Түтіні тұрғындарды тұншықтырған кәсіпорын көшіріледі
Түтіні тұрғындарды тұншықтырған кәсіпорын көшіріледі
121
оқылды

Ақмола облысы Целиноград ауданы Алтынсарин ауылындағы зиянды түтін шығаратын кәсіпорын басқа жерге көшірілетін болды.

Таяуда, ауыл тұрғындары осы мәселемен «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» аясында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің қабылдауына кірген болатын. Тұрғындардың айтуынша, үйлеріне таяу жерде орналасқан кәсіпорыннан бөлінетін түтіннің иісі өткір.

Министрдің тапсырмасы бойынша Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов мән-жағдайды анықтау үшін аталмыш елді мекенге барды. Ол орынбасарымен, Ақмола облысы экология департаментінің басшысымен, ауыл әкімімен, аудан әкімінің орынбасарымен бірге кәсіпорынның өндірістік қызметін зерделеген. Министрлік ақпаратына сәйкес, биыл қыркүйекте бұл компанияға тексеру жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Мәселен, кәсіпорын газ тазарту құрылғыларсыз, сондай-ақ рұқсаттама құжаттары берілмеген жабдықтармен жұмыс істейтіні белгілі болды.

«Қыркүйекте бұл компания жауапкершілікке тартылып, сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілген», – деді З.Жолдасов. «Қазіргі уақытта қоршаған ортаға зиян келтіруді тексерудің сыртында, бұл кәсіпорында санитарлық қызметтер де тексеру өткізуде. Компания басшылығына заңбұзушылық қайталанған, алдыңғы ұйғарым түзетілмеген жағдайда, кәсіпорын жұмысы тоқтатылатыны туралы мәселе қойылатынын жеткіздік», – деді комитет басшысы.

Тұрғындармен, компания басшылығымен және әкімдікпен бірге өткізілген кездесу барысында компанияның өндірістік бөлігін басқа жерге көшіру туралы шешім қабылданды.