Сымбаттың сынағы: ақиқат кімнің жағында?
Сымбаттың сынағы:  ақиқат кімнің жағында?
151
оқылды

Бұған дейін күйеуінің тарапынан қысым көріп, балаларынан айырылып қалмаудың амалын жасап жүрген 29 жастағы әйел өз-өзіне қол жұмсады. Осы оқиғадан соң қоғамда резонанс туып, Қазақстан Президенті мен республика Парламентіне арналған петиция жарияланды. Бұл жағдайға қатысты екі тараптың да ойын ортаға салуды жөн көрдік.

«Қазақстан әйелдеріне қа­тысты зорлық-зомбылықты тоқ­татайық» атты петиция авторлары бірқатар талап қойып отыр. Атап айтқанда, «дәлелдемелерді жинау және психологиялық зорлық-зомбылық, экономикалық, діни зорлық-зомбылық, қудалау, қорқыту, бопсалау, отбасы мү­шелеріне мәжбүрлеп несие рә­сімдеу деректерін анықтау бойын­ша жедел шаралардың мемлекеттік стандартын әзірлеу» ұсынылды. Белсенділер «ұрып-соғу» және «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» баптарын қыл­мыстық құқық­бұзушылық санатына ауыстыруды талап етіп отыр. Бұл ретте Ден­саулық сақтау министрлігін де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық құрбанын жеке статистика мен картотекаға енгізуді міндеттеп отыр. Facebook-тегі Немолчиkz парақшасында да Сымбат Құл­жағарованың өліміне қатысты әділ тергеу жүргізу туралы өтініш пайда болды. Қыздың туыстары мен достары оның өз-өзіне қол жұмсағанына және өлімі үшін ешкімді кінәламайтынын хатқа жазғанына сенбейді. Қазір поли­ция сотқа дейінгі тергеу ісін жүр­гізіп жатыр. Атап айтқанда, Қыл­мыстық кодекстің 105-бабы (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша қарастырылады. Экс­пертизалар жасалып, қажетті тер­­геу амалдары жасалады.

Пікірлер екіге жарылды

Марқұмның өліміне қатысты пікір екіге бөлінді. Бірі – Сым­баттың қазасына күйеуінің зор­лығы мен қысымы себеп болды десе, енді бірі – Сымбаттың нау­қас болғанын, желідегі ақпа­рат­тардың бәрі бірдей шындық еме­сін айтып отыр. Сіңлісі Гүл­бану қазан айында желідегі па­рақша­сына мынадай пост жария­лаған еді. «Биыл жазда Сымбат ажыра­суға өтініш бермек болды. Оған Абай келіспеді. Егер ажы­расатын болса, психиатриялық ауруханаға жатқызып, балаларды тартып алатынын айтып қор­қытқан. Нә­ти­жесінде, шынымен ауруханаға жатқызып, «есі дұрыс емес, өзін-өзі өлтірмек болды» де­ген сылтау айтқан. Сөйтіп, Сым­бат бір ап­тадай психиат­рия­лық ауру­ханада жатып шықты. Кейін амал­сыз бірге тұра бастады. Қыр­күйекте ресми түрде ажы­расу­ға өтініш бе­ріп, сотты күткен. Сол кезде Абай оны соққыға жық­қан. Дене­сін көгерткен. Ата-ана құқығынан айырар деп қо­рық­қаннан сол күні ол күйеуінің үсті­нен арыз жазбаған екен. Бірақ қа­занда ақыры по­лицияға ша­ғымданады. Одан кейін бірнеше рет ұрған, ізіне түскен». Гүлбану қазір Дубайда тұрады. Әпкесімен телефон ар­қылы байланысып тұрған.

Бұл – бір тараптың пікірі. Ал қарсы тарап қандай уәж айтар екен деп оларға да хабарластық. Алдымен марқұмның қайын ата­сымен байланысқа шықтық. «Өз-өзіне осыған дейін қол жұмсамақ болған соң жедел жәрдем ша­қырғанымызда «бұл біздің науқас емес, психиатриялық ауруханаға апарған жөн», – деді. Түк жаман ниетіміз болмады, емделіп шықса дедік. Бірақ толық емін алғанша күтпей, ертерек шығарып алдық. Сол кезде Сымбат жасаған қы­лықтары үшін бізден кешірім сұраған еді. «Ештеңе бүлінген жоқ, бәрі жақсы, айналайын» дес­тік.

Бірақ құдамыз «қызым ауру емес, сендер ойлап тауып жүр­сіңдер» деп кінә тақты. Содан кім емдетсе де, бастысы жазылса бол­ды дегенбіз. Бірақ енді соңы осы­лай аяқталды. Осы күнге дейін келінім жазғанды да, оның жағына шығып шулатып жүргендерді де көріп отырдық. Ақталғымыз кел­меді. Дегенмен бүгін өздеріңіз хабарласып, мән-жайды сұраған соң айтып отырмын. Құдама да «бір шай үстінде ше­шілетін әңгіме еді, жалпақ жұртқа жария қылдық. Балалар нендей күйде болады?» дегем. Жала жа­былып, біз де құд­ды әлем төң­ке­рілгендей күйде отырмыз», – деді Тілеген Нұре­кенов.

Сынықшыға неге барды?

Желіде Сымбаттың анасы «Күйеу баласына ақшаға сатылып, сөзін сөйлеп отыр» деген ақ­па­ратты көзіміз шалды. Осындай қиын сәтте хабарласу да оңай болған жоқ. Байыппен, мәселенің мән-жайын сұрадық. Базаргүл Құлжағарова телефонмен тіл­дес­кен, үйде бірге болған кез­дер­дегі жағдайдың бәрін тізбелеп айтып берді. «Сымбаттың жағы осыдан 10-15 жыл бұрын ұлғая бастаған. Содан ыңғайсызданып, косме­тологиялық жолмен жөндей ал­маған соң сынықшыға барған. Жылдың басында ол емшіге бар­ғалы тәртібі өзгерді. Әлгі сы­нықшы «Күйеуіңнің екі көңілдесі бар, біреуі жүкті. Сенен балаларды тартып алады» депті. Соның сөзіне еріп, 400 мың теңге ақша аударып, балалардың, өзінің құжатын да беріп қойған. Мұны біз кейін білдік. Өзі де жағып жүр екен, маған да бір крем берді. Оны сол емші берген екен. Сол дуа­лаған деп ойлаймын. Біртүрлі қылық көрсетіп жүр деген соң жанына барғам. Сол кезде те­резеден секірмек болды, ұстап қалдық. Алмас жұтып қойып, содан ауруханаға апарғанбыз. Жастығының астынан пышақ тауып алдым. Бірде жап-жақсы бәрін түсініп қалады да, бір кезде өзгеріп кетеді.

Қызым өлгенде ақша үшін өтірік айтып нем бар? Бар болғаны іштей тынып, жасырып жүрдім. Біздің түсінігіміз дұрыс емес. Психиатриялық аурухана десе, бірден жынды деп қорқамыз. Пси­хиатр, психотерапевт, психо­логтердің айырмашылығын біл­мейміз. Ал негізі тағы 2-3 ай ем­делсе, жақсы болып кетер еді. Жү­­регім қан жылайды. Оған қоса, жан-жақтан табалап, қысым көрудеміз. Немерелерімнің су­реттерін, аты-жөнін ашық жа­рия­лап жатыр. Бұл жаны ашыған адамның қылығы ма? Балалардың болашағын неге ойламайды? Ақи­қатты білмей, аттандай берген жөн емес. Қызымның рухына тыныштық берсе деймін» деп ағы­нан жарылды күні кеше пер­зен­тінен айырылған ана.

Марқұм Сымбат жолдасының ұрғанын, ізіне түскенін парақ­шасына жариялаған еді. Сонымен бірге күйеуінің балағаттап жатқан аудиосы да тарады. Бұған қатысты не айтар екен деп Абай Әбді­ғаниевке хабарластық. «Ау­дио­жазбада қызбалықпен балағат сөз айтқаным рас. Тұрмыстық келіс­пеушілік болады. Өйткені тәртібі өзгеріп, үйге де, балаларға да қа­рамай, тамақ істемей, тіпті жөнді сөйлеспей қалған. Сол кезде ашумен шыққан сөздер. Түнде жақсы сөйлесіп, өз-өзіне келеді де, күндіз әлдекіммен сөйлесіп, «ажырасамын» деп хат жазып жібереді. Сол сәттерде нағашы әпкесі де жанында болған. Ол да Сымбаттың қылықтарын түсін­бейтінін айтқан. Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша қазір іс жүріп жатыр. Ауруханадан шығарып алғанда жазған шағымы болатын. Сол іске байланысты онымен мүлдем хабарласа алма­дым. Соңғы рет 24 қарашада бетпе-бет жүздескенде көрдім. Ертесіне Дубайға ұшып кеткем. Қазақстанда болмасам да, поли­ция қызметкерлеріне «мені аңдып жүр» деп өзін қорғауды сұраған. Соған қарағанда көзіне қос кө­рінген сыңайлы. Әйтпесе, оны соққыға жыққан емеспін. Көзбе-көз кездесу кезінде «қалай ұрды?» деген сұраққа жауап бере алмады. Бас бармағы сынғанды да экс­пертиза растамады. Аранда­ту­шылар сценарий құрып, әзірлеп берген. Көгерген іздерді де көр­генде анасынан не болғанын сұ­рағам. Сол кезде әлгі емшіге ба­рып, ол әрі массажист болып, түр­лі ем қолданған екен. Ин­тер­неттен массаждан кейінгі көгеруді қарасаңыз, суреттің дәл сондай екенін байқауға болады», – дейді Абай Тілегенұлы.

Анасы жалған сөйлеп отыр ма?

Қазақстан жастары кон­гре­сінің жетекшісі Перизат Қай­рат – істің басы-қасында жүр­гендердің бірі. Ол Сымбаттың күйеуі тиісті жазасын алуы керек деген пікірде. «Құқық қорғау ор­гандарының кейбір өкілдері мен бастапқыда еш негізсіз Сым­батты қабылдаған жындыхананың кей қызмет­кер­лері арнайы тексерілсе екен. Әсі­ресе, тергеу бөлімінде Абайдың Сымбатқа «мүлдем ты­рыспай-ақ қой, барлық күш менің қолымда» деген сөздері елеусіз қалмаса дей­міз. Анасы ақша үшін жалған сөйлеп отыр», – дейді ол. Бұл шиеленіскен оқиғаның ақ-қарасы қалай ажырайтыны белгісіз. Бірақ өлгеннің артынан өлмек жоқ. Сымбат мәңгі сапарға аттанды. Қазір бастама көтеріліп, қолға алынған петицияның пай­дасы мол болары да кәміл. Себебі тұрмыстық зорлық-зом­былық сал­дарынан қаншама қайғылы оқиғаға куә болып келеміз. Одан қала берді, емші, тәуіп, балгерге барып, сөзіне сеніп қалудың да нәтижесі қай­ғылы болатынына осы оқиға дәлел. Тәртібі өзгеріп, мінезінің құбылуына қарап күйеуі жағы бәлкім жын кірген болар деп, дұғамен емдемек болған. Осы ретте өзін мұсылман санайтын қауымның таза жүргені, түрлі тәуіпке сеніп, адаспағаны да дұ­рыс. «Жын кірді дегенге сен­бейтіндерге ештеңе істей ал­май­мыз. Алла жүрегіне салмаса, мың дәлел әкелсеңіз де, қабыл ал­майды, сенбейді. Ішіне жын кірді дегенге сенбегенімен, кейін «рас екен» деген талайы болды. Де­прессияға түсудің көбіне си­қырдың себебінен болатыны рас», – дейді талайды Құ­ран­ның қасиетті аяттарымен ем­деген Да­нияр имам.

Жадыра АҚҚАЙЫР