. Қызылорда қалалық №2 сотының қашықтан өткен ашық сот отырысы осындай бір қылмыстың жазасын тағайындады. 2016 жылдан бастап кәсіпкерлікпен, яғни облыстағы мұнай компанияларымен арада жасалған келісімшарттар негізінде мұнай бассейндерін тазалау, мұнай қалдықтарын шығару және жою қызметтерімен шұғылданған азамат араға жылдар салып, заңсыз әрекеттерге бет бұрған. Мұнай бассейндерін тазалау және қалдықтарды жою үшін жасалған келісімдерді пайдаланып, өңделмеген мұнай өнімдерін қыздырып, тұндырылған өнімді иемдену және сату жоспарын іске асырған. Мұнай қалдықтарын тасымалдауға арналған көлік құралдарымен өнімді кен орнынан алып шығып, тоннасын 110 мың теңгеден бірнеше заңды тұлғаға сатып келіпті.
Ал заңсыз ойын бизнесі аймақта әлі кездесуде. Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Рашид Темірбековтің сөзіне қарағанда, заңсыз ойын бизнесі саласындағы көлеңкелі қаржы айналымы бүгінде 60 млрд теңге шамасында екен. Ал Қызылордада облыстық Экономикалық тергеу департаменті мамандары заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушыларға қатысты биыл 5 қылмыстық іс қозғаған. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде тіркелген бұл істің 3-еуі аяқталып, сотқа жолданған. Айналымнан 82 монитор, 77 процессор, 40 телевизор, 8 кассалық аппарат, 31 терминал, 9 бейнежазғыш және 10 млн теңгеден аса ақша алынды.
Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетімен бірлесіп, республикалық «Ойын тоқта» жедел-сауықтыру шаралары аясында Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Тараз, Шымкент қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топ құрықталып, бірнеше қалада жүргізілген тінту нәтижесінде 5 покер үстелі, 11 ойын автоматы және 7 млн теңге, 60 мың АҚШ доллары айналымнан алынған.
Ал жалған ақша жасап, таратуға қатысты сөз қозғасақ, биыл облыста бұл бағыт бойынша 9 қылмыстық іс қозғалып, аяқталған. 4 іс сотқа жолданды. Сөйтіп, жалпы сомасы 286 500 теңге болатын 51 жалған теңге, 8 жалған купюра, 500 рублдік 1 купюра айналымнан шығарылды.
Сонымен қатар жалған және контрафакт өнім айналымына қатысты деректер де анықталды. Облыста акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымына қатысты 3 қылмыстық іс қозғалып, 2-еуі сотқа жолданды. Жедел іс-шаралар жүргізу барысында күмән туғызған 22 735 дана алкоголь өнімдері және есепке алу-бақылау маркалары заңсыз айналымнан алынып, тәркіленді.
Пандемия белең алып, карантин жарияланған тұста жекелеген тұлғалар антисептикалық құралдарды заңсыз және қымбатқа сатқаны, дәріханалардың дәрілерді қымбаттатқаны анықталды. 4 литрлік 113 құты антисептик, 24 000 теңгеден, сыйымдылығы 77 бөтелке спирттің әрқайсысы 1 800 теңгеден сатылған. Қазір айналымнан алынды. Сондай-ақ тергеушілер Қазақстанда дәрі-дәрмектер реестрінде тіркелмеген дәрілерді сату деректерін де анықтады.
Ал айналымнан алынған барлық өнім, сонымен қатар 2019 жылы тергелген қылмыстық істер бойынша айғақ заттар ретінде алынып, сақтау қоймаларында тұрған 23 772 бөтелке арақ пен 1567,5 литр спирт өнімдері облыстық Денсаулық сақтау басқармасына берілді.
Миуа БАЙНАЗАРОВА,Қызылорда облысы