Пошта неге өртене бастады?
Пошта неге өртене бастады?
133
оқылды

Ағайын-туысқанына сәлем-сауқат жолдаған жан онысы көздеген жеріне жетіп, көмекке айналады деп сенеді. Өз өнімін сә­лем­деме түрінде жолдаған бизнесмен де клиентін қуанышқа бө­леймін деп ойлайды. Бірақ бұған ешқандай кепілдік жоқ. Өйткені сол сә­лем­деменің кез келгені жолай жоғалуы, ұрлануы немесе өртеніп кетуі мүм­кін.

Жалған ақпарат, жанған сәлемдеме

5 желтоқсанда Қазпоштаның Кентау­дағы «сәлемдемелер супермаркеті» өрте­ніп кетті. Тілсіз жау пошта бөлімшесінде болған 424 сәлемдеменің басым көп­шілігін – 370-ін жалмап қойғаны енді анық­талып отыр. Қазақстанның пошта байланысының ұлттық операторы клиенттерге жанып кеткен тауарларының құнына өтемақы жасауға уәде етті. Сонда ол бірнеше қабат орамамен оралып, мұқият жасырылған әрі жан-жақты қорғалған бумалар ішінде қан­дай зат болғанын, оның қанша тұра­тынын қайдан білмек?

Сарапшылардың айтуынша, бірін­шіден егер ол AliExpress және басқа да шет­елдік және отандық виртуалды сауда алаң­дары мен интернет дүкендерден са­тып алынған тауар болса, оның тиісті құ­жат­тары бар. Қайсысының қандай тауар екені белгілі. Тапсырыс беруші оны қан­шаға сатып алғанын дәлелдей алады. 

Екіншіден, егер еліміздің бір елді ме­кенінің тұрғыны өзге қала не ауылдағы туысына, танысына сәлемдеме жіберуге ниет­тенсе, жолдамас бұрын Қазпошта бө­лімшесінде бір парақ қағаз толтырып, бума ішіндегі өнімнің құнын (немесе оны өзі қаншаға бағалайтынын) көрсетеді. Бұл жерде мәселе бар: азаматтардың көбі сә­лемдемесінің құнын ондаған есе азай­тып жазады. Себебі «егер қымбат бағаны көр­сет­сем, жалақысы аз пошта қызмет­керінің бірі қызығып, ұрлап ала ма?» деп қауіптенеді екен. Айталық, құны жарты миллион теңгеден жоғары iPhone 12 Pro салынған сәлемдемені «25 мың теңге» деп бағалай салады. Ондай адамдар тауар жоғалғанда шектен тыс «сақтығынан» сорлауы ықтимал: сақтандыру ақысы сол 25 мың теңгеге сай есептеледі. Қазіргі кезде Қазпошта Кентау қаласының орталық бөлімшесіндегі өрт­тен келген шығын көлемін нақтылаумен айналысып жатыр. Жалпы ауданы 99 шар­шы метр сәлемдемелер супер­маркетінің 65 шаршы метрін жалын шар­пыған.

Пошталар жаппай тексерілуде

Аталған пошта бөлімшесінің қауіп­сіздігін «Мұсахан секьюрити» күзет агент­тігі қамтамасыз етуі тиіс еді. Ком­пания Алматы облысының Қаскелең қаласында тіркелген. Мыңнан астам қызметкері бар ірі кәсіпорын субъектісіне жатады. Күзетшілерді даярлайтын маман­дандырылған «Мұсахан» деген орталығы да бар.

«5 желтоқсан күні түнде бөлімшеде кезекшілік еткен және поштаның отқа оранғанына куә болған осы агенттіктің қыз­меткерлерінен тергеушілер жауап алып, барлық мән-жайды анықтауға тырысып жатыр. Кезекшіліктің сол түндегі іс-қимылына кейінірек баға беріледі. Күзет агенттігінің қызметкерлері дер кезінде және жеткілікті түрде шара қабылдады ма? Өрттің алдын алу бо­йынша өз міндеттемелерін тиісті дәре­жеде орындады ма? Осы және басқа да сұрақ­тарға жауап беріледі», – деді «Қаз­пошта» АҚ баспасөз қызметі.

Өртеніп кеткен 370 сәлемдеменің құны мен өтемақы мөлшерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық пошта операторының айтуынша, тергеу аяқ­талған соң Қазпошта заң аясында өз кли­енттеріне сәлемдеме құнын өтеп бе­реді. «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев Кентау қаласындағы орталық пошта бөлімшесінің қызметін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жеке бақылауына алып, өзі үйлестіріп отыр­ғанын жеткізді. Ол осы оқиғадан кейін Қазпоштаның бүкіл бөлімшелеріндегі өртке қарсы тұру және дабыл қағу жүйе­лерін жаппай тексеруге бастамашы бо­лып­ты. Компанияның барлық облыстық филиалының басшыларына тиісті тап­сырма жүктелді.

Пошта вагоны неге өртенді?

Кездейсоқтық па, әйтеуір желтоқсан айында пошталардың жануы жиілегенге ұқсайды. Мысалы, 14 желтоқсанда, таңғы 4.06-да Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Бейнеу–Құлсары телімінде жеке тасымалдаушыға тиесілі №109 жолаушылар пойызында өрт шыққан. Маңғышлақ–Ақтөбе бағытында кетіп бара жатқан пойыздың пошталық-ба­гаждық вагоны өртеніпті. Салдарынан 5 адам, соның ішінде 1 бала зардап шекті. Олардың бәрі пошталық-багаждық ва­гон­да отырған. Зардап шегушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді және ауруханаға шұғыл жеткізілді. Жолаушылар пойызы жекеменшік тасымалдаушы – Otpan Logistik ЖШС-нің иелігінде. Ал ол сүйреген және отқа оранған вагон тағы сол Қазпоштаның еншісінде болып шықты.

Әрине, поштадан басталған тілсіз жау өзге вагондарға таралып, адам шығынына әкелуі мүмкін еді. Абырой болғанда, өрт туындағанын біле сала локомотив ма­шинисі нұсқаулыққа сай жедел әрекет еткен. Ол тежеуішті шұғыл басып, по­йызды тоқтатқан және пойыз диспетчері­не болған жайды хабарлаған. Содан сыртқа атып шығып, жанып жатқан пош­та вагонын құрамадан ажыратып тастапты. Сөйтіп, үлкен апаттың алдын алды.

Төтенше жағдай туралы ақпарат түскеннен кейін оқиға орнына ҚТЖ ұлт­тық компаниясының өрт сөндіруші по­йызы, 2 өрт сөндіруші автомашина және 3 жедел жәрдем көлігі шұғыл аттанды. Таңғы 7.40-та өрт сөндірілді, пойыз өз бағдарымен жүріп кетті.  Бүгінде Төтенше жағдайлар депар­таментінің тергеушілері өрттің не себепті дәл пошта вагонында басталғанын зерт­теуге кірісті.

Сәлемдемені бөгейтін кім?

Қазпоштада тауарының жоғалып кеткеніне шағымданатын адам көп. Мысалы, Қазпоштаның өзі 2017 жылы сәлемдемелерін жолай «жоғалтып» алғаны үшін 18 клиентке жалпы сомасы 218 179 теңге төлегенін жария етті. Оның алдында, 2016 жылы сәлемдеме ұрлауға қатысты 17 оқиға тіркелген. Ол үшін «Қазпошта» АҚ клиенттерге 373 823 теңге өтемақы жасапты. Осылайша, ресми мәлімет бойынша барлық сәлемдеменің орташа есеппен 0,03%-ы Қазпоштада қолды болған. Кейінгі жылдар бойынша ақпарат жоқ. Сол тұста Қазпоштаның бизнес жөніндегі атқарушы директоры болған Азат Машабаевтың айтуынша, кейбір жағдайда сәлемдемелердің сайда саны, құмда ізі қалмауына компания кінәлі емес: бумалары Қазпоштаға бос келген жағдайлар кездесіпті.

«Мысалы, Қытайда сатып алынған тауар Қазақстанға жеткенше 3-4 шетелдік поштаның және 2-3 тасымалдаушының қолынан өтеді. Тапсырыс берушіге обал: ол өзіне керекті затты күтеді, сатып алмас бұрын уақытын сарп етіп, оны ұзақ таңдайды. Бәлкім, ең жақын адамына сыйлап, қуантқысы келер. Ақырында та­уары­ның қай жерде ұрланғанын біле алмай, ұнжырғасы түседі. Сондықтан пошта саласында жоғалатын сәлемдеме­лер санын азайту бағытында транс­фор­мация жұмыстары жүргізілуде. Қазпошта­да тек сәлемдемелерді іздеумен, осындай түйткілдердің түйінін тарқатумен айналысатын арнайы топ бар. Бірақ бәрі адами факторға тіреледі. Адам алдынан тасқындап өтіп жатқан игілікке қол салуы мүмкін. Мұндай кесел өзге елдердің пош­та­сына да тән», – деді сарапшы.

Өз кезегінде Қазпошта сәлемдемені ие­сінің ала алмауына басқа да себептер ық­пал етуі мүмкін екенін айтады. Мыса­лы, біріншіден, жөнелтуші алушының деректерін – мекенжайын, аты-жөнін дұ­рыс көрсетпеуі ықтимал. Онда пошта жөнелтуші адамға не компанияға хабар­ласып, түпкі алушының деректерін нақ­ты­лайды немесе сәлемдемені кері қай­тарып жібереді. Екіншіден, жолданған сәлемдеме іші­нен тыйым салынған заттар табылуы мүм­кін. Мұндай жағдай болса, тиісті акт толтырылады. Ішінен есірткі, қару шық­са, кеден қызметі жедел іздестіру іс-шараларын жүргізеді. Үшіншіден, егер сәлемдеме бүлінген, жыр­тылған күйде жетсе, ол пошта бөлім­шесіне жолданады. Сол жерге шақырыл­ған клиент пошта қызметкерінің көзінше оны ашып, тексереді. Егер көңілі толмаса, не тауарын таппаса, жөнелтушіге өтініш жазады. Бұл сәлемдеме құнын өтеу ісін бастау үшін керек көрінеді. Төртіншіден, кеденші «декларацияда көрсетілген тауар құны тым төмен­детілген» десе, бағасы күдігін тудырса, ол сәлемдемені бөгеп, қайта бағалауға жі­бер­еді.

Айта кетер жайт, Дүниежүзілік пошта одағы жыл сайын құратын рейтингте 2020 жылы Қазақстан «сенімділік, орнық­тылық» секілді көрсеткіштер бойынша елулікке де кірмеді: 3 тұғырға төмендеп, 52-орынды місе тұтты. Тағы да Швейцария лидер атанды. Бұл ретте Ресей мен Беларусь сияқты одақтастарымыз рей­тингтің көш бастаушы «жиырмалығына» енді.

Елдос Сенбай