Альпинизм тек саяхат емес, спорттың бір түріне айналып үлгерді. Ауыртпалығы көп салада еңбектеніп жүрген қазақстандықтар жетерлік. Сол себепті отандық альпинистердің жай-күйі тілге тиек етуге тұрарлық дүние. Олар шықпаған шың мен жетпеген жетістік кемде-кем.
Қазақ альпинизмінің деңгейі қандай?
Альпинизм, альпинист деген атаулардың негізінде Еуропа құрлығындағы «Альпі» тауының аты жатыр. XVIII ғасырда Еуропадан бастау алған бұл үрдіс қазір кең жайылды. Ал қазақ альпинизмі өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. Ең алғашқы қадам – 1930 жылы 17 шілдеде қазақстандық альпинистер Іле Алатауының 4 376 метрлік Кіші Алматы шыңына көтерілген екен. Ал 1982 жылы КСРО командасы құрамында қазақстандық тауға өрмелеушілер 8 848 метрлік Эверест шыңына шыққан. Содан соң арада тоғыз жыл өткенде альпинист Қазыбек Уәлиевтің жетекшілігімен Қазақстан альпинистері Гималайдағы 8 176 метр биіктегі Дхаулагири шыңынан асты. Енді осынау спорт түрінде қазақстандықтар әлем елдерімен салыстыра қарасақ, көш ілгері екенін аңғаруға болады. Мәселен, 2010 жылы 16 мамырда қазақстандық альпинистер сенсациялық межеге жетіп, Мақсұт Жұмаев, Василий Пивцов, Владислав Чехлов Гималай тауындағы 8 516 метрлік Лхозце шыңына Қазақстан Туын тікті. Енді саяхат һәм спорт ретінде саналатын осы саланың ауыртпалығына жөндеп тоқталсақ. Жалпы, альпинистер үшін жер бетіндегі ең биік шыңдарға шығу арман болғанымен, аса биікте адам өміріне қауіпті факторлар өте көп. Таудың қысымы мен ауаның жетіспеушілігі альпинистер ажалына себеп болып жатса, кей қателік құздан төмен сырғытары тағы бар. Шыңға өрмелеген альпинистер кеткен жағынан қайта кері оралмаса, биікке шықты деп есептелмейді. Оның үстіне, қазіргі кезде альпинистер шыңға шыққанын қандай да бір дерекпен, яғни сурет, видеожазбамен дәлелдеуі тиіс. Мысалы, 1996 жылы Эверест шыңына бір мезгілде бірнеше коммерциялық экспедиция көтерілген. Олардың құрамында екі америкалық, бір жапониялық, бір үнді және бір тайван альпинисті болған. Көбі таудан қайтпай қалған. Сол оқиға туралы түрлі жорамал айтылғанымен, альпинистер шыңға шықты деп саналған жоқ. Бұл альпинизмге байланысты қысқа ғана деректер тізбегі. Енді қазақстандық спортшыға жеке тоқталсақ.Өзіңе емес, тауға бағынасың
Жеке тоқталар тұлғамыз – Мақсұт Жұмаев. Әлем бойынша биіктігі 8 мың метрден асатын 14 шыңға шыққан. Бұл санаттағы санаулы альпинистердің бірі. Оған қоса, ол барлық шыңға қосымша оттегісіз көтерілген. – Альпинизмге алғаш 20 жасымда келдім. Оған дейін бір де бір спорт түрімен айналыспадым. Ең алғаш әлемдегі ең кіші 8 мың метрлік (8 027 м) Шишабангма шыңына шықтым. Ал Эвересттің ұшар шыңына (Джомолунгма, Гималай – 8 848 м) алғаш рет 2007 жылы аяқ бастым. Ол кезде таудың солтүстік жағымен көтерілгенмін. Екінші мәрте 2018 жылы тау шыңына оңтүстік беткейімен жеттім. Әрине, оңай нәрсе емес. Тау ауруы, апатия, акклиматизация, жөтел қысу, тері мен еріннің жарылуы болады. 6 600 метр биіктіктен Намчеге тікұшақпен кері қайтып, қалпымызға келдік, себебі ол жақтағы қысым басқа, жарақат тез жазылмайды, содан соң жорыққа қайта аттандық. Боран, дауыл, бірде ыстық, бірде суық, бәрін көрдік, – деді. Сондай-ақ спортшы альпинизмнің дүниедегі ең қауіпті спорт түрі екенін атап өтті. Оған жыл сайын шыңға шығу жолында көз жұматын адамдардың көптігі – дәлел. – Эверестке шығу үшін жыл сайын қаншама альпинист мақсатына жете алмай, өмірімен қоштасады. Яғни, ол экстремалды ғана емес, адам өміріне де қауіпті. Әр маусымда Гималайда болсын, басқа кез келген тауда альпинистер қаза болады. Тауға шығар алдында керек-жарақ, бәрін қамтамасыз ету керек. Себебі таулар, ең алдымен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді, – дейді ол. Бір қызығы, әр таудың жартасы әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Соған сай оттегі жетіспеушілігі мен ауа райы, жел күші де бөлек. Ал мұндай кезде Мақсат мырза тек «тауға құрмет» деген ұғым демеу болатынын жеткізді. – Әр таудың жаратылысы, әр таудың рухы өз алдына. Кез келген тау сенің оған қалай келе жатқаныңды сезеді. Сен өзің үшін шыққалы жатырсың ба, әлде тау үшін бе, тау біледі. Оған құрмет көрсетуің керек. Ештеңеге де сенімді бола алмайсың. Күн райы кез келген уақытта өзгеруі мүмкін. Соның ықпалымен сапар жоспары да тез өзгереді. Өзіңе емес, табиғаттың заңына бағынасың. Мен үшін ең қиыны K2 шыңы болды (Чогори, Қарақорым – 8 614 метр). Оған алтыншы рет әрекет еткенде ғана көтерілдік. Бұл – еріккеннің ермегі емес. Талай азамат қаза тапты, бірақ оларға құрмет жетіспей жатқан сыңайлы, – деді азамат. Биыл пандемияға байланысты спортшының бірнеше жоспары кейінге қалған екен. Сонымен қатар альпинист адамдарға табиғатпен байланысты үзбеу керегін айтады. – Биыл Аляскаға жоспарлаған демалысым кейінге қалды. Тек пандемия аяқталған соң ғана бәрі қайта жанданады. 2021 жылдан үміттіміз. Ал бәріне қол сілтеп кету туралы айтатын болсам, осыдан бірнеше жыл бұрын шынында да бәрін ысырып тастап, туризмге білек сыбана кіріссем деген ойым болған еді. Бірақ қазір әскери салада жүрмін. Экотуризм мен тау туризмін дамыту үшін бізге пікір алмасу жетпей жатыр. Өйткені жұртқа табиғатты фильм, ғаламтор арқылы ғана көру жеткіліксіз, - деп қорытындылады. Қорыта айтсақ, шыңға өрмелеушілердің жайын қозғағанда «бағындырды» деген сөзді айтпайды. Адам табиғатпен үндеспесе, бағындырмасы анық. Марқұм альпинист Анатолий Букреев бір сұхбатында: «Шыңды бағындыру деген мағынасыз. Ол – кеңестік кезеңнен қалған жалған пафос. Адамдар белгілі бір кезде шыңмен теңеседі де, сосын қайта жерге түседі», – деген екен. Демек, шыңмен бой теңестірген альпинистердің де өз тамашасы болғаны ғой.Мадияр ТӨЛЕУ