Ауыл әкімі мен тұрғындар өрттен 5 баланы аман алып шықты. Аумағы 200 шаршы метр баспана жанып кетті.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше ауыл әкімі Нұрдәулет Смағұлов батылдық танытып, 5 баланы үйден аман алып шықты. Олардың денсаулығын дәрігерлер тексереді», – дейді ТЖД мамандары.
Сұлукөл ауылының әкімі Нұрдәулет Смағұлов: «Өрт болған үй әкімшілікке жақын. Таңертең сыртта жүргенбіз. Үйден түтін шығып жатқанын көріп, жанымда тұрған жұмысшылармен бірге жедел жеттім. Кірген бойда бесікте жатқан баланы сол күйі алып шығып, өзгелерге ұстаттым. Тағы біреуі диван үстінде отырды. Оны далаға алып шығып, бетін қармен ысқыладық. Сол кезде ғана бала жылап жіберді», – дейді.
Ауыл адамдары өртті бастапқыда өз күшімен сөндірмек болған. Өрт сөндірушілер келгенше су таситын көлікпен су жеткізген. Бірақ жалын күшейіп, үй мен оған жапсарлас орналасқан дүкен жанып кеткен.
[caption id="attachment_94235" align="aligncenter" width="1152"] Фото: ТЖД-нен алынды[/caption]
«Біз бірден балалардың ата-анасына хабар бердік. Олар ауылдағы өзге дүкенде жүрді. Балалары үйде болған. Бұл – ерлік емес, парызымыз. Кез келген ер-азамат дәл осылай жасар еді», – деді ауыл әкімі.
Өрт сөндірушілер үйдің ішінен газ баллонын алып шықты.