Отандық альпинистер асқан асу көп
Отандық альпинистер асқан асу көп
544
оқылды

Альпинизм тек саяхат емес, спорттың бір түріне айналып үлгерді. Ауыртпалығы көп салада еңбектеніп жүрген қазақстандықтар жетерлік. Сол себепті отандық альпинистердің жай-күйі тілге тиек етуге тұрарлық дүние. Олар шықпаған шың мен жетпеген жетістік кемде-кем.

Қазақ альпинизмінің деңгейі қандай?

Альпинизм, альпинист деген атау­лардың негізінде Еуропа құр­лығындағы «Альпі» тауының аты жа­тыр. XVIII ғасырда Еуропадан бас­тау алған бұл үрдіс қазір кең жа­йылды. Ал қазақ альпинизмі өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. Ең алғашқы қадам – 1930 жылы 17 шілдеде қазақстандық альпинистер Іле Алатауының 4 376 ме­т­р­лік Кіші Алматы шыңына кө­терілген екен. Ал 1982 жылы КСРО командасы құ­рамын­да қазақстандық тауға өрмелеу­шілер 8 848 метрлік Эверест шыңына шыққан. Содан соң арада тоғыз жыл өткенде аль­пинист Қазыбек Уәлиевтің жетекші­лігімен Қазақстан альпи­нистері Гималайдағы 8 176 метр биік­тегі Дхаул­агири шыңынан асты. Енді осынау спорт түрінде қазақстандық­тар әлем елдерімен салыстыра қара­сақ, көш ілгері екенін аңғаруға бо­ла­ды. Мәселен, 2010 жылы 16 ма­мырда қазақ­стандық альпинистер сенсация­лық межеге жетіп, Мақсұт Жұмаев, Василий Пивцов, Влад­ислав Чехлов Гималай тауындағы 8 516 ме­тр­лік Лхозце шыңына Қазақ­стан Туын тікті. Енді саяхат һәм спорт ретінде саналатын осы саланың ауыртпа­лығына жөндеп тоқталсақ. Жалпы, альпинистер үшін жер бетіндегі ең биік шыңдарға шығу арман бол­ғанымен, аса биікте адам өміріне қа­уіп­ті факторлар өте көп. Таудың қы­сымы мен ауаның жетіспеушілігі аль­пинистер ажалына себеп болып жат­са, кей қателік құздан төмен сыр­ғытары тағы бар. Шыңға өрмелеген альпинистер кеткен жағынан қайта кері оралмаса, биікке шықты деп есептелмейді. Оның үстіне, қазіргі кезде альпинистер шыңға шыққа­нын қандай да бір дерекпен, яғни сурет, видеожазбамен дәлелдеуі тиіс. Мы­салы, 1996 жылы Эверест шы­ңына бір мезгілде бірнеше коммер­циялық экспедиция көтерілген. Олар­дың құрамында екі америкалық, бір жап­ониялық, бір үнді және бір тайван аль­пинисті болған. Көбі таудан қай­тпай қалған. Сол оқиға туралы түрлі жорамал айтылғанымен, аль­пинистер шыңға шықты деп санал­ған жоқ. Бұл альпинизмге бай­ланысты қысқа ғана деректер тізбегі. Енді қазақстандық спорт­шыға жеке тоқталсақ.

Өзіңе емес, тауға бағынасың

Жеке тоқталар тұлғамыз – Мақ­сұт Жұмаев. Әлем бойынша биіктігі 8 мың метрден асатын 14 шыңға шыққан. Бұл санаттағы санаулы альпинистердің бірі. Оған қоса, ол барлық шыңға қосымша оттегісіз көтерілген. – Альпинизмге алғаш 20 жа­сымда келдім. Оған дейін бір де бір спорт түрімен айналыспадым. Ең алғаш әлемдегі ең кіші 8 мың метрлік (8 027 м) Шишабангма шыңына шық­тым. Ал Эвересттің ұшар шы­ңына (Джомолунгма, Гималай – 8 848 м) алғаш рет 2007 жылы аяқ бас­тым. Ол кезде таудың солтүстік жа­ғымен көтерілгенмін. Екінші мәрте 2018 жылы тау шыңына оңтүстік беткейімен жеттім. Әрине, оңай нәрсе емес. Тау ауруы, апатия, ак­кли­матизация, жөтел қысу, тері мен еріннің жарылуы болады. 6 600 метр биіктіктен Намчеге тікұшақпен кері қайтып, қалпымызға келдік, себебі ол жақтағы қысым басқа, жарақат тез жазылмайды, содан соң жорыққа қайта аттандық. Боран, дауыл, бірде ыстық, бірде суық, бәрін көрдік, – деді. Сондай-ақ спортшы альпи­низмнің дүниедегі ең қауіпті спорт түрі екенін атап өтті. Оған жыл са­йын шыңға шығу жолында көз жұ­ма­тын адамдардың көптігі – дәлел. – Эверестке шығу үшін жыл сайын қаншама альпинист мақсатына жете алмай, өмірімен қоштасады. Яғни, ол экстремалды ғана емес, адам өміріне де қауіпті. Әр маусымда Гималайда болсын, басқа кез келген тауда альпинистер қаза болады. Тауға шығар алдында керек-жарақ, бәрін қамта­масыз ету керек. Себебі таулар, ең ал­ды­мен жауапкершілік пен ұқып­тылықты талап етеді, – дейді ол. Бір қызығы, әр таудың жартасы әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Соған сай оттегі жетіспеушілігі мен ауа райы, жел күші де бөлек. Ал мұн­дай кезде Мақсат мырза тек «тауға құрмет» деген ұғым демеу болатынын жеткізді. – Әр таудың жаратылысы, әр тау­дың рухы өз алдына. Кез келген тау сенің оған қалай келе жат­қаныңды сезеді. Сен өзің үшін шық­қалы жатырсың ба, әлде тау үшін бе, тау бі­ле­ді. Оған құрмет көрсетуің керек. Еш­теңеге де сенімді бола ал­май­сың. Күн райы кез келген уа­қытта өзгеруі мүмкін. Соның ық­палымен сапар жоспары да тез өз­гереді. Өзіңе емес, табиғаттың заңына бағынасың. Мен үшін ең қиыны K2 шыңы болды (Чогори, Қара­қорым – 8 614 метр). Оған ал­тын­шы рет әрекет еткенде ғана кө­терілдік. Бұл – еріккеннің ермегі емес. Талай азамат қаза тапты, бірақ оларға құрмет жетіспей жатқан сыңай­лы, – деді азамат. Биыл пандемияға байланысты спортшының бірнеше жоспары кейінге қалған екен. Сонымен қатар альпинист адамдарға табиғатпен байланысты үзбеу керегін айтады. – Биыл Аляскаға жоспарлаған де­ма­лысым кейінге қалды. Тек пандемия аяқталған соң ғана бәрі қайта жан­данады. 2021 жылдан үміттіміз. Ал бә­ріне қол сілтеп кету туралы айтатын болсам, осыдан бірнеше жыл бұрын шынында да бәрін ысырып тастап, туризмге білек сыбана кіріссем деген ойым болған еді. Бірақ қазір әскери салада жүрмін. Экотуризм мен тау туризмін дамыту үшін бізге пікір алмасу жетпей жа­тыр. Өйткені жұртқа табиғатты фильм, ғаламтор арқылы ғана көру жет­кіліксіз, - деп қорытын­дылады. Қорыта айтсақ, шыңға өрмелеу­шілердің жайын қозғағанда «бағын­дырды» деген сөзді айтпайды. Адам табиғатпен үндеспесе, бағындыр­масы анық. Марқұм альпинист Анатолий Букреев бір сұхбатында: «Шың­ды бағындыру деген мағына­сыз. Ол – кеңестік кезеңнен қалған жалған па­фос. Адамдар белгілі бір кезде шыңмен теңеседі де, сосын қайта жерге түседі», – деген екен. Демек, шыңмен бой теңестірген альпинистердің де өз тамашасы бол­ғаны ғой.

Мадияр ТӨЛЕУ