Осыдан екі жарым ай бұрын, яғни 15 қыркүйекте Екатеринбург-Алматы тасжолының 2 449 шақырымындағы Шамалған бекетінде пойыз автобусты соғып, автобус жүргізушісі Нұрғали Сорокуба оқиға орнында қаза болған еді. Бүгінде аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-тармағы және 344-бабы 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күні кеше еліміздің ақпарат құралдарында марқұмның жары Ләйлә Жарылғасованың елді елең еткізер жанайқайы жария болды.
Оның айтуынша, сот Нұрғали Сорокубаны шойын жол бойындағы қайғылы оқиғаға тікелей кінәлі деп тауып, істі жаппақ көрінеді.
«Біз өттік, жасыл жанып тұрды. Диспетчер ешқандай шара қолданбады. «Қазақстан темір жолы» оны қойған адамына, қойған адамның жауапкершілігін өз мойнына алсын. Мүгедек адамды қойған. Неліктен олар мүгедек адамды мұндай жауапты жұмысқа қойғанын түсіндірсін» деген Лейла Жарылғасова теміржол компаниясының өкілі бүкіл айыпты автобус жүргізушісі Нұрғали Сорокубаға аударып, өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетпек деп санайды. Ол ұлттық компания диспетчердің 3-топтағы мүгедек екенін жасырып отыр, куәлік етуге келгенде, екі сөздің басын құрай алмағанын көрдім деп отыр.
Төрт баламен жесір қалған келіншектің марқұм күйеуіне қатысты істің жабылатыны туралы хабар айтылғалы бері мазасы кеткен. Ол автобустағы қаншама адамның өмірін сақтап қалған кісінің айыпталуын түсіне алмай отыр.
Л.Жарылғасова оқиғаның қалай болғаны туралы бұған дейін де баяндаған. Қайтыс болған жүргізуші Нұрғали Сорокуба мен әйелі Ләйла Жарылғасова «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-да соңғы бір жылдан бері бірге жұмыс істеген. Ол күйеуі жүргізген автобуста кондуктор болғандықтан, атышулы өтпежолдың проблемасын жақсы білемін дейді, сондықтан да оқиғаға диспетчерді кінәлі деп санайды.
«Диспетчер шлагбаумды кептеліс болмасын деп қызыл түс жанса да ашып қояды. Қызыл түс он минутқа дейін жанып тұра береді. Олар автобустың келгенін, сыймайтынын, шығып кете алмайтынын білді. Онда неге шлагбаумды ашты? Адамдарды шығарып үлгердік. Бір апаны қолынан жетектеп апарғанша пойыз да келіп қалды. Сол сәтте күйеуіме «Секіріп кетші!» деп айғайладым. «Аяғың сынса да секіріп кетші» дедім, үлгермеді ғой...» – деген еді Ләйлә Жарылғасова оқиға болған күні.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі Руслан Иманқұлов: «Автобус жүргізушісі дыбыс белгісіне қарамай, теміржолға шығып кеткен. Салдарынан пойыз автобусты соққан» – деген еді. Бұл оқиғада Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қана кінәліні атауға асыққан жоқ, ол тек өтпежолдың бағдаршаммен, арнайы шлагбауммен және өтіп кетудің алдын алатын металды техникалармен қамтамасыз етілгенін жеткізген.
«Шлагбаум түсірілгеннен кейін көліктердің өтіп кетуінің алдын алатын техника жолды бөгеп қалады. Ал автобустың қоршаудан өтіп кетуінің себебін тергеу жұмыстары кезінде анықтаймыз. Бүгіндері оқиға орнында тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Автобус қаңқасы сараптама жұмысына өткізілді. Сол маңайдағы өтпелі жолға жауапты мамандардың да кінәсі анықталып жатыр» – деген еді министр.
Министрдің «өтпежолға жауапты мамандардың да кінәсі анықталып жатыр» деген сөзі ғана көңілге медет. Әйтпесе, ұзын сонар кептеліске жол бермеу – өтпежолға жауаптылардың міндеті. Марқұмнан қылмыскер жасаудың кімге керек болғанын білмейміз, бірақ қайғылы оқиғаға күйеуін тікелей кінәлі деп табуы мүмкін екені туралы хабар Л.Жарылғасованы есеңгіретіп тастады. Ал оның жанайқайы мен сұрағына құзырлы орындар мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қандай жауап айтар екен?
Айдана БЕГІМ