Халықаралық көлік тасымалы басты назарда
Халықаралық көлік тасымалы басты назарда
317
оқылды

Халықаралық тасымалға рұқсат беретін куәлікті алу үшін egov.kz және elincense.kz порталында өтініш қалдыру жеткілікті

Қазір халықаралық жүк тасымалдаушыларын қадағалау, олардың рұқсат қағаздарын тексеру және көліктердің техникалық қауіпсіздігін бақылау аса өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған орай Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімшілік кедергілерді мейлінше қысқартып, халықаралық жүк тасымалын жасайтын автокөліктерге рұқсат беру карточкаларын рәсімдеу процедураларын жеңілдеткен еді.

Осыған байланысты жақында Алматы қаласының әкімдігінің өңірлік коммуникациялар қызметінде Отандық, халықаралық жүк тасымалдаушылар мен БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтіп, онда ҚР ИИДМ Көлік комитеті Ахуалдық орталығының басшысы Қуаныш Ермұханов рұқсат беру бланкілері туралы баяндады. Сонымен қатар, Алматы қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Хамитбек Петралиев қолға алынған игі шараларға тоқталды.

Енді халықаралық тасымалға рұқсат беретін куәлікті алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында немесе egov.kz және elincense.kz порталында өтініш қалдыру жеткілікті.

- ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті көлік туралы жалған куәлік жасаған, қитұрқы әрекетке барғандарды анықтауда. Олар халықаралық тасымалдарға арналмаған рұқсат беру карточкаларын алған. Бұл өз кезегінде әртүрлі деңгейдегі алаяқтықтың өрістеуіне әкеліп соққан, – дейді Хамитбек Петралиев.

Қазіргі таңда көліктік бақылау инспекциясы 10 компанияға қатысты халықаралық тасымалдарға рұқсат беру куәлігі мен карточкаларын жарамсыз деп тану туралы сотқа шағым түсірген. Қазір аталған істі аудан аралық мамандандырылған экономикалық соты қарастыруда. Сонымен қатар  46 жалған жүргізуші анықталып, 1200 көлік құралы бойынша жалған мәліметтер берілген. Жалпы, соңғы кезде мұндай белден басушылық тым көбейіп кеткен. Яғни, көптеген тасымалдаушылар ресми құжаттарды қолдан жасап, жалған құжаттарды көпе-көрнеу пайдаланып келген. Мұндай істің баянсыз екенін білген кей компаниялар жұмыстарын оң бағытқа бұра бастаған. Мәселен, 3 компания өз әрекетінің заңсыздығын түсініп, Алматы қаласы бойынша инспекцияға 3 рұқсат беру куәлігі мен 307 рұқсат карточкасын өз еркімен тапсыруды жүзеге асырыпты.

- Ендігі кезекте халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыруға арналмаған автомобильдер туралы мәліметтерді ұсыну фактілері анықталған жағдайда рұқсат карточкаларын беру шектелетін болады. Осы уақытта Қазақстан рұқсат бланкілерін 42 мемлекетпен алмасады. Алынған рұқсат бланкілері тасымалдаушылардың берілген жылдық өтінімдеріне сәйкес аумақтық инспекциялар бойынша бөлінеді. Істің оңайлатылуы, мемлекеттің алаяқтықтың алдын алып, шаруаны оң бағытқа бейімдеуі – бірінші кезекте кәсіпкерлікті дамытып, жалған әрекеттердің алдын алмақ – деп атап өтті ҚР ИИДМ Көлік комитеті Ахуалдық орталығының басшысы Қуаныш Ермұханов.