Жаңа жыл – көпшілік үшін айтулы мереке. Елімізде желтоқсан айы есік қақты дегенше шырша сәндеу, айналаны қызылды-жасылды әшекейге орау басталды дей беріңіз. Одан бөлек мұз қалашығын тұрғызу әуресі тағы бар. Елорда мен қысы суық өңірлер мұздан қала соғу үшін ақшасын сайлап, аумағын өлшеп отыр.
Елордадағы ертегі қалашық
Бірнеше жылдан бері Ботаникалық бақ төңірегіндегі ертегі әлемі балалардың көз қуанышына айналған. Сауда орталықтары маңындағы сырғанақ та бала-шағаның көңілін аулауға таптырмайтын жер. Биыл да елорда әкімдігі мұндай құрылысқа миллиондаған қаржы жұмсамақ. Әкімдік БАҚ-қа мұның бәрі карантиндегі халықты сергіту, таза ауада отбасылық демалыс ұйымдастыру мақсатындағы шара екенін сан мәрте айтқан-ды. Сонымен Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы әкімдігі дәстүрлі қалашықты салуға 80 млн теңге бөлді. Биыл ертегі қалашығын салу New level ЖШС-ға бұйырды. Олар келісімге сәйкес, 31 желтоқсанға дейін сырғанақтар мен мұзқалашық құрылысын аяқтауы керек. Еуразия арнасының мәліметі бойынша, әкімдік бұл қаржыға «Алматы» ауданында 9 алаң, 7 мұз төбешік, 5 мұз айдынын салады. Сондай-ақ аудандағы 3 мектепке 3 мұз айдыны салынады. Атап айтсақ, «Қазақ елі» монументі, Триатлон паркі, «Ақбұлақ» өзенінің жағалауы, Оқушылар сарайы, Президент саябағы, «Жерұйық» паркі мен 3 тұрғын үй алабында төбешіктер мен алаңдар бой көтермек. Ал Newtimes-тің дерегінше, «Байқоңыр» ауданы қарлы қала мен мұз айдындарын салуға 53 млн 571 мың теңге жұмсайды. Мұз-құрылыстың басы-қасында «Ар Ай» компаниясы жүреді. Әрине, аталған компанияларға күн райы көмектесіп, құрылыс жұмыстары ойдағыдай өтуін тілейміз. Өйткені 2015 жылы мұз қалашығын соғып жатқан тұста, күн жылынып, мамандарды әуре-сарсаңға салған-ды.350 мың турист келеді
Нұр-Сұлтан қаласындағыдай жағдай Өскеменде де қайталанды. Бірақ елордалықтар ауа райына қарамастан құрылысты аяқтап өткізгенімен, шығыстағы қала үлгермеді. 2018 жылы Өскеменде де мұздан жасалған мүсіндер еріп, қаланың коммуналды қызметі Жаңа жылға дейін қалпына келтіру жұмысын аяқтай алмады. Жауаптылар мұны қар жетпей қалғанымен түсіндірген еді. Жоғарыда жазғанымыздай, қалашық тұрғызу – Жаңа жыл атфосферасын сыйлаудың жолы. Биыл Көкшетау шыршаға, мұз қалашық пен мерекелік отшашуға 38 млн 392 мың теңге бөлген. Одан бөлек, қала маңындағы Бурабайдың қысқы демалыс өткізуге таптырмайтын орын екені белгілі. Әсіресе, «Лапландияны» көргісі келетіндер көп. Мұздан құйылған мүсіндер, экстримді сырғанақтар көз жауын алады. Жалпы, мұз қалашықтар мен сырғанаққа жұмсалған ақшаны қайтарып алуға болады. Мәселен, Бурабайдағы қалашықтарды аралап, сырғанау бағасы – 300 теңге мен 5 мыңның арасында. Өткен жылы қысқы маусымда Көкшенің кереметін көруге 350 мыңнан астам турист жиналған.Әлемде талай қызық бар...
Мысалы, әлемде мұз қалашығын тұрғызу үшін компаниялардың арасында емес, мүсіншілердің арасында байқау өтеді. Сөзімізге Аляска мен Канададағы Квебек провинциясы дәлел бола алады. Аляскадағы Фэрбанкста қыста ауа температурасы -55 градусқа дейін суық. Ал Квебекте 400 см-ге дейін қар түседі. Сондықтан аталған қалаларда мұз қалашық тұрғызудан халықаралық фестивальдер өтеді. Мұз қалашықты тұрғызу мен сақтау мәселесіне келгенде, Қытай мысалына назар аударсақ. Харбин – Қытайдағы қарлы әрі ең суық қала. Әдеттегідей, желтоқсан айының аяғы мен ақпанның басында туристер әлемнің түкпір-түкпірінен Харбинге қарай ағылады. Өйткені қалада дүниедегі ең үлкен Harbin Ice Festival мұз фестивалі өтеді. Оған 10 мыңнан астам мүсінші қатысып, мұз бен қардан таңғажайып заттар жасайды. Мәлімет бойынша, фестивальді 15 млн турист тамашалайды. Мұз қалашықтың биіктігі 50 метрге жетеді деседі. Мүсіншілердің дені атақты ғимараттарды мұздан қайталап жасауға тырысады. Мәселен, фильм мен ертегі сахналарын, Ниагара сарқырамасын және тағы басқаларын бейнелейді. Мысалы, 1990 жылдан бері қарай фестивальге 1,9 млн мүсінші қатысып, 100 млрд доллардың келісіміне қол қойылған. 2020 жылы Харбиндегі мұз қалашығын 15 күнде салған. Бұған 220 текшеметр қар мен мұз кеткен. Қалашықтың жалпы аумағы – 600 мың шаршы шақырым. Одан бөлек, қалашыққа келген туристер дәстүрлі түрде суық суға түседі. Жыл сайын жұптар үйлену тойын қар қалашығында өткізу үшін кезекке тұрады. Бәрін тізіп келгенде, ұйымдастырушылар кеткен шығынның орнын толтырады. Жалпы, әлемдегі мұз қалашықтары көбінесе фестиваль арқылы тұрғызылып, туристерге алыстан «менмұндалап» тұрады.Айбике ЖАНАСЫЛ