Шенеуніктердің көп жылғы арманы орындалатынға ұқсайды. Оларға қайтадан жұмыс орындарына смартфонмен кіруге рұқсат етілмек. 2016 жылдың наурызында мемлекеттік органдардың ғимаратында смартфондарды, планшеттерді және смарт-сағаттарды пайдалануға қатаң тыйым салынған болатын.
Бұл шектеу тек жылдам хабар таратуға ұмтылатын журналистерге ғана таралмады. Содан шенділер зеріктірер жиын үстінде ұялы телефондарын шұқылап отыратын ақпарат құралдары өкілдеріне қызыға қарайтын.
Сенсорлы экраны бар девайстарды жұмыс уақытында қолдануға бекер тыйым салынған жоқ. Құзырлы органдар анықтағанындай, құпия ақпараттармен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер талаптарды елемей, қызмет мақсаттарына ұялы телефондарды белсенді пайдалана бастаған. Мысалы, меморгандардың интернетке шығуының бірыңғай шлюзімен қорғалған электронды пошта орнына маңызды құжатты телефонмен жолдай салуы жаман әдетке айналыпты. Сондай-ақ WhatsApp мессенджері арқылы қызметтік «жабық» ақпараттың сыртқа кетіп қалу деректері көбейген.
Бұл ретте жоғары технологиялы заманда мүлдем байланыссыз қалмауы үшін оларға интернет модулімен, фото және видеокамерамен жабдықталмаған, тек «қоңырау/жауап/смс» функциялары ғана бар қарапайым ұялы телефондармен кіруге рұқсат етілді.
Енді мемқызметшілерге жұмысқа смартфондарымен келу тәжірибесін қайтаруға шешім қабылданды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, оның енгізілу мерзімі құқық қорғау органдары мен ғимарат әкімшілерінің рұқсат беретін нұсқаулыққа қаншалықты жылдам қол қоятынына тәуелді болмақ. Алда әр меморган бұл мәселені өз бетінше бір ай ішінде келісуден өткізеді.
– Ғимарат иелері мен сол нысанды күзететін полиция таяу арада тиісті құжатқа қол қояды. Содан кейін мемлекеттік қызметшілер смартфондарын еркін пайдалана бастайды. Яғни, оның мерзімі меморгандар басшыларына, ғимарат иелеріне байланысты. Біз аталған нұсқаулыққа қол қоюға тежеу болып келген барлық мәселелерді шештік. Осы мақсатта бүгін Үкімет қаулысы қабылданды, – деді министр.
Әрине, құжат заңмен қорғалатын ақпаратты жариялауға қойылған тыйымды жоймайды. Ендеше, ірілі-ұсақты шенеуніктердің смартфон көмегімен оны қасақана не аңдаусыз жұртқа жайып жіберу қаупі сақталмақ. Ол тәуекелмен құзырлы құрылымдар енді басқа тәсілдермен күресетін болады.
– Ақпараттық қауіпсіздіктен ешкім де бас тартқан жоқ. Ол үшін мемлекеттік қызметшілер мен ведомство басшылары жауапкершілік арқалайды. Смартфонды жұмыс уақытында пайдаланудың, азаматтарға ұялы құрылғыларын мекеме ғимараттарына алып кіруінің шарттары тиісті нұсқаулықпен реттеледі, – деді Асқар Жұмағалиев.
Осы тыйымды сылтауратқан биік лауазымды тұлғалар тек өз бағыныштыларына ғана емес, сонымен қатар қарапайым халыққа да мемлекеттік ұйымдар ғимаратына ұялы телефонмен кіруге шектеу қойды. Салдарынан, бизнесмендерден, инвесторлардан қабылдау бөлмесінде күткен бірнеше сағат ішінде сыртқы әлеммен байланыссыз қалатынына, интернет-банкинг, такси шақыру секілді мүмкіндіктерден айырылатынына қатысты шағымдар жиіледі.
Демек, алда қазақстандықтарды гаджеттерін кіреберісте қалдырып кетуге ешкім мәжбүрлей алмайды.
Девайстарға тыйым салудың баламасы қандай? Бұдан бұрын, мемқызметшілердің ішке алып өтетін смартфонындағы кейбір функцияларды бұғаттаудың тәсілдері елордадағы Министрліктер үйінің 14-кіреберісінде тестілеуден өтіп жатқаны хабарланды. Оған сәйкес, мекеме аумағында смартфонын алып жүргісі келетін тұлға арнайы мобильді қосымшаны орнатуы тиіс. Таңертең ол кіреберісте смартфонын турникетке қояды, сол мезетте әлгі қосымша ұялы телефондағы фото және бейнежазба функцияларына, басқаша айтқанда, камерасына тосқауыл қойып тастайды. Жұмыстан кеткенде кері үрдіс іске асырылады. Бұл бұғаттау смартфонның басқа қызметіне еш кедергі келтірмейтін көрінеді.