Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ұлттық музейдегі ХІІІ-ХХ ғасыр аралығындағы «Қазақстан тарихы» залы қайта жаңғырды. Ел тарихын кезең-кезеңімен баяндайтын музейге келушілер көп. Бұған өткен жолы «Нюрнберг сабақтары: ұмытылмас үшін» көрмесін тамашалауға барғанда көзіміз жетті. Әрі сол тұста «Қазақстан тарихы» залында жаңарту жұмысы жүріп жатқанын байқағанбыз.
Қайта жаңартылған залда 300-ден астам жәдігер бар. Залды қайта жаңғырту жұмысының басы-қасында сала мамандары жүрген. Жұмысты бастамас бұрын білікті тарихшылармен келелі кеңес өткен. Осылайша, залды жаңғыртуға 1 жылға жуық уақыт кетті. Ал ашылу салтанаты азаттық күніне тұспа-тұс келіп отыр. Оның үстіне, бұл іс-шара Абайдың 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығы және Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған. Осы орайда, келушілерге залдың тарихын Ұлттық музейдегі «Қазақстан тарихы» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сырым Хасенов баяндап берді. Оның айтуынша, бұл зал 2014 жылы ашылған. Араға 6 жыл салып, қайта жаңғыртудан өткен. Музейге ат басын бұрғандар осы залдан қазақтың орта, жаңа және қазіргі замандағы тарихымен таныса алады. Бұған қоса, мұнда ХІІІ-ХХ ғасыр аралығында өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен қызметі, шығармашылығынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған. Оның ішінде аса құнды жәдігерлер бар. Мысалы, Төле би, Қазыбек би және Абылай ханның шапаны, сол тұлғалар қолданған мөрлердің көшірмесі, сонымен қатар қару-жарақ топтамасын көре аласыз. «Қазақстан тарихы» бөлімін аралай қалсаңыз, сол тұстағы мәдениет пен өнер, өмір көрінісі көз алдыңызға келеді. Мешіт құрылысы, әшекей бұйымдар мен аспаптар елітпей қоймайды. Тұлғатану үшін де таптырмайтын орын. Жалпы, Ұлттық музей аурасы бөлек ғимарат. Бұл – Тәуелсіздіктің сыйы. Олай дейтініміз, қай залды араласақ та, сол ғасыр тіршілігімен танысып, үндесе аламыз. Музейдің арқасында бағзы заманнан тәуелсіз Қазақстанға дейінгі жолмен жүріп, тарих ғажаптарына жақыннан үңілесіз. Әрі музейге келушілер арасында балаларын еріткен ата-ана мен мектеп оқушыларын көргенде ішің жылиды. Өйткені мәдени орындағы жәдігерлердің жанында орналасқан электронды құралдар мен цифрлы жабдықтар жастардың назарын аударары анық.Айбике ЖАНАСЫЛ