Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ республикалық театр фестивалі Атырау қаласында өтті. Атырау облысы әкімдігі, Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры, Рахымжан Отарбаевтың руханият қоры ұйымдастырған өнер мерекесінің ашылу салтанаты Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында басталды.
Фестивальдің ашылу салтанатында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөз сөйлеп, қаламгер шығармашылығына кеңінен тоқталып, фестиваль жұмысына сәттілік тіледі. «Рахымжан Қасымғалиұлы проза мен драматургияда өз орнын тапқан адам. Әлеуметтік проблемаларға ешқашан бейжай қарамай, ұлтжанды азамат болған ол – тек біздің өңіріміз емес, бүкіл қазақтың мақтанышы. Рахымжан Отарбаев – Әбіш Кекілбаевтың, Әбу Сәрсенбаевтың, Хамит Ерғалиевтің, Фариза Оңғарсынованың асыл қазынасының мұрагері. Ұлттық мәдениетіміз пен өнеріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан оның талантын басқа жұрт та танып, шығармалары әлем тілдеріне аударылды. Уақыт бөліп, фестивальге арнайы келіп, қатысып отырған Рахымжан ағамыздың ағайындарына, дос-жолдастарына ризашылығымды білдіремін. Осы фестивальге келген театр ұжымдарына, басшыларына алғысымды айтамын. Сіздердің өнерлеріңіз көрерменге қуат береді», – деді өңір басшысы. Қазақстанның Еңбек Ері, фестивальдің қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов Рахымжан Отарбаевтың мәдениет саласындағы, соның ішінде, театр өнеріндегі еңбегін атап өтті. Қаламгердің ұлы Ермерей Рахымжанұлы фестиваль қонақтары мен атыраулықтардың ыстық ықыласына ризашылығын білдірді. «Осы шара басталғалы халықтың отансүйгіш қалпын, әкеме, оның шығармашылығына деген құрмет сезімін байқап отырмыз. Сондай-ақ осы фестивальге келген барлық артиске әкеме деген сый-құрметтеріңіз үшін алғысымды айтамын», – деді Е.Отарбаев.
Айта кетейік, фестивальге қатысқан театр ұжымының өнерін Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов (төраға), Қазақстанның Халық артисі, профессор, «Парасат» орденінің иегері, режиссер Есмұхан Обаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, режиссер Сердеш Қажымұратұлы, Қазақстанның Халық артисі, профессор, режиссер Талғат Теменов, жазушы, әдебиеттанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Ұларбек Нұрғалымұлы, театр сыншысы Айзат Қадыралиева және журналист, «Шабыт» сыйлығының лауреаты, қаламгердің қызы Қаракөз Рахымжанқызынан құралған қазылар алқасы бағалады.
Сонымен фествальдің шымылдығын Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры Р.Отарбаевтың «Әміре» драмасымен ашты. Түркістан қалалық Р.Сейтметов атындағы сазды драма театры Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» (қоюшы режиссері – Айдар Наурызбаев, қоюшы суретші – Қанат Шериев) драмасын сахналаса, Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» шығармасын Жетісай қалалық Қ.Жандарбеков атындағы драма театры («Түнек торы») қойды. Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры және С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры Р.Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» лирикалық драмасын сахналады. Қос театр ұжымы қойған спектакльдің ортақ режиссері – Н.Жұманиязов. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры қойған «Темір Нарком» драмасы да көпшіліктің көңілінен шықты. Р.Отарбаевтың «Бас» қойылымын Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы (қоюшы режиссері – Қ.Қасымов, қоюшы суретшісі – Қ.Жұмақұлов, балетмейстері – К.Шишкалов) ұсынды. Ақмола облыстық орыс драма театры Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» драмасын қойды. Көпшіліктің бәріне бірдей үлкен әсер сыйлаған «Жалғыздық» драмасын М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры сахналады. Режиссері – М.Томанов, сценограф – Т.Мұхтаров.
Театр фестивалі аясында бірқатар іс-шара да өтті. Мәселен, Р.Отарбаевтың «Бас» романы, «И я был подобием твоим…», «Плач Чингизхана» кітаптары және Ұлттық академиялық кітапханадан шыққан библиографиялық көрсеткіші оқырманға жол тартты. Оған қоса «Рахымжан Отарбаевтың руханият қорының» тұсауы кесілді. Ақынның жары Сәуле Отарбаева бұл қор қаламгер шығармашылығын көпке таныстырумен қатар, шығармашыл жастарға да қамқорлық танытатынын айтты.
«Әдебиет пен мәдениетке теңдей үлес қосқан Рахымжандай перзентін елі ұмытпауы керек. Ол Қазақстанды ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерді мойындатқан санаулы суреткердің бірі. Оның шығармашылығын насихаттау ісі қаламгердің елінде үлкен шараға ұласып жатыр. Ұмытпай, елеп-ескерген үлкен-кішіге алғысым шексіз» деген Асанәлі Әшімов фестиваль қорытындысында сөйлеген сөзінде алдағы уақытта да Отарбаев биігі аласармайтынын айтты.
Аптаға созылған фестиваль сахнасы жазушының шығармашылығын дәріптеген сахналық қойылыммен аяқталды.
Фестиваль қорытындысы бойынша «Үздік сценограция» жүлдесін Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымы иеленсе, «Үздік режиссер» номинациясымен Ақмола облыстық орыс драма театры сахналаған «Бейбарыс» драмасының режиссері Ольга Луциева алды. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының актері Нұрболат Өтеғұлов Р.Отарбаевтың «Темір Наркомындағы» басты рөл – Т.Жүргеновтің бейнесі үшін «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясын иеленді. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актрисасы Дина Заитова «Фариза мен Мұқағали» лирикалық драмасындағы Фариза рөлі үшін «Ең үздік әйел адам рөлі» номинациясын алды. «Көрермен көзайымы» номинациясын Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, «Бас» драмасында Құрақ қартты сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәжит Ілиясқаров алды. Дастан Әлімов «Әміре» спектакліндегі эпизодтық рөлі үшін марапатталды. «Рахымжан Отарбаевтың Руханият қоры» тағайындаған «Рахымжан Отарбаев атындағы жүлде» «үздік режиссура» жүлдесін Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры қойған «Бас» драмасының режиссері Қуандық Қасымов алды.
Екі үшінші орынды Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры («Бас») және Түркістан қалалық Р.Сейтметов атындағы сазды драма театры («Мұстафа Шоқай») алды. Қос екінші орынға Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры («Фариза мен Мұқағали» поэтикалық драмасы) және Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры («Темір Нарком» драмасы) ие болды. Бірінші орынды «Әмірені» қойған Қаллеки театры алды. Бас жүлдені М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры («Жалғыздық» драмасы үшін) иеленді.
«Әдебиет пен мәдениетке теңдей үлес қосқан Рахымжандай перзентін елі ұмытпауы керек. Ол Қазақстанды ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерді мойындатқан санаулы суреткердің бірі. Оның шығармашылығын насихаттау ісі қаламгердің елінде үлкен шараға ұласып жатыр. Ұмытпай, елеп-ескерген үлкен-кішіге алғысым шексіз» деген Асанәлі Әшімов фестиваль қорытындысында сөйлеген сөзінде алдағы уақытта да Отарбаев биігі аласармайтынын айтты.
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,
сыншы:
– Рахымжан Отарбаевтың есімі, шығармашылығы бүгінгі жастардың жүрегіне жетуі керек. Рахымжан ағаны жазушы, қаламгер ретінде жақсы білетін едім, осы фестивальде жаңа қырын аштым. Оның ең алғаш жазған «Соғыстың соңғы бомбасы» ең үлкен құбылыс болды. Жалпы шығармашылық адамы әдебиетке қалай алапат құбылыс болып келсе, дәл солай құбылыс болып кететін сияқты. Ол шығармашылыққа бірден өз биігін алып келді де, содан төмендеген жоқ. Өз топырақтарыңыздан шыққан ірі суреткерлеріңізбен мақтануларыңыз, оны жан-жақты зерттеулеріңіз керек.
Отарбаевтың әр шығармасын оқыған сайын өзім үшін үлкен жаңалық ашамын. Қазақ прозасында жазушылар көп, талантты жазушылар да аз емес. Бірақ юмор, сарказм арқылы қоғамның шындығын айтқан суреткерлер сирек. Міне, сол сирек суреткердің бірі – Рахаң болатын.
Серік ЕЛІКБАЙ,
әдебиеттанушы, сыншы, профессор:
– Рахымжан Отарбаевта ұлттық идеологияда жоғалтып алған дүниеміз – талантқа деген бауырмалдық, өзгені жақсы көру, қатарға қосу, жақсының жақсы екенін, жаманның жаман екенін айту мінезі бар еді. Әдебиет деген ғажап әлемдегі биігі ұмытылмайды. Бұл кешегі ұлыларымыздың жолы еді. Кейінгі толқынды өзімен қатар алып жүрген үлкендердің ғажап үлгісі болатын. Ұлттың негізгі бір ұстындарына апаратын даңғайыр даңғылды жалғастырған қаламгер Рахаң еді.
Ал оның жазушылығы жүректің бұлқынысы ғой. Оның кейіпкерлері өлмейтін, өшпейтін бейнелер. Сахнада жүрген Әміре. Франциядан бас жүлдені алып келген Әміре қайтадан қазақ даласына келгенде ешкім емес болып қалуы үлкен трагедия. Ол қазақтың жыртылмайтын байрағы еді, оның жан азабы жүректі қалай ауыртады. «Фариза мен Мұқағалиды» алып қараңыз. Күшеншекті ойнаған актер парықсыздықтың, әлсіздіктің белең алғанын қалай шебер көрсетеді. Отарбаев драматургияда кесек-кесек дүниені алып келген қаламгер.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМ,
жазушы, Отарбаев фестивалінің қазылар алқасының мүшесі:
– Қандай да бір еңбектің қайтарымы болады ғой. Бірақ руханиятқа еңбек еткен адамның еңбегінің бәсі не екен деп ойлаймын. Қазақ руханиятына жанымен де, тәнімен де, жүрек қанымен де, керек десеңіз қаламгер жастарға қолдауы арқылы малымен де қызмет еткен кім дейтін болсақ, тәуелсіздіктен кейінгі тарихта ең алдымен Рахымжан аға еске түседі.
Р.Отарбаев – ұлтқа ұлы тұлғаларынан образ жасап берген сирек жазушыларымыздың бірі. Бүгінгі күні қазақ сахнасында Отарбаев жазған Бейбарыс сұлтан, Жәңгір хан, Әміре, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов сынды тұлғаларымыз қалың жұртымен қайта қауышуда. Бұл да қаламгердің ұлт тәуелсіздігіне қосқан зор үлесі деп білемін.
Атырау облысы