Ақжайық, сенің орның алабөтен...
Ақжайық, сенің орның алабөтен...
377
оқылды

Атырау аймағының тіршілік көзі, бекіре тұымдас бағалы балықтардың мекені – Жайық өзенінің тартылуы жалпыұлттық мәселеге айналып отыр. Эколог мамандар Жайықтың таяздануын экологиялық апатқа теңеді. Жуырда Ресейде өткен трансшекаралы өзендерінің экожүйесін сақтау мен қалпына келтіру бойынша бірлескен шаралар туралы жиында осы мәселе қайта көтерілді.

Мәскеу қаласында Қазақстан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ресей Федерациясының табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козловпен кездесті. Кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау және табиғатты тиімді пайдалану саласындағы бірқатар стратегиялық маңызды құжатқа қол қойылды. Ресми кездесуде қабылданған құжаттардың ішінде Жайық трансшекаралық өзені экожүйесін сақтау және қалпына келтіру туралы 2021-2024 жылдарға арналған қазақ-ресей әріптестік бағдарламасы бар. Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, соңғы жылдары Жайық өзенінің ағыны төмендеп, балықтардың уылдырық шашатын алқабы тоқырауға ұшыраған. Бұл бағалы бекіре балықтарының өсуі мен көбеюіне, балық шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізіп тұр. Мағзұм Мырзағалиев: «Жайықтың тартылуы – елдеріміздің ортақ экологиялық проблемасы. Бұл жағдай жалпы өзен бассейнінің флорасы мен фаунасының нашарлауына әсерін тигізді. Сондықтан өзен ағынын реттеу бойынша, әсіресе су тасқыны кезеңінде кешенді шаралар жасау керек. Қабылданған бағдарлама бұл бағытта тиімді нәтижелерге қол жеткізуге, жалпы Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтап қалуға септігін тигізетініне сенімдімін» деп атап өтті. Айтарлығы, Жайық трансшекаралық өзені экожүйесін сақтау және қалпына келтіру туралы 2021-2024 жылдарға арналған әріптестік бағдарламасы экожүйені қалпына келтіру бойынша ғылыми негізделген ұсыныс әзірлеу, ластану көздерін анықтап, инвентаризациялау, су өткізгіш нысандарды реконструкциялау, бассейннің су нысандарын тазалап, қалпына келтіру сияқты маңызды іс-шараларды қамтиды. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында Жайық өзені бассейнін сауықтыруға бағытталған іс-шаралар тізімі бекітіледі. – «Бағдарламаның әрбір бағыты – екі ел сарапшыларының кешенді және кең ауқымды жұмыстарының нәтижесі. Оның қабылдануы үшін қалыптасқан жағдай мен жүзеге асу перспективасы терең сараланды. Бұл – бірлескен өте үлкен жұмыс. Біз өз кезегімізде әрі қарайда Жайық өзені бассейніндегі ахуалды жақсарту жолында жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін күш салуға дайынбыз», – деді Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев. Ресейлік ғалым-эколог Александр Веселов өткен жылы Жайық өзенін сақтап қалуға қатысты арнайы экспедиция кезінде: « Өзен бойындағы әр аймақ ғаламдық жылыну процесі қатерін төндіріп тұрғанда өзіне тұщы судың көп бөлігін алып қалғысы келеді. Олар экологиялық проблема барша адамзатқа ортақ мәселе екенін түсінгісі келмейді. Сондықтан бұл мәселені табиғатқа да, адамзатқа да пайдасы боларлықтай шешу уақыт күттірмейді» деген болатын. Сайып келгенде, ежелден дос екі елдің Жайық өзенінің жылдар бойы қордалана түскен проблемасын шешуде ресейлік ғалым-экологтің пікірін негізге алып, нақты істерді жүзеге асырғанда ғана нәтиже күтуге болатынын білген абзал. Жайық Өткен жылы Жайықтағы су мөлшері соңғы 100 жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Мұны өзенді жағалай қоныстанған жергілікті халық та күнде көріп, жанайқайын жергілікті билікке жеткізумен болды. Өзен суы мөлшерінің азаюы мен бірге флорасы мен фаунасына алаңдаушылық білдірген халықтың талабын ескермесе де болмайды. Атырау облысы аумағындағы Жайық өзені алабында сүтқоректілердің 50-ге тарта түрі мәлім. Шұбар күзен мен Бобринский жарқанаты еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Жайық өзені алабын 300-ге жуық құстың түрі мекендейді. Ал балықтың 95 түрінің ішінен 5-еуі Қызыл кітапқа енген. Егер Жайық өзеніне арнайы статус беріліп, қамқор лыққа алынбаса, осындай байлықтарымен бірге өсімдіктері мен жәндіктері қоса Қызыл кітапқа еніп кетері сөзсіз. Әлем бойынша ауызсу тапшы. Дүние жүзінде ауызсуға байланысты талас-тартыс болып жатыр. Мұны бүгін біз Африка елдерінен көріп отырмыз.Сондықтан дәл осы шақта бізге Жайық өзенін «Ақжайық, сенің орның алабөтен», – деп аялайтын уақыт жетті. Бұл мәселе келер жылы Көкшетауда өтуі жоспарланып отырған Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары қатысатын XVII аймақаралық әріптестік форумында жанжақты талқыланарына үміттіміз.

Tyrsin

     

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы