Талабы мен тәртібі тастай деп жүрген «Теңізшевройл» компаниясы коронавирус пандемиясы басталғалы екінші рет Атыраудың қауіпті аймақ атануына «үлесін» қосып тұр. Теңіз кеніші індеттің шоғырланған ошағына айналып, Атырау облысы «Сары аймақ» жолағына қосылды.
Облыстың бас санитар дәрігері Амантай Жұмағалиев өңірде екі апта көлемінде СOVID-19 инфекциясы анықталғандардың 80 пайызы Теңіз кенішіндегі жұмысшылар екенін мәлім етті. Сондықтан Теңіз кенішіндегі карантин шаралары ұзарып, қатаң талаптар қойылды. Атырау облысының санитариялық-эпидимиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен алған мәліметке назар салсақ, 3 желтоқсанда коронавирус инфекциясының клиникалық белгілерінсіз 28 жағдай тіркелді. Ал 2 желтоқсан күні 31 жағдай тіркелген.
Атырау облысында бір ғана 7 желтоқсанда 61 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталды. Қауіпті дертке шалдыққан науқастардың 19-ы Атырау қаласынан тіркелген. Сондай-ақ Теңіз кенішіндегі 42 жұмысшыдан СOVID-19 инфекциясы анықталған.
Теңіз кенішінде жағдай күрделенбес үшін Денсаулық сақтау басқармасы Теңіз кенішінің стационарында науқастар санының артуына байланысты қосымша мамандар жіберуге шешім қабылдады.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Теңіз кен орнындағы 315 орындық инфекциялық стационарда жағдай күрделене түскенге дейін 15 маман жұмыс істеп келсе, енді оның қатары толығып, бүгінде 23 медицина маманы қызмет көрсетуде. Бүгін мұнда 174 науқас ем қабылдауда. Денсаулық сақтау басқармасы өткен аптада Теңіз кен орнына 8 маманды, жуырда қосымша 15 маманды жіберуге шешім қабылдады. Теңіз кенішінде 400 инфекциялық орын ашу жоспары бар.
Қазіргі таңда Теңіз кенішінде індет ошақтарындағы жағдайды тексеру, вахталық жұмыстағы қызметкерлердің барлық жағдайын жоспардан тыс тексеру, ошақ аумақтарын залалсыздандыру мен індеттің алдын алу үшін скрининг жүргізу жалғасуда.
Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нина Оспанованың айтуынша, облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдары пандемия кезінде қажетті ем-шара жасауға арналған дәрі-дәрмектің 2 айлық қорымен қамтамасыз етілген.
Ал «Теңізшевройл» компаниясындағы қазіргі ахуалды компанияның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев айтып берді. Сонымен қатар ол елең етерлік жағдайды мәлім етті. «Жуырда Теңіз кенішіндегі барлық адамның денсаулығына қауіп төндіретін жаңа жағдай анықталды. Кейбір мердігер компаниялар жұмысшыларының жалған ПТР-тест қорытындыларымен санитарлық бекеттен өтіп кету жағдайлары мәлім болды. Жалған тест анықтамасы бар жұмысшылардың Теңіз кенішіне кіру рұқсаттамасының күші дереу жойылып, тиісті уәкілетті органдарға хабарландырылды. Ресми тексеру жүргізіледі деп отырмыз», – деді Р.Артығалиев.
Сайып келгенде, Теңіз кенішіндегі жағдайдың күрделенуі қоғамда коронавирус пандемиясына қатысты ұстанымның әлі де немкетті сипатта екенін көрсетеді. Жұмысқа, әуежайға жалған ПТР-тест қорытындыларын пайдаланудың салдарынан вирус тағы өрши бастады. Бұл жағдай қыс мезгілінде күшейе түсетін тұмауға қосылса бұқараға да, билікке де оңай соқпауы мүмкін.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы