Карантин кезінде біраз қызық жерге бара алмай қалған болсаңыз, қапа болмаңыз. 39 жастағы Жасұлан Наурызбаев жаңа технологиялардың көмегімен еліміздегі түрлі нысандар мен ғимараттарды цифрландырып жатыр. Бұл жобаға Назарбаев университеті қолдау білдірген.
3D тур жасауға мүмкіндік беретін технологияның Қазақстанда дамып келе жатқаны қуанышты жаңалық. Себебі соның көмегімен үйде отырып, ноутбук не смартфон арқылы театр, музейге виртуал саяхат жасауға болады. Сонымен қатар құдды мейрамханаға өзіңіз барғандай атмосферасын сезіне аласыз. Жасұлан панорамалық суреттер мен виртуал шынайылыққа бұрыннан құмар болыпты. Айтқандай, елімізде бұл технологиялар аса дамымаған. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтырып, Қазақстанның түкпір-түкпірін тамашалауға мүмкіндік бергісі келген. Бірақ бұл біз білетін қарапайым 3D тур ғана емес. Мұнда толықтай сол жерге енгендей әсер сыйлайтын лазерлік көшірме жасалады. Мұндай ауқымды жұмысты жалғыз еңсеру оңай болмағандықтан, автор Назарбаев университетінен қолдау сұраған. Бұл жерде оның бетін қақпай, қайта белін буған. «Құрылыс компанияларында істегендіктен, аз тәжірибем бар. Сату бөлімінде көп адам жиналған жерде нысанды таныстыру керек болады. Сондайда фото мен видеоның жеткіліксіз екенін сезетінмін. Сол үшін толықтай сол жердің аурасын сезінуге мүмкіндік беретін жол іздедік. Сөйтіп, қажет жабдықтарды жинай бастадық. Ол үшін сканер, сервер, сол материалды өңдей алатын сервис керек. Содан кейін осы сервистік бағдарламалар арқылы жол тауып, цифрлы көшірмеге енгізуді қолға алдық», – дейді Жасұлан. Жобаның атауы — City360. Осылайша, Назарбаев университетінің NURIS (Nazarbayev University Risk-taking Inspiration Synergy) бизнес-инкубация бағдарламасының финалисі атанды. Бастаған сәттен бері қазірге дейін түрлі нысанға жүздеген 3D тур жасалған. Олардың ішінде театр, музей, дүкендер мен барбершоптар бар. Мәселен қазір «Астана Опера», Сәкен Сейфуллин музейін тамашалауға болады. Күні кеше Абай атындағы Опера және балет театры мен Дінмұхамед Қонаевтың музей үйін цифрландыру жұмысын аяқтаған.Қ.ИСМАИЛ