Жалған аккаунт жарға жығады
Жалған аккаунт жарға жығады
410
оқылды

Кейінгі 3 жылда елімізде интернет-алаяқтық үш есе өсіп отыр. 2018 жылы мұндай 4 000 қылмыс анықталған болса, 2019 жылы – 8 000, ал биылғы 11 айда ақпараттық жүйелердің пайдаланушыларына қатысты 12 013 дерек тіркеліпті. Оның ішінде нақты жасалған қылмыс саны – 10 136. Бұл – ай сайын осындай 1 000-ға жуық қылмыс жасалады деген сөз. Интернет-алаяқтықтың бір түрі – жалған аккаунттар арқылы жасалатын қылмыстар.

Қатты сыйлайтын апам еді...

Ақтауда сары базарда бутигі бар Гүлмира есімді келіншек Instagram парақшасынан хабарласқан, қатты сыйлайтын Нұрия есімді апасының «Шұғыл ақша керек боп тұр еді. Бере аласың ба? Кешке ха­бар­ласып, барлық мән-жайды ай­тып беремін» деген хабар­ламасын оқы­ғанда таң­данысын жасыра ал­мапты. Бірақ күдіктен бұрын көмегім тисе деген тілегі ілгері же­те­леп, сол күйі жүз мың­ға жуық теңгесін аударып жі­берген. Ал кешкісін хабарласқан апасы бұл жайдан бейхабар болып шыққан. «Маған көп шарапаты тиген, қатты сыйлайтын апайым еді. Та­лай Түркияда қалып қойған тауа­рымды алдыртуға, салық қағаз­дарын тол­тыруға, айналымға ақша қосуға кө­мегі тиді. Өзімді сол кі­­сінің алдында қарызбын деп жү­ретінмін. Өзі ау­қатты тұратын адам­ның менен ақша сұрағанына алғашында тосыр­қап қалдым. Бірақ жақсылығын өтейтін сәті түсті-ау деген қуаныш болды. Со­дан 500 мың теңге сұрады. Менде ондай ақша қапелімде қайдан бол­сын? Қайта кімнен алып берсем екен деп ойлап, ешкімнен сұрама­ғаным жақсы болыпты», – дейді ол. Кейін мұқият қараса, жалған «апасының» «сөйлеу» стилінде де өзге­­шелік бар екен. Өйткені шын апасы оған «жаным» деп айтпайтын. Бірақ «шығасыға иесі басшы» деген осы да. Нұрияның өзі де бұл хабарды естігенде төбесінен жай түскендей болыпты. Өйткені одан кейін де оған осындай жағдаймен бес-алты адам хабарласқан. «Қалай болғанда да әккі алаяқ­тар болып тұр. Тура менің парақ­шамды көшіріп жасаған. Суреттерім де бейнежазбаларым да сол күйі тұр. Тек атауында бір нүктені елеусіз етіп артық қойыпты. Әуелі ақша сұраған адамдарының парақшасына кіріп лайк басқан. Сөйтіп ақша сұрап, алған соң оларды бұғатқа салып тас­таған. Мен өз аккаун­тымнан хабар­ласып, дүрсе қойып ұрысқан едім. Соным дұрыс бол­мапты. Көп ұзамай «жалған ак­каунтты» жауып тастады. Парақ­шаны жойып жіберді. Ізін таба алмай қалдық», – дейді ол. Ай мен күннің аманында ақша­сынан айырылғандар ешқандай дә­лел келтіре алмайтын болған соң полицияға хабарласқанды жөн көр­меген. Ізі суып кеткен интернет-алаяқ­тарға кеткен ақшасын «са­дақа» деп атаған. Елімізде аңғал­дығынан алданып қалғанын айтуға ұялып, «болған іске болаттай» бе­ріктік та­нытып, «жылы жауып» қоя салғандар қаншама.

Бот пен бизнес

Жалған аккаунттарды әлеу­меттік желінің барлық түрінен және мес­сенджерлерден де кездестіруге бо­лады. Олар Instagram, Facebook, Вконтакте, Тик-Ток, YouTube, Телег­рамм, WhatsApp және тағы басқа байланыс қосымшаларының бә­рінде бар. Тіпті, көптеген адам бүгінде күнделікті пайдаланып жүрген ак­каунтына да шын аты-жөндерін жазбайды. Ол әркімнің өз еркі. Сондықтан да «жалған ак­каунт» деген ұғымның өзі кең ау­қымды қамтиды. Мұндағы ең бірін­ші мәселе – оларды ашудағы мақсатта. «Аңдуды мақсат тұтатындар бар. Жас жігіт бір қыздың парақ­шасына жалған есіммен тіркеледі де, жасырын зерттеу жүр­гізіп, оны­мен танысудың жолын іздейді. Махаббаттан бөлек бұл мақсаттың детективті сипаты да болуы мүмкін. Саяси мақсат бар. Бір жаңалыққа немесе постқа жағымды немесе жағымсыз коммент қалдыру керек. Бір адам бірнеше аккаунт ашып, іске кіріседі. Оны бот деп атай­тынын білесіздер. Ондаған адам­ның басын қосып, бұл жұ­мысты атқаратын команда болады. Оларды ботоферма дейді. Тағы бір мақсат - бизнес. Бұл жерде де ботофермалар көмекке келеді. Мәселен, жалған оқырман санын көтеру үшін жазы­лушылар санына мыңдаған ботты қосып беретін арнайы сервистер бар. Таны­малдығын арттыруға ұмты­ла­тындар осы қызметке көп жүгінеді. Өйткені олардың түпкі көздегені – атағын малданып табыс табу. Бұ­лардың барлығына да белгілі бір дәрежеге дейін жұмыс істеуіне рұқсат. Ең бастысы, әре­кеттерінде қыл­мыстық құрам болмау қажет», – дейді ІІМ Кри­миналдық полиция депар­таменті Кибер қылмыстарға қарсы күрес орталығының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, поли­ция подполковнигі Әлібек Оразалы. Адамдар негізі жасырынғаннан көрі танымалдыққа құштар. Өзін-өзі көрсетіп, қандай да болмасын бір қырларымен өзгелерді мойын­датқысы келіп тұрады. Аккаунтты да ең бірінші кезекте сыртқы әлем­мен байланыста болу үшін және танымал болу үшін ашады. Бұл жерде қанша аккаунт ашамын десе де, әркімнің өз еркі. Бүгінгі бай­ланыс ахуалы оған тыйым сал­майды. Бірақ біреудің шын ак­каунтын пайдаланып кететін қас­күнемдер де баршылық. Оның бір мысалын біз жоғарыда келтіріп өттік. аккаунт «Жыл басынан бері осындай жалған аккаунтқа қатысты 30-ға жуық қылмыстық іс тіркелді. Мәсе­лен, қараша айында Түркияда жүрген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына ауылдағы туыстары WhatsApp мес­сенджері арқылы хабарласып, бір емес, екі рет ақша сұраған. Екеуінде де 80 мың тең­геден 160 мың теңгесін аударып жіберген ол дүйсенбі күні жағ­дайын сұрап хабарласса, ол туыстары білмейтін болып шық­қан. Бұл іс бойынша бүгінде тергеу жал­ға­суда», – дейді Әлібек Сай­лауұлы. ІІО бөліністері құқыққа қайшы келетін интернет ресурстарды бұ­ғаттау үшін үнемі мониторинг жасап отырады. Олар – терроризм, порно­графия, алаяқтық, есірткі саудасы, қаржы пирамидасы, қару айналымы, суицидке шақыру, вирус тарату тақырыбындағы сайт­тар, қосым­шалар мен ойындар. Табылған ақ­параттарды талдаудан өткізіп, Ақ­парат және қоғамдық даму ми­нистр­лігіне хат жолдайды. Жыл басынан бері осындай 9 000-нан астам интернет ресурстар анықталған болса, оның 4 мыңнан астамы бұ­ғатталды.

 Тролль мен тілдеу

Құпия қалатынына масаттанып, тілін безеп, әркімді бір қажап отыратындар болады. Оларды тролль дейді. Яки, егер де сіз саяси көзқа­расыңызды немесе жеке ой-пі­кі­ріңізді айтуға жасқансаңыз, жалған аккаунттар арқылы жет­кізуге мүм­кіндігіңіз бар. Бірақ түп­тің түбінде ол сөздеріңіз белгілі бір адамның ар-намысына нұқсан келтіруі мүмкін. Тіпті, елдегі саяси ахуалға теріс ық­палын тигізуі ықтимал. Сол себептен де тіл ти­гізу, соның ішінде ғаламтор ар­қылы да тіл тигізу, қылмыстық жазаға әкеледі. Арыз түскен жағ­дайда жал­ған аккаунт иесін табудың күр­делілігі әлеуметтік желінің до­мені орналасқан елге байланысты әр­түрлі болып келеді. Оны анық­тау­дың тех­никалық мүмкіндігі елі­мізде жет­кілікті. «Instagram, Facebook, WhatsApp – сияқты қосымшалардың бас кеңсесі мұхиттың арғы жағындағы Амери­када, Телеграм, ВКонтакте, mail.ru – Ресейде. Осы реттен келгенде ресейлік доменге тір­келген ак­каунт­тарды анықтау оңайырақ болатыны түсінікті бо­лар. Сон­дықтан да мұн­дағы істердің со­зылып кетуі негізсіз емес. Ерте ме, кеш пе, құқыққа қайшы әрекет еткен «жалған аккаунт» ие­лерінің ұс­талатынына күмәніңіз бол­ма­сын», – дейді компьютерлік бағ­дарламалау саласының маманы Абы­лайхан Мұратұлы. Қылмыстық кодекстің 131-ба­бының 1-тарауы бойынша қара­латын мұндай тіл тигізу дерегінің жазасы 200 АЕК түрінде айыппұл, не осы көлемде түзеу жұмыстары, не 180 сағат қо­ғамдық жұмыс түрінде жа­залар қа­растырылған. Мұндай ин­тернетте тіл тигізу дерегі биыл сап тыйылғанға ұқсайды. Жыл басынан бері мұндай бір де бір іс тіркелмеген. Ал осыдан екі-үш жыл бұрын бұл бап бойынша 89 адам сотталып, 857 адамға рақым­шылық жасалған бо­латын. Бұл іс сотта қаралатын дер­бес сипаттағы істер қатарына кіреді. Яки, дә­лелдерді жинау, зерттеу және өзге де процестік іс-әрекеттерді тікелей сот қарайды.

Нұрлан ҚОСАЙ