Ағайын-туысқанына сәлем-сауқат жолдаған жан онысы көздеген жеріне жетіп, көмекке айналады деп сенеді. Өз өнімін сәлемдеме түрінде жолдаған бизнесмен де клиентін қуанышқа бөлеймін деп ойлайды. Бірақ бұған ешқандай кепілдік жоқ. Өйткені сол сәлемдеменің кез келгені жолай жоғалуы, ұрлануы немесе өртеніп кетуі мүмкін.
Жалған ақпарат, жанған сәлемдеме
5 желтоқсанда Қазпоштаның Кентаудағы «сәлемдемелер супермаркеті» өртеніп кетті. Тілсіз жау пошта бөлімшесінде болған 424 сәлемдеменің басым көпшілігін – 370-ін жалмап қойғаны енді анықталып отыр. Қазақстанның пошта байланысының ұлттық операторы клиенттерге жанып кеткен тауарларының құнына өтемақы жасауға уәде етті. Сонда ол бірнеше қабат орамамен оралып, мұқият жасырылған әрі жан-жақты қорғалған бумалар ішінде қандай зат болғанын, оның қанша тұратынын қайдан білмек?Екіншіден, егер еліміздің бір елді мекенінің тұрғыны өзге қала не ауылдағы туысына, танысына сәлемдеме жіберуге ниеттенсе, жолдамас бұрын Қазпошта бөлімшесінде бір парақ қағаз толтырып, бума ішіндегі өнімнің құнын (немесе оны өзі қаншаға бағалайтынын) көрсетеді. Бұл жерде мәселе бар: азаматтардың көбі сәлемдемесінің құнын ондаған есе азайтып жазады. Себебі «егер қымбат бағаны көрсетсем, жалақысы аз пошта қызметкерінің бірі қызығып, ұрлап ала ма?» деп қауіптенеді екен. Айталық, құны жарты миллион теңгеден жоғары iPhone 12 Pro салынған сәлемдемені «25 мың теңге» деп бағалай салады. Ондай адамдар тауар жоғалғанда шектен тыс «сақтығынан» сорлауы ықтимал: сақтандыру ақысы сол 25 мың теңгеге сай есептеледі. Қазіргі кезде Қазпошта Кентау қаласының орталық бөлімшесіндегі өрттен келген шығын көлемін нақтылаумен айналысып жатыр. Жалпы ауданы 99 шаршы метр сәлемдемелер супермаркетінің 65 шаршы метрін жалын шарпыған.Сарапшылардың айтуынша, біріншіден егер ол AliExpress және басқа да шетелдік және отандық виртуалды сауда алаңдары мен интернет дүкендерден сатып алынған тауар болса, оның тиісті құжаттары бар. Қайсысының қандай тауар екені белгілі. Тапсырыс беруші оны қаншаға сатып алғанын дәлелдей алады.
Пошталар жаппай тексерілуде
Аталған пошта бөлімшесінің қауіпсіздігін «Мұсахан секьюрити» күзет агенттігі қамтамасыз етуі тиіс еді. Компания Алматы облысының Қаскелең қаласында тіркелген. Мыңнан астам қызметкері бар ірі кәсіпорын субъектісіне жатады. Күзетшілерді даярлайтын мамандандырылған «Мұсахан» деген орталығы да бар.Өртеніп кеткен 370 сәлемдеменің құны мен өтемақы мөлшерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық пошта операторының айтуынша, тергеу аяқталған соң Қазпошта заң аясында өз клиенттеріне сәлемдеме құнын өтеп береді. «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев Кентау қаласындағы орталық пошта бөлімшесінің қызметін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жеке бақылауына алып, өзі үйлестіріп отырғанын жеткізді. Ол осы оқиғадан кейін Қазпоштаның бүкіл бөлімшелеріндегі өртке қарсы тұру және дабыл қағу жүйелерін жаппай тексеруге бастамашы болыпты. Компанияның барлық облыстық филиалының басшыларына тиісті тапсырма жүктелді.«5 желтоқсан күні түнде бөлімшеде кезекшілік еткен және поштаның отқа оранғанына куә болған осы агенттіктің қызметкерлерінен тергеушілер жауап алып, барлық мән-жайды анықтауға тырысып жатыр. Кезекшіліктің сол түндегі іс-қимылына кейінірек баға беріледі. Күзет агенттігінің қызметкерлері дер кезінде және жеткілікті түрде шара қабылдады ма? Өрттің алдын алу бойынша өз міндеттемелерін тиісті дәрежеде орындады ма? Осы және басқа да сұрақтарға жауап беріледі», – деді «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі.
Пошта вагоны неге өртенді?
Кездейсоқтық па, әйтеуір желтоқсан айында пошталардың жануы жиілегенге ұқсайды. Мысалы, 14 желтоқсанда, таңғы 4.06-да Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Бейнеу–Құлсары телімінде жеке тасымалдаушыға тиесілі №109 жолаушылар пойызында өрт шыққан. Маңғышлақ–Ақтөбе бағытында кетіп бара жатқан пойыздың пошталық-багаждық вагоны өртеніпті. Салдарынан 5 адам, соның ішінде 1 бала зардап шекті. Олардың бәрі пошталық-багаждық вагонда отырған. Зардап шегушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді және ауруханаға шұғыл жеткізілді. Жолаушылар пойызы жекеменшік тасымалдаушы – Otpan Logistik ЖШС-нің иелігінде. Ал ол сүйреген және отқа оранған вагон тағы сол Қазпоштаның еншісінде болып шықты.Төтенше жағдай туралы ақпарат түскеннен кейін оқиға орнына ҚТЖ ұлттық компаниясының өрт сөндіруші пойызы, 2 өрт сөндіруші автомашина және 3 жедел жәрдем көлігі шұғыл аттанды. Таңғы 7.40-та өрт сөндірілді, пойыз өз бағдарымен жүріп кетті. Бүгінде Төтенше жағдайлар департаментінің тергеушілері өрттің не себепті дәл пошта вагонында басталғанын зерттеуге кірісті.Әрине, поштадан басталған тілсіз жау өзге вагондарға таралып, адам шығынына әкелуі мүмкін еді. Абырой болғанда, өрт туындағанын біле сала локомотив машинисі нұсқаулыққа сай жедел әрекет еткен. Ол тежеуішті шұғыл басып, пойызды тоқтатқан және пойыз диспетчеріне болған жайды хабарлаған. Содан сыртқа атып шығып, жанып жатқан пошта вагонын құрамадан ажыратып тастапты. Сөйтіп, үлкен апаттың алдын алды.
Сәлемдемені бөгейтін кім?
Қазпоштада тауарының жоғалып кеткеніне шағымданатын адам көп. Мысалы, Қазпоштаның өзі 2017 жылы сәлемдемелерін жолай «жоғалтып» алғаны үшін 18 клиентке жалпы сомасы 218 179 теңге төлегенін жария етті. Оның алдында, 2016 жылы сәлемдеме ұрлауға қатысты 17 оқиға тіркелген. Ол үшін «Қазпошта» АҚ клиенттерге 373 823 теңге өтемақы жасапты. Осылайша, ресми мәлімет бойынша барлық сәлемдеменің орташа есеппен 0,03%-ы Қазпоштада қолды болған. Кейінгі жылдар бойынша ақпарат жоқ. Сол тұста Қазпоштаның бизнес жөніндегі атқарушы директоры болған Азат Машабаевтың айтуынша, кейбір жағдайда сәлемдемелердің сайда саны, құмда ізі қалмауына компания кінәлі емес: бумалары Қазпоштаға бос келген жағдайлар кездесіпті.«Мысалы, Қытайда сатып алынған тауар Қазақстанға жеткенше 3-4 шетелдік поштаның және 2-3 тасымалдаушының қолынан өтеді. Тапсырыс берушіге обал: ол өзіне керекті затты күтеді, сатып алмас бұрын уақытын сарп етіп, оны ұзақ таңдайды. Бәлкім, ең жақын адамына сыйлап, қуантқысы келер. Ақырында тауарының қай жерде ұрланғанын біле алмай, ұнжырғасы түседі. Сондықтан пошта саласында жоғалатын сәлемдемелер санын азайту бағытында трансформация жұмыстары жүргізілуде. Қазпоштада тек сәлемдемелерді іздеумен, осындай түйткілдердің түйінін тарқатумен айналысатын арнайы топ бар. Бірақ бәрі адами факторға тіреледі. Адам алдынан тасқындап өтіп жатқан игілікке қол салуы мүмкін. Мұндай кесел өзге елдердің поштасына да тән», – деді сарапшы.
Өз кезегінде Қазпошта сәлемдемені иесінің ала алмауына басқа да себептер ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Мысалы, біріншіден, жөнелтуші алушының деректерін – мекенжайын, аты-жөнін дұрыс көрсетпеуі ықтимал. Онда пошта жөнелтуші адамға не компанияға хабарласып, түпкі алушының деректерін нақтылайды немесе сәлемдемені кері қайтарып жібереді. Екіншіден, жолданған сәлемдеме ішінен тыйым салынған заттар табылуы мүмкін. Мұндай жағдай болса, тиісті акт толтырылады. Ішінен есірткі, қару шықса, кеден қызметі жедел іздестіру іс-шараларын жүргізеді. Үшіншіден, егер сәлемдеме бүлінген, жыртылған күйде жетсе, ол пошта бөлімшесіне жолданады. Сол жерге шақырылған клиент пошта қызметкерінің көзінше оны ашып, тексереді. Егер көңілі толмаса, не тауарын таппаса, жөнелтушіге өтініш жазады. Бұл сәлемдеме құнын өтеу ісін бастау үшін керек көрінеді. Төртіншіден, кеденші «декларацияда көрсетілген тауар құны тым төмендетілген» десе, бағасы күдігін тудырса, ол сәлемдемені бөгеп, қайта бағалауға жібереді.Айта кетер жайт, Дүниежүзілік пошта одағы жыл сайын құратын рейтингте 2020 жылы Қазақстан «сенімділік, орнықтылық» секілді көрсеткіштер бойынша елулікке де кірмеді: 3 тұғырға төмендеп, 52-орынды місе тұтты. Тағы да Швейцария лидер атанды. Бұл ретте Ресей мен Беларусь сияқты одақтастарымыз рейтингтің көш бастаушы «жиырмалығына» енді.
Елдос Сенбай