Шымкентте күзетші өзін атып жіберді
Шымкентте күзетші өзін атып жіберді
5,253
оқылды

Оқыс оқиға түнгі сағат 3-те күзет көлігінде болған.

«Патруль» күзет агенттігінің қызметкері Шүкіржан Қыдыров травматикалық тапаншаның шүріппесін басып, басынан ауыр жарақат алған. Ес-түссіз ауруханаға жеткізілген азаматты дәрігерлер аман алып қалуға тырысып жатыр. 31 жастағы азамат тірі қалған күннің өзінде мүгедек болып қалуы мүмкін. Оқыс оқиға түнгі сағат 3-те Шымкентте болды. Банктердің бірін күзетіп тұрған көліктің ішінен атылған қарудың даусы естілген. Рульде болған Шүкіржан қолындағы травматикалық тапаншадан жараланыпты. Ал жанында отырған серігі ұйықтап кеткен, сондықтан нақты не болғанын білмейді. Дереу жеткен жедел жәрдем көлігі қансыраған азаматты ауруханаға жеткізген. Ауыр жарақат алған азамат қазір ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыр.

Нейрохирург Бабур Юсупов: «Маңдайы мен шекесінен жарақат алған. Бір оқ алынды. Көп қан кеткен. Қан құйылды. Ашық жара болғандықтан, бұл кісі енді мүгедек болып қалуы мүмкін», – деді.

Шүкіржан Қыдыров өзі үш жыл қызмет еткен «Патруль» күзет агенттігінде де түннен бері маза жоқ.

«Ішпейтін, спортқа жақын жігіттің өз-өзіне қол жұмсауына себеп жоқ», – дейді әріптестері.

Екі тәулік демалып, бір күн жұмыс істейтін күзетші жанындағы серігімен таңғы 9-ға дейін банк алдында отыруы тиіс еді. 200-ге тарта күзетшісі бар агенттік басшылары жаралы қызметкерге жан-жақты жағдай жасауға әзірміз деп отыр.

Күзет агенттігінің директоры Алмас Батырбеков: «Болжам айта алмай отырмыз. Себебі, оғаш мінезін байқамадық. Төбемізден жай түскендей болды. Материалдық көмек көрсетеміз. Мән-жайды анықтаймыз. Болмаса адаптациялық мекемеде емдетуге қол ұшын береміз. Біз оған дайынбыз. Біз тарапымыздан еш қысым болмаған», – деді.

Полицейлер «Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу» бабымен тергеуді бастады.

Былтыр үйленген жігітті үйінде ата-анасы мен аяғы ауыр келіншегі күтіп отыр.