Олар алаяқтардан тәркіленген қаражат барлығымызға жетпейді деп күйінеді. Сондықтан ақшасын салып опық жеген халық бұл іске Мемлекет басшысының араласуын сұрап отыр.
«Алаяқтардан тәркіленген мүлік пен ақша барлығымызға жетпейді» деп алаңдаған салымшылар мемлекеттен көмек сұрайды.
Алматы қаласының тұрғыны Ақкенже Омарова: «Тәркіленген ақша аз. 2 миллиард кімге жетеді? Талабымыз – мемлекет жәбірленушілер қорынан бізге ақша бөліп берсін. Неге десеңіз, қазір барлығының жағдайы қиын. Соның кесірінен адам өлімі, инфаркт болып, ажырасып жатыр», – дейді.
Жыл басынан бері қаржы пирамидаларының 2 млрд теңге болатын мүлкі тәркіленді. Ұйымның негізін қалаған үшеудің біреуі ғана ұсталған. Екеуі шетелде қашып жүр. Шығын көлемі 20 млрд теңгеден асады. Жәбірленушілердің саны 17 мыңға жеткен.
ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз: «10 қарашада «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард» және «Выгодный займ» сияқты қаржы пирамидаларына қатысты тергеу аяқталып, қазір тараптарға таныстыруға жіберіліп отыр. Осы іс бойынша 50-ге тарта күдікті деп танылған азамат барлық іспен таныстырылады. 33 азамат қамауға алынды», – деді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері түрлі қаржы пирамидаларына қатысты 250 қылмыстық іс қозғалып, оның 120-сы сотқа жолданған. Жалпы, елімізде 25 мыңнан астам адам осындай күмәнді ұйымдарға 33 миллиард теңгеден астам қаражат салған.