Билік қиын шақта халықты әлеуметтік қорғауға күш салып жатыр. Ел Президенті аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың қарыз жүктемесін азайту бағытында бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдады. Мемлекет шамамен 500 мың азаматтың кредитін толығымен немесе ішінара бюджеттен өтеп берді. Сондай-ақ жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақыны көбейтіп жатыр. Бірақ мұның бәрі коллекторлардың заңсыз қарекеттерін жоққа шығарып, бұқараның көңіл күйін бұзуы, тұрмыс деңгейін нашарлатуы мүмкін.
Сұм ойыншыларға толы нарық
Осы сәрсенбідегі жалпы отырыста Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстанда микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын І оқылымда мақұлдады. Оны «нұротандық» депутаттар әзірлеген. Құжат азаматтардың шектен тыс қарыздануына жол бермеу, тұтынушылық кредиттеудің оңтайлы өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында әзірленді. Ең бастысы, ол коллекторлық агенттіктердің жауапкершілігін арттыруға және тұрғындарды қосымша қорғауға бағытталған. Мысалы, заң жобасында коллекторлық агенттіктердің (КА) жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерін 10 миллион теңге көлемінде бекіту ұсынылады. Бұл не үшін керек? Ұйымдар өз мойнына төл жарғылық капиталы көлемінде ғана жауапкершілік алады. Ал онысы 100 мың теңгеге жетпеуі мүмкін. Салдарынан сот зардап шегушілерге олардан ештеңе өндіріп бере алмайды. Айта кету керек, бұдан бұрын Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл межені 15 миллион теңгеге дейін көтеруді ұсынған. Алайда кәсіпкерлік орта қарсы болыпты. «Коллекторлық қызметтер нарығында жүйелі тәуекелдер одан әрі сақталуда. Нарықта адал емес, жосықсыз қатысушылар жетерлік. Азаматтардан коллекторлық агенттіктердің (КА) өз құқығын үнемі аяққа таптайтыны туралы жиі шағым түседі. Мысалы, 2018 жылы коллекторлық агенттіктердің іс-әрекетіне қатысты Ұлттық банкке 230 адам өтініш жолдаған. 2019 жылы Қаржы нарығын реттеу агенттігі КА-лардың іс-әрекетіне қарсы борышкерлердің 353 шағымын қарады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 123 шағымға немесе 53%-ға көп. Шағымдардың биыл да өсуі байқалады», – деп хабарлады агенттік. Мамандардың айтуынша, 10-15 млн теңгеден аз ақшаға осындай ұйым ашудың өзі нонсенс. Жаңа заң аясында борышкерден алып қойған дүние-мүлікті сақтауға мүмкіндік беретін кеңсе-орынжайының болуы әрбір КА-дан талап етілмек. Үй-жайы болмаса, оны жалға алуы керек. Ол кеңседе компьютер, шкаф және басқа да керек-жарақ, жабдықтармен жабдықталған бірнеше жұмыс орны сайлануы тиіс. Қарыз өндіретін қызметкерлері аудио және бейне тіркеу құрылғыларымен қамтылуы қажет. Сонда олар қарызға батқан клиентпен кездесулерін жазып ала алады. Егер барлығы видеоға жазылса, онда бұл коллекторларды борышкерлердің негізсіз, себепсіз шағымынан қорғайды, оның үстіне коллектор да заңға қайшы әрекетке барудан аяғын тартады. КА штатында 3-4 қызметкер-коллектор (еңбекақысы орташа есеппен 200 мың теңге), бухгалтер (ең төменгі жалақысы 200 мың теңге), заңгер (жалақысы ең кемі 200 мың) болуы және бәрімен ресми келісімшарт жасалуы керек. Сонымен бірге КА кредиттік бюромен шартқа отыруы шарт. Осы шығындарды қоса алғанда, 10-15 миллион теңге шығады. Бүгінде Қаржылық реттеу агенттігінде Қазақстан бойынша 170-тен астам коллекторлық агенттік тіркелген. Бірақ оның тек 5-еуінің ғана жарғылық капиталы 10 миллион теңгеден асады. Демек, аталған заңды Парламент қабылдап, оған Президент қол қойып, күшіне енгеннен кейін жарғылық капиталын осы межеге жеткізе алмаған КА-ларға жабылуға тура келмек.Жауапсыз жұртқа арамза кредитор
Дегенмен бұл сома Мәдина Әбілқасымова ұжымы ұсынып отырған 15 миллион теңге межесіне дейін көтерілуі мүмкін. Өйткені заң жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында Мәжіліс төрағасы заңда тек «уәкілетті органның КА-лардың жарғылық капиталының ең төменгі деңгейін бекіту құзыры барын» ғана жазуды, ал сол капиталдың нақты сомасын белгілеуді агенттіктің өзіне қалдыруды ұсынды: ведомство оны өз қаулысымен бекітеді. Бұл ұсынысты заң жобасы бойынша жұмыс тобы екінші оқылымға дейін пысықтайды. «Мұндай шешім қаржы нарығындағы ахуалға және халықтың мүдделеріне сәйкес қабылдануы қажет. Коллекторлардың қызметін бақылау аса маңызды. Халық оларды қарыз бен қалта қағушылар ретінде қабылдайды. Елдің өзін солай қабылдауына олардың өздері кінәлі. Әрине, нарық жағдайында кредиттің, қарыздың қайтуын қамтамасыз ету керек-ақ. Әйткенмен қайтару қатаң түрде заң аясында жүруі тиіс. Коллекторлық компаниялар борышкердің құқықтарын бұзбауы керек. Олар 90-жылдардағы басбұзарларға ұқсап кетпеуі, елдің үрейін алмауы қажет. Ендеше олардың қызметін бақылауға алған жөн», – деді Нұрлан Зайроллаұлы. Оның байламынша, осыған қажетті бүкіл заңнамалық база түзілді. Ал жаңа заң жобасы Азаматтық кодекске, сондай-ақ қолданыстағы «Микроқаржылық қызмет туралы», «Коллекторлық қызмет туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.Мұнысы рэкет емес пе?
Жалпы, билікке коллекторларға қатысты әртүрлі шағым түседі. Мысалы, Әділет министрі Марат Бекетаевқа өтінішінде Батыржан Жаров тіпті өзі қарызға батқан адамдардың коллектор болып жүргеніне таңданады: «Осыған қатысты 3 қарашада шағым жазғанмын. Қайта жүгінуге мәжбүрмін. Нұр-Сұлтан қаласында Шыңғыс Жанатұлы деген жеке сот орындаушыны уәкілетті орган кезінде «Цеснабанктің» өтініші бойынша лицензиясынан айырған болатын. Ол енді коллекторға айналыпты. Сонымен, бір мезгілде тағы да ЖСО лицензиясын алып, төл жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрғаны анықталып отыр. Бұл сонда қалай? Жанатұлы банк алдындағы 30 миллион теңгеден астам қарызын әлі өтеген жоқ қой», – дейді Б.Жаров. Қорқыныштысы сол, қазіргі кезде коллекторлар ЖСО-мен тізе қосып, борышкерді екі жақтан қыспаққа алады, тоқтаусыз қудалайды. Ақыр соңында қарыз алушы екеуінің де қызметін төлеуге мәжбүр болады. Көпбалалы ана, педагог Гүлжанның ұлы Данияр 2018 жылы қаржыдан тарыққан кезде tengo.kz-тен 10 000 теңге микрокредит алады. Уақытында төлей алмай, ісі ЖСО-ға тапсырылады. «Оны жабу үшін бухгалтерия Даниярдан 34 460 ұстады. Осы туралы ЖСО Мелдеевке хат жолдайды. Оған жауап ретінде ЖСО «қарызы өтелді» деген хат жібереді. Дәл осы кезде ЖСО Қайырбек деген шығып, ол «енді маған 19 мың төлеуі керек» деп отыр. Бұл не деген сұмдық? Бір несие үшін бізден бірнешеуі ақша алғалы отыр. Бұдан басқа Айдана деген коллектор: «маған 5 000 төлесін!» дейді. Мен көпбалалы анамын. Мүгедек бала тәрбиелеп отырмын», – деп зар илейді ана. «Әлеуметтік навигатор» қоғамдық ұйымының басшысы Куляра Маненова өздеріне коллекторлардан қысым көрген адамдар да жүгінетінін айтады. «Мысалы, бізге Виктория Борушевская көмек сұрап келді. Коллекторлар соттың еш шешімінсіз, ешқандай актісіз, «банк алдындағы қарызының өтемі» деп оның жалғыз автокөлігін тартып алып кетіпті. Бұл ретте автомобильді тәркілегені туралы құжат та, қолхат та бермеген. Биылғы 4 қарашада борышкер «Национальная служба взыскания» коллекторлық агенттігінің Алматы қаласындағы Мұқанов көшесіндегі кеңсесіне мені ертіп барды. Біздің көзімізше де олар растаушы құжаттарды беруден бас тартты. Сондай-ақ банктің қарызды талап ету құқығын коллекторларға тапсыратыны көрсетілген келісімшартты да, банктің істі жүргізуге сенімхатын да көрсетпеді. Жылжитын мүлікті, яғни машинаны қабылдап алу актісі толтырылмаған. Заң бойынша борышкердің мүлкін өз бетінше тәркілеуге коллектордың құқығы жоқ. Көлікті әкеткен адамдар шынымен КА штатындағы қызметкерлер ме? Біз, оны білмейміз», – дейді құқық қорғау ұйымының басшысы. Яғни, ертең жеңіл көліктің сайда саны, құмда ізі қалмай жоғалып кетсе полицейлер кінәлі адамды таппайды. Қалай болғанда да, Мәдина Әбілқасымова агенттігіне тегеуріндірек қимылдап, пәрменді шара қабылдап, бұл саланы ретке келтіргені жөн. Әйтпесе, коллекторлар елді ала тайдай бүлдіреді, оның кесірі билік беделіне нұқсан келтіреді.Елдос СЕНБАЙ