Елімізде мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жасөспірімдер арасында өтетін спартакиаданың шымылдығы ашылды. Мұндай шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.
Жарысқа Қазақстанның он екі өңірінен 250-ге жуық бала қатысып жатыр. Олар спорттың бес түрі бойынша бақ сынайды: шағын футбол, армрестлинг, тоғызқұмалақ, асық ату және үстел теннисі.
Nazarbayev University атлетикалық орталығында өтіп жатқан республикалық Make it possible спартакиадасын Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов салтанатты түрде ашып, жас спортшыларға сәттілік тілеп, идея авторы Арнұр Ысқақовқа алғыс білдірді. «Спартакиаданы дәстүрлі түрде өткізуді қолға алмақпыз. Бұл – жас спортшылардың жаңа достар тауып, спорттық тәжірибелерімен бөлісуіне жақсы мүмкіндік болады деп ойлаймын», – деді вице-министр.
Спартакиаданың ашылу салтанатына белгілі қоғам қайраткерлері, спорт саңлақтары, еліміздің белгілі өнер жұлдыздары қатысып, ерекше мұқтаждығы бар балаларға қолдау білдірді.
Арнұр ЫСҚАҚОВ,
идея авторы
–Елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спартакиада өткізу туралы ой бір жарым жыл бұрын келген болатын. Министрлікке бірнеше рет бардық. Нәтижесінде, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауына ие болып, асықпай дайындалдық. Мақсат – ата-анасы жоқ балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың арасында байланыс орнату. Осы шарадан керемет әсер алып тұрмын, үлкен арманым орындалды. Аяқтан тұрып кеткендей күй кешіп тұрмын.
Ескендір СЕРІКҰЛЫ,
асық ату спортынан бас төреші
–Республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан мұндай шаралар мүмкіндігі шектеулі балаларымызға қолдау көрсетіп, олардың қоғамға керек екенін сезінуіне мүмкіндік береді. Ұлттық спортымыздың дамуына ерекше балалар да үлкен үлес қосып жатыр. Олар өздеріне көрсетіліп жатқан мұндай қолдауды сезінеді, әрине бұдан жағымды әсер алады. Қатысушыларды қолдауға атақты Олимпиада чемпиондары, басқа да лауазымды тұлғалар келіп отыр. Бұл – қуантарлық жағдай.
Көкпар, тоғызқұмалақтың қасында асық ату ойыны кенже қалып қойды. 2015 жылдан бері көптеген іс-шара өтіп жатыр. Атап айтсақ, Қазақстан чемпионаты, Қазақстан кубогі, турнир, қалалық ойындар, 4 жылда бір келетін ұлттық спорт түрлері фестивалі т.б. Оған оқушылар арасындағы спартакиада қосылып жатыр. Асық ойыны үлкен спорт залды қажет етпейді. Осы спорт түрінің дамығанын қалаймыз. Қазақ халқы үшін асықтың маңызы зор. «Сақадай сай тұр» дейміз, бір істі бастағанда «асығың алшысынан түссін» дейміз.
Қазір жаңа ойын түрі шығып, ережесі бекітілді. Ол «бес асық» деп аталады. Бұрын оны «шекемтас», «бес тас» деп айтатын едік. «Бес асық» ойыны қолдың, саусақтың сезімталдығын, икемділігін арттырады. Сосын көздің қарашығына, мойын еттеріне пайдасы бар. Бүгінгі спартакиадаға «бес тас» пен асық ойынына 48 бала қатысады. Оның ұл бала – 28, қыздар –20. Қызық ойын болатынына сенімдімін.
Әділ ТАЛҒАТҰЛЫ,
денешынықтыру пәнінің мұғалімі
– Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласынан көру қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернаты Спартакиадаға командамды тоғызқұмалақтан және «бес асықтан» дайындап келдім. Командада 8 бала бар, жаттықтырушы да бірге келді. Ең кішісі – 12 жаста, үлкені 16-да. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп жүріп байқағаным – ерекше балалардың ойлау қабілеті жоғары болады. Бізбен бірдей ойлайды деп айта аламын. Сондықтан мұндай шаралар олардың жан-жақты дамуына әсер етеді.
Сәттігүл РАСЫЛХАНОВА,
жаттықтырушы
–Спартакиадаға Жамбыл облысы Қаратау қаласынан келдік. Жарысқа қатысып жатқан балаларымыздың бәрінде ДЦП диагнозы бар. Тірек қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған арнайы интернатта оқиды. Оқушыларды 3 спорт түрінен дайындадық: асық ату, тоғызқұмалақ және армрестлинг. Ерекше балаларға көбірек көңіл бөлінсе дейміз.
Әсемай ӘШІМБЕК,
Спартакиада қатысушысы, 10-сынып оқушысы
–Таразда қол күрестен аудан, облыс деңгейіндегі түрлі жарыстарға қатысып жүрмін. Жүлделі орындарға ие болдым. Нұр-Сұлтанға алғаш рет келіп тұрмын. Осы республика деңгейіндегі жарысқа 3 жыл дайындалдым. Мақсатым – жеңіс тұғырынан көріну. Ұйымдастырушыларға, ұстаздарыма рақмет.
Жансая КӨШЕРБАЙ,
спартакиада қатысушысы, 9-сынып оқушысы
– Осындай жарысқа бірінші рет келіп тұрмын. «Тоғызқұмақ» ойыны ұнайды, осы арқылы өзімді дамытқым келеді. Аудандық жарыстарға барып жүрмін, бірақ осындай республика деңгейіндегі шараға алғаш рет келіп тұрмын. Жүлделі орын алуға барымды саламын. Біздерге үлкен қолдау көрсетіліп жатқаны қуантады.