Мерейтойын тойлатып жатқан білім ордасы
Мерейтойын тойлатып жатқан білім ордасы
396
оқылды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 75 жылдығына арналған салтанатты рәсім мен «Үкілі үміт» I Қайырымдылық балы өтеді.

Білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің құрылғанына 75 жыл толып отыр.

Осы жылдары іргетасын нықтаған, өзінің дара дәстүрін қалыптастырған оқу орны еліміздің ұстаздар даярлайтын бірден-бір орталығына айналды. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезінде – 1944 жылы ашылған бұл бірегей білім ұясының елімізде педагог кадрлар дайындаудағы алатын орны өлшеусіз үлкен. Өйткені, оны осы мерзім ішінде кең-байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен, әсіресе ауылдық жерлерден білімге шөліркеп келген мыңдаған қазақ қыздары бітіріп шықты.

Ең бастысы – Қыздар университеті құрылған күнінен бастап-ақ отандық білім беру мен ғылымның жарқын үлгісі, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау көзі болды.

Бүгінде университет әлемнің 70-ке жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Оның ішінде Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, АҚШ-тың Миссисипи алқабы мемлекеттік университеті, Ұлыбританияның Western international сollege оқу орнымен және Польшаның Катовицахтағы Силез университетімен қосдипломды білім беру бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді.

Биік белеске бет алған білім ордасына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл – еліміздің өрісін кеңейтуге сүбелі үлес қосып келе жатқан ұстаздар қауымына деген құрметтің айқын үлгісі деп топшылауға болады.

Университет 75 жылға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясында осы уақыт аралығында 60 мыңнан астам білікті маман даярланды.

Қыздар университеті – тек педагог даярлап қана қоймайды, ол ұрпақ тәрбиешісі ретінде саналатын болашақ мамандардың бойына халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан тағылымды тәрбиесін, ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін сіңіреді. Бұл – арулардың парасат мектебіне айналған білім ордасының өзіндік ерекшелігі.

Осынау ізгі дәстүрді сақтап келе жатқан университет өз мерейтойы қарсаңында алматылық жастар арасында тұңғыш рет «Үкілі үміт» қайырымдылық балын өткізбек. Жастар жылына арналған веналық үлгідегі балға саясат пен бизнес өкілдері, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері және мәдениет саласы мен масс-медиа мамандары қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар оған қайырымдылық пен меценаттықты өмірінің басты қағидасы ретінде санайтын азаматтар да шақырылып отыр.

Алматы қаласының қоғамдық және мәдени өміріндегі айтулы шараның басты мақсаты – жастарды бекзат өнерге тарту арқылы оларды жоғары мәдениеттілікке, инабаттылық пен қайырымдылыққа баулу, қоғамда «Алматы – ізгі істер қаласы» түсінігін қалыптастыру және оны нақты іске асыру.

Оңтүстік астананың еліміздің мәдени орталығы ретіндегі имиджін одан әрмен көтеруді көздейтін шара шығармашылық әлеуеті жоғары талантты жастарды анықтауға үлес қоспақ.