Оңтүстіктен солтүстікке 2016 жылдан бері небәрі 6,5 мың адам қоныс аударған екен. Алайда оның 8%-ы кері көшіп кетіпті. Бұл мәліметті Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов жария етті. Орыс ұлты басым өңірді қазақыландыру баяу жүруде.
– Қоныс аудару «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жұмыс күші артық өңірлерден бізге келетін отбасылардың көшу шығындары өтеледі: өтемақы көлемі отбасының әрбір мүшесі үшін 35 АЕК, яғни 97 мың теңгеден төленеді. Егер отбасында 5 адам болса, 500 мың теңге алады. Келген жерде тұрғын үйді жалға не сатып алу үшін мемлекет өтемақы береді. Ауылда – 10-20 АЕК, қалада – 20-30 АЕК. Оның өзін таңдауға құқығы бар. 2019 жылдан бері облыстық бағдарлама іске қосылды. Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша қоныс аударушыларға арналған үйлер салынып жатыр Өткен жылы 428, биыл 700 үй салдық, – деді Қ.Ақсақалов. Оның айтуынша, мамандарға деген сұраныс жоғары: тракторшылар, малшылар, ветеринарлар, бюджет саласының қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер қажет. СҚО-ның кейбір кәсіпкерлері үйлерді өзі салып, оңтүстіктен адамдарды шақырады, мемлекет тұрғын үй шығындарын өтеуге көмектеседі. Журналистер сол жаңа баспаналардың сапасыз екенін еске салды. «Біз олардың техникалық сараптамасын жасаймыз, қандай қиындықтары барын тексереміз. Егер сапасына қатысты мәселе туындаса, онда құрылыс компаниясы кепілдендірілген мерзім аясында, яғни 2-3 жыл ішінде оның бәрін жояды. Қоныс аударушылардың сын-ескертпелері ескеріліп, олқылығы жойылды. Өткен жылы бізге 2,2 мың адам, биыл мың адам көшіп келді. Иә, денсаулығына, отбасылық жағдайларға байланысты кері қайтқандар бар, бірақ олар аз», – деген әкім бұл бағдарлама тиімділігін дәлелдегенін және оны алдағы бірнеше жылға ұзарту жоспарлары бар екенін айтты. Жалпы, оңтүстіктен келушілердің сирек легі облыстан кетушілердің орнын толтыра алмауда. Сондықтан, әсіресе жастардың «туған жерге ту тігуіне» мән берілмек. Аймақ басшысы СҚО-дан мектеп түлектерінің кетуі азайғанын мақтана жеткізді. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, аймақтық университетте тегін оқуға мүмкіндік беретін білім гранттарының саны 4 жылдың ішінде 2 есеге өсті. «Облыстағы мектеп түлектерінің кетуі 30-дан 12,7%-ға дейін төмендеді. Біздің жергілікті университеттегі студенттер контингенті 40%-ға өсті. Сонымен қатар жақын арада студенттердің санын 10 мыңға дейін арттыру жоспарлануда», – деді СҚО әкімі. Ол үшін жаңа оқу-зертханалық ғимарат және екі жатақхана салынуда. Келесі жылы 660 курсант оқи алатын әскери институттың жаңа оқу ғимаратының құрылысы басталады.Айхан ШӘРІП