Тәртіпке бағын, коллектор!
Тәртіпке бағын, коллектор!
241
оқылды

Билік қиын шақта халықты әлеуметтік қорғауға күш салып жатыр. Ел Президенті аз қамтылған және көпбалалы от­басылардың қарыз жүктемесін азайту бағытында бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдады. Мемлекет шамамен 500 мың азаматтың кредитін толығымен немесе ішінара бюджеттен өтеп берді. Сондай-ақ жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақыны көбейтіп жатыр. Бірақ мұның бәрі кол­лекторлардың заңсыз қарекеттерін жоққа шығарып, бұқа­раның көңіл күйін бұзуы, тұрмыс деңгейін нашарлатуы мүмкін.

Сұм ойыншыларға толы нарық

Осы сәрсенбідегі жалпы оты­рыста Мәжіліс «Кейбір заңнамалық акті­лерге Қазақстанда микро­қаржылық және коллек­торлық қызметті реттеу мә­селелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын І оқы­лымда мақұлдады. Оны «нұр­отандық» де­путаттар әзірлеген. Құжат азаматтардың шектен тыс қарыздануына жол бермеу, тұты­нушылық кредиттеудің оңтайлы өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында әзірленді. Ең бастысы, ол коллекторлық агенттіктердің жауапкершілігін арттыруға және тұрғын­дарды қосымша қорғауға ба­ғытталған. Мысалы, заң жобасында кол­лекторлық агенттіктердің (КА) жарғылық капи­та­лының ең төменгі мөлшерін 10 миллион тең­ге көле­мінде бекіту ұсынылады. Бұл не үшін керек? Ұйымдар өз мойнына төл жарғылық капиталы көлемінде ғана жауап­кершілік алады. Ал онысы 100 мың теңгеге жетпеуі мүмкін. Салдарынан сот зардап шегушілерге олардан ештеңе өн­діріп бере алмайды. Айта кету керек, бұдан бұрын Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігі бұл межені 15 мил­лион теңгеге дейін көтеруді ұсын­ған. Алайда кәсіпкерлік орта қарсы болыпты. «Коллекторлық қызметтер на­рығында жүйелі тәуекелдер одан әрі сақталуда. На­рықта адал емес, жо­сықсыз қатысу­шылар жетерлік. Азаматтардан коллек­торлық агент­­тіктердің (КА) өз құқығын үнемі аяққа таптайтыны туралы жиі шағым тү­седі. Мысалы, 2018 жылы коллекторлық агент­тік­тердің іс-әрекетіне қатысты Ұлт­тық банкке 230 адам өтініш жол­даған. 2019 жылы Қаржы нарығын реттеу агенттігі КА-лардың іс-әрекетіне қарсы борыш­керлердің 353  ша­ғымын қарады.  Бұл  өт­кен жылмен салыстырғанда 123 шағымға немесе 53%-ға көп. Ша­ғымдардың биыл да өсуі бай­қалады», – деп хабарлады агенттік. Мамандардың айтуынша, 10-15 млн теңгеден аз ақшаға осындай ұйым ашудың өзі нонсенс. Жаңа заң аясында борыш­­керден алып қойған дүние-мүлікті сақтауға мүмкіндік беретін кеңсе-орын­жайының болуы әрбір КА-дан талап етілмек. Үй-жайы болмаса, оны жалға алуы керек. Ол кеңседе компьютер, шкаф және басқа да керек-жарақ, жаб­дықтармен жаб­дықталған бірнеше жұмыс орны сайлануы тиіс. Қарыз өндіретін қызмет­керлері аудио және бейне тіркеу құрылғыларымен қамтылуы қажет. Сонда олар қа­рызға бат­қан клиент­пен кез­де­сулерін жазып ала алады. Егер барлығы видеоға жазылса, онда бұл коллекторларды борышкерлердің негізсіз, себепсіз шағымынан қор­ғайды, оның үстіне коллектор да заңға қайшы әрекетке барудан аяғын тартады. КА штатында 3-4 қызметкер-коллектор (еңбекақысы орташа есеппен 200 мың теңге), бухгалтер (ең төменгі жалақысы 200 мың теңге), заңгер (жалақысы ең кемі 200 мың) болуы және бәрімен ресми келі­сім­шарт жасалуы керек. Сонымен бірге КА кредиттік бюромен шартқа отыруы шарт. Осы шығындарды қоса алғанда, 10-15 мил­лион теңге шығады. Бүгінде Қаржылық реттеу агенттігінде Қазақстан бойынша 170-тен астам кол­лекторлық агент­тік тіркелген. Бірақ оның тек 5-еуінің ғана жарғылық капиталы 10 миллион теңгеден асады. Демек, аталған заңды Парламент қа­был­дап, оған Прези­дент қол қойып, күшіне енгеннен кейін жарғылық капиталын осы межеге жеткізе алмаған КА-ларға жабылуға тура келмек.

Жауапсыз жұртқа арамза кредитор

Дегенмен бұл сома Мәдина Әбілқа­сымова ұжымы ұсынып отырған 15 мил­лион теңге межесіне дейін көтерілуі мүм­кін. Өйткені заң жобасын бірінші оқы­лымда талқылау барысында Мәжіліс тө­рағасы заңда тек «уәкілетті ор­ганның КА-лардың жарғылық капиталының ең төменгі деңгейін бекіту құзыры барын» ғана жазуды, ал сол капиталдың нақты сомасын белгілеуді агенттіктің өзіне қал­дыруды ұсынды: ведомство оны өз қау­лысымен бекітеді. Бұл ұсынысты заң жобасы бойынша жұмыс тобы екінші оқы­лымға дейін пы­сық­тайды. «Мұндай шешім қаржы нары­ғындағы ахуалға және халықтың мүдделеріне сәйкес қабылдануы қажет. Коллекторлардың қыз­метін бақылау аса маңызды. Халық оларды қарыз бен қалта қағушылар ретінде қабыл­дайды. Елдің өзін солай қабылдауына олар­дың өздері кінәлі. Әрине, нарық жағдайында кредиттің, қарыздың қайтуын қамтамасыз ету керек-ақ. Әйт­кен­мен қай­та­ру қатаң түрде заң аясында жүруі тиіс. Коллекторлық компаниялар борышкердің құ­қықтарын бұзбауы керек. Олар 90-жыл­дардағы басбұзарларға ұқсап кетпеуі, елдің үрейін алмауы қажет. Ендеше олардың қызметін бақылауға алған жөн», – деді Нұр­лан Зайроллаұлы. Оның байламынша, осыған қажетті бүкіл заңнамалық база түзілді. Ал жаңа заң жобасы Аза­маттық кодекске, сондай-ақ қолда­ныстағы «Микроқаржылық қызмет туралы», «Коллекторлық қызмет туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. коллектор Халықты коллекторлардан қор­ғаудың бір тәсілі ретінде заңнамада тұтынушылық несиелендіруді реттейтін нормалар қатай­тылды. Мысалы, күнкөріс шегінен төмен табыс табатын азаматтарға заем беруге заң жүзінде тыйым салынды. Мұ­ның сыртында микронесие тарататын ұйымдардың қыз­метін реттеу күшейтілді. Еліміздегі бар­лық кредиттік серіктестік, ломбард және он­лайн-кредиторлар есептік тіркеуге алынды. Оларды енді Қаржылық реттеу агенттігі қада­ғалауы тиіс. Бірақ жауапсыз несиелендіру бәрібір өршіп барады. Бұл проб­лемаға биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ел Президенті де жеке тоқталды. «Бірінші кредиттік бюро» дерегінше, 2020 жылғы 1 қараша­дағы жағдай бойынша 170 мың кәсіпкер мен 810 мың жеке тұлға микроқаржы ұйымдарынан мик­рокредит алған. Бұл ұйым­дардың жылдық сыйақысы өте жоғары екені мәлім. Тұтастай алғанда, осы азаматтар мен биз­несмендер МҚҰ-ларға 735 миллиард теңге қарыз. Елімізде тұтынушылық кредит ал­ғандардың 38%-ы немесе 310 мыңдай адам ол бойынша төлем төлеуді тоқтатқан. Са­рапшылардың пікірінше, кейбір адам «кейін мемлекет кешіреді» деп, жағдайы келмесе де қымбат тұрмыстық техника, Айфон, өзге смартфонды несиеге алады. Депутаттар бастамашы болған жаңа заң жобасында уәкілетті ор­ганның, яғни агенттіктің «мик­рокредит ұсыну туралы келісім­шартты бекіту тәртібін» қабыл­дайтыны қарастырылған. Ол тәр­тіпте микрокредит туралы шарт­тың мазмұны қандай болуға, қалай рәсімделуге тиістігі көрсетіледі. Микрокредиттің толық құны туралы ақпарат жазылуы талап етіледі. Яғни, борышкерден одан артық ақшаны талап ете алмайды.

Мұнысы рэкет емес пе?

Жалпы, билікке коллекторларға қатысты әртүрлі шағым түседі. Мысалы, Әділет министрі Марат Бекетаевқа өті­нішінде Батыржан Жаров тіпті өзі қарызға батқан адам­дардың коллектор болып жүр­геніне таңданады: «Осыған қатысты 3 қарашада шағым жазғанмын. Қайта жүгінуге мәжбүрмін. Нұр-Сұлтан қаласында Шыңғыс Жанатұлы деген жеке сот орындаушыны уәкілетті орган кезінде «Цеснабанктің» өтініші бойынша лицензиясынан айырған бола­тын. Ол енді коллекторға айналыпты. Соны­мен, бір мезгілде тағы да ЖСО ли­цензиясын алып, төл жауапкершілігі шек­теулі се­ріктестігін құрғаны анықталып отыр. Бұл сонда қалай? Жанатұлы банк алдындағы 30 миллион тең­геден астам қарызын әлі өтеген жоқ қой», – дейді Б.Жаров. Қорқыныштысы сол, қазіргі кезде коллекторлар ЖСО-мен тізе қосып, бо­рышкерді екі жақтан қыспаққа алады, тоқ­таусыз қу­далайды. Ақыр соңында қарыз алушы екеуінің де қызметін төлеуге мәж­бүр болады. Көпбалалы ана, педагог Гүл­жанның ұлы Данияр 2018 жылы қаржыдан тарыққан кезде tengo.kz-тен 10 000 теңге микрокредит алады. Уақытында төлей алмай, ісі ЖСО-ға тап­сырылады. «Оны жабу үшін бухгалтерия Даниярдан 34 460 ұстады. Осы туралы ЖСО Мелдеевке хат жол­дайды. Оған жауап ретінде ЖСО «қарызы өтелді» деген хат жібереді. Дәл осы кезде ЖСО Қайырбек деген шығып, ол «енді маған 19 мың төлеуі керек» деп отыр. Бұл не деген сұмдық? Бір несие үшін бізден бірнешеуі ақша алғалы отыр. Бұдан басқа Айдана деген коллектор: «маған 5 000 төлесін!» дейді. Мен көпбалалы анамын. Мүгедек бала тәрбиелеп отырмын», – деп зар илейді ана. «Әлеуметтік навигатор» қо­ғам­дық ұйы­мының басшысы Куляра Маненова өз­деріне коллек­тор­лардан қысым көрген адамдар да жүгінетінін айтады. «Мысалы, бізге Виктория Бо­рушевская көмек сұрап келді. Коллекторлар соттың еш ше­ші­мінсіз, ешқандай актісіз, «банк алдындағы қарызының өтемі» деп оның жалғыз автокөлігін тартып алып кетіпті. Бұл ретте автомобильді тәркілегені туралы құжат та, қолхат та бермеген. Биылғы 4 қа­ра­шада борышкер «Национальная служба взыскания» коллекторлық агент­ті­гінің Алматы қаласындағы Мұқа­нов көшесіндегі кеңсесіне мені ертіп барды. Біздің көзімізше де олар растаушы құжаттарды беруден бас тартты. Сондай-ақ банктің қарызды талап ету құқығын кол­лекторларға тапсыратыны көр­сетілген келі­сімшартты да, банктің істі жүргізуге сенімхатын да көр­сетпеді. Жылжитын мүлікті, яғни ма­шинаны қабылдап алу актісі толты­рыл­маған. Заң бойын­ша борыш­кердің мүлкін өз бетінше тәркілеуге коллектордың құқы­ғы жоқ. Көлікті әкеткен адамдар шынымен КА штатындағы қызмет­керлер ме? Біз, оны біл­мейміз», – дейді құқық қорғау ұйы­мының басшысы. Яғни, ертең жеңіл көліктің сайда саны, құмда ізі қалмай жо­ғалып кетсе полицейлер кінәлі адамды таппайды. Қалай болғанда да, Мәдина Әбіл­қасымова агенттігіне тегеу­рін­дірек қи­мыл­дап, пәрменді шара қабылдап, бұл саланы ретке кел­тіргені жөн. Әйтпесе, кол­лекторлар елді ала тайдай бүлдіреді, оның кесірі билік беделіне нұқсан кел­тіреді.

Елдос СЕНБАЙ