Тәрбие деген темірқазық болмаса, бала деген – бой бермейтін асау тай. Осы тәрбиенің осалдығынан оқушылар арасында топтық төбелес, ұрып-соғу және қорлау жағдайлары жиілеп кетті. Ал оның соңы тағдыр тәлкегіне ұшырап, темір торға тоғытылып жатқан балалардың көбеюіне әкеп жатыр. Заңгерлер жағы абақтыдан шыққан жасөспірімдердің 70 пайызы қайтадан қылмыс жолына түсіп, кейбіреулері кәнігі қылмыскерге айналатынын айтады. Демек, бұл баланы сол жағдайға жеткізбеудің жолын қалайда табу керек деген сөз.
Бүгінде кәмелет жасына толмаған 5 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр екен. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс Алматыда – 33,5%, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Астанада – 18%, Ақмола мен Ақтөбе облыстарында – 11%, Түркістан облысында 7,8% көбейген.
Былтыр арты өлімге ұласқан мектеп оқушыларының төбелесін, бірін-бірі кемсітуін бүкіл ел көрді. Бір ғана Ақтөбе облысында үш оқиға тіркелді, Шымкент колледжінің студент қыздары оқушы қыздарды тонағаны үшін ұсталды, Түркістан облысындағы балалар сыныптасын қатігездікпен сабаған. Өткен жылы бұл облыста 20 баладан ақша жинаған жасөспірім ұсталды, балалардың біреуі өзіне қол жұмсаған. Қарағандыда пиццериядағы орынға таласқан балалар төбелес шығарған.
Бізге әлі 2 000 инспектор қажет екен. Әрбір мектептің өз инспекторы мен бірнеше психологі болмайынша, бұл мәселе шешілмейді. Сондай-ақ кәмелетке толмаған қылмыскерлерді арнайы мектепке жіберу керек.
Балалар колониясында негізінен қыз зорлаған, алаяқтық, ұрлық, әлімжеттік жасаған, кiсi өлтiрген жасөспірімдер отыр.
«Шыны керек, қазір балаға көңіл бөлетін ата-ана азайып, жаппай жұмысбасты болып кеттік. Олар өзіне деген махаббатты көшеден, сырттан іздейді. Басқалардың назарын өзіне аудартқысы келеді. Кез келген баланың бір қызығушылығы болады. Мәселен, ол футболды немесе боксты қатты қалауы мүмкін. Әлде домбыра, гитара үйренгісі келе ме? Осындай артықшылығын ертерек анықтап, баламен жүйелі жұмыс жүргізілмесе, онда ол күшін осындай өзіне пайдасы жоқ нәрселерге жұмсай бастайды. Міне, мен бұл мәселенің түпкі себебін осыдан көремін» дейді балалар психологі Айгүл Рахметқызы.
Иә, мамандардың дабыл қағатындай жөні бар. Бүгінде балаларға қатысты қылмыстар саны екі мыңнан асты. Әсіресе, Түркістан (207), Ақтөбе (187), Солтүстік Қазақстан (59) облыстарында және Шымкент (2017 жылы – 122, 2018 жылы – 166), Астана (2017 жылы – 72, 2018 жылы – 84) қалаларында балаларға қатысты қылмыстың өршуі байқалады.
Ал енді осы қылмыстың алдын алу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп, тәрбие тінін ретке келтіру тиіс мамандар көптеп жұмылу керек. Алайда қазір бұл жағынан да ақсап тұрған жайымыз бар.
Министрлік келтірген деректерге сенсек, бүгінде білім беру ұйымдарында 2 178 мектеп инспекторы мен 7 мыңнан астам психолог жұмыс істейді. Одан бөлек, 4 мыңға жуық қана әлеуметтік педагог бар. Олар күн сайын мектеп әкімшілігімен, ата-аналар комитетімен бірлесіп тиісті шаралар қабылдайды. «Бізге әлі 2 000 инспектор қажет екен. Әрбір мектептің өз инспекторы мен бірнеше психологі болмайынша, бұл мәселе шешілмейді. Сондай-ақ кәмелетке толмаған қылмыскерлерді арнайы мектепке жіберу керек. Дәл қазір осындай 500-ден астам баланы арнайы мектепте оқыту керек. Алайда олар әлі де сол тұрғылықты жері бойынша қалып отыр. Ал ол айналасындағы адамдардың наразылығын туғызып, балалардың жазасыз қалуына жол береді. Әсіресе, құқық бұзуға, қылмыс жасауға бейім, сотқар балаларға теріс әсер етеді», – дейді әлеуметтанушы Ерлан Бошай.
Бүгінде жергілікті полицияның бақылауында 10 мыңнан астам осындай жасөспірімдер бар екен. Мектеп оқушыларының жүріс-тұрысын қадағалауға қатысты түрлі рейдтер ұйымдастырылғанымен нәтиженің жоқтығы қынжылтады. Оның барлығы біз айтқан маман жетіспеушілігі, арнайы мектептердің жоқтығы және тәрбие тінінің сөгілуінде жатыр.
P.S.
Ата-анасы қарамаған баланы көше тәрбиелейді. Одан қалса, телефон мен теледидарға телміретіні тағы бар.
Статистикаға сенсек, бала бір күнде 17 рет өлім көрінісін, 37 рет атыс шабыс, ұрып-соғу, қатыгездік картиналарына куә болады екен. Соның кесірінен баланың психикасы бұзылып, қалыпты дамуы тежеледі. Бойынан мейірімділік, ізгілік қасиеттері жойыла бастайды. Оған шынашақтай күнінен шыбыққа түскен баланың осыған бейім болатынын қосыңыз.
Пікір – пішен, мысал мың...
Ақбота ӘЛІМ