Елордада 800-ге жуық автобус жолаушы тасымалдайды. Сөйте тұра, тұрғындар таңертең және кешке қоғамдық көлікке сыймай жатады. Әсіресе, қала маңынан Нұр-Сұлтанға қатынайтын жұрт үшін бұл – үлкен мәселе. Себебі елді мекенге жолаушы тасымалдайтын автобустар саны аз, жүру жиілігі ұзақ.
Мәселен, астанада 22 қала маңы бағыты бар. Күніне 50 мыңнан астам жолаушы арлы-берлі ағылады. 29 елді мекенге қатынайтын осы бағыттарда 78 автобус бар екен. Дегенмен мұның өзі аз. Мысалы, Қояндыдан қалаға тек 307-ші автобус қатынайды. Талапкерден астанаға 306-шы бағдар жүреді. Осы қоғамдық көліктің қозғалыс интервалы – 30 минут. Жауапты мекеме өкілдері бұған автобус пен жүргізушінің жетіспеуі себеп екенін айтады.
Жексенбіде жұрт қалаға
жете алмайды
Елорда маңындағы Қараөткел, Тайтөбе, Талапкер, Қоянды, Қызылсуат тұрғындары уақытын автобус күтумен өткізеді. Әсіресе, сенбі, жексенбі күндері автобустың жүру жиілігі азаяды. Күтуден жалыққан тұрғындар машинамен жүруді жөн көреді. Қараөткелде тұратын Айгүл Аббасқызы автобус аялдамаларының арасы қашық екеніне шағымданды. «Орталыққа қоңырау шалып көрмедіңіз бе?» дегенімізде, жаздағы сауалына бүгін жауап келгенін айтты.
«Автобус қозғалысы жақсы. Бұрын қоғамдық көліктер Әміре Қашаубаев көшесімен жүрсе, қазір Исатай батыр көшесімен жүреді. Айтайын дегенім, аялдамалар бір-бірінен қашық орналасқан. Қаламен аралықта Әміре Қашаубаев, Нұрсәуле балабақшасы, мектеп, сосын Бейғазы Дәндібай аялдамасы еді. Қазір екі аялдаманы алып тастады. Аралық ұзарды. Суықта автобус бұрынғы аялдамаға тоқтамайды. Тоқтауын өтінсек, белгі жоқ деп жауап береді. Осы жөнінде жазда 109 нөміріне хабарластым. Соған бүгін жауап келді. Сұранымды 2020 жылы қарайды екен. Біз келесі аялдамаға дейін біраз жер жүруге мәжбүрміз. Жазда білінбегенімен, қыста кәдімгідей рөл ойнайды. Адам көп, бір-бірімізге «жабысып» барып, «жабысып» қайтамыз.
Қараөткел мен қаланың арасында 36-шы, 37-ші мен 103-ші экспресс автобус жүреді. 36-шы автобустың соңғы нүктесі – Гуманитарлық заң колледжі. Арғы жағында вокзалға дейін 2 аялдама бар. Аталған автобус Қараөткелден теміржол вокзалына дейін қатынаса жақсы болар еді. Сонымен қатар сенбі-жексенбі күндері қалаға қатынау қиын. Себебі не машина, не автобус жоқ. Қоғамдық көлікті 30 минут, тіпті 1 сағат күтеміз», – дейді Айгүл Аббасқызы.
Жеңілдіктің де мүмкіндігі «шектеулі»
Ал Қоянды ауылының тұрғыны Бағымгүл Төлепбергенова қоғамдық көлікте көпбалалы аналар мен зейнеткерлерге жасалған жеңілдіктің ауылдық жерлерге жарамайтынына наразы.
– Қоянды ауылы мен қаланың арасын жалғайтын автобустар жазда қалыпты жүреді. Қыста ұзақ күтіп қаламыз. Бұл жақ қалаға қарағанда суық. Жер үйлер, жазық. Балаларды уайымдаймын. Қояндыда мектеп үшауысымды. Үлкен кісілер шыдамайтын суықта оқушылар қалаға мектепке барып келеді. Тіпті, аязды күндері 307-шы автобус жүрмей қалады. Өкініштісі, Қоянды мен Нұр-Сұлтанды қосатын бір ғана автобус бар. Қояндыда тұратын ағайынның сұрауы – қосымша автобус бөлінсе екен. Тым болмаса, 307-нің бағытын «Шапағат» сауда үйіне дейін ұзартса игі еді. Осы мәселе жөнінде LRT орталыққа қоңырау шалып едік, мардымды жауап алмадық. Әңгіме «қарастырамыз, қараймызбен» аяқталады. Өзім көпбалалы анамын. Бұрын көпбалалы ана мен зейнеткерлерге қоғамдық көлікте жеңілдік бар еді. Қарашаның 10-нан бастап қаладан шет аумақта жеңілдікті алып тастапты. Осыған дейінгі жүйе неге жарамсыз болып қалды? Толыққанды жауап алғым келеді, – дейді Бағымгүл Төлепбергенова.
Бағымгүл Төлепбергенованың сауалын Astana LRT орталығына қойдық. Сауалымызға орталық қызметкері Әлия Жарқынбекова «Оның бәрін бір күнде шешу мүмкін емес. Әрине, қала маңы бағдарларын жақсарту ойда бар. Ең алдымен жолаушылары көп немесе көлігі қолжетімсіз жерлерге назар аударылады. Нақты Қояндыға қашан автобус қосылатынын қазір айта алмаймын» деп жауап берді.
Astana LRT орталығының нұсқауынша, жеңілдікке қатысты сұрақтың жауабын әкімдік береді. «Жеңілдігі бар азаматтардың тасымалдау шығындары республикалық бюджеттен емес, жергілікті бюджеттен алынады.
Осылайша, жеңілдікті қандай санаттағы азаматтар және қандай бағдарларда жол ақысын төлеуден босатуды жергілікті билік органдары шешеді. Қала маңындағы тұрғындар үшін жеңілдіктерді аудандық билік органдары ұсынады» дейді орталық өкілдері.
Статистика көрсеткендей, қалада күн сайын 500 мыңнан 750 мыңға жуық адам қоғамдық көлікпен жүреді. Ал 7 автобус паркінде 1 700-ге жуық жүргізуші бар. Astana LRT өкілдері Жаңа бағыт ашу мен қозғалыс жиілігін арттыру үшін 738 автобус жүргізушісі қажет екенін айтады.
Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында 89 қоғамдық көлік бағдары бар. Оның 61-і – қалалық, 6-ы – экспресс және 22 қала маңы бағдары. Таяуда Astana LRT орталығы тексеріс жүргізіп, жиі кешігетін автобус бағытын анықтаған.
Қоғаммен байланыс қызметінің бас менеджері Әлия Жарқынбекованың айтуынша, жиі кешігетін автобустар: 4, 4а, 17 және 44. Себебі аталған бағдарларға қызмет көрсетуші автобус паркінде жүргізушілер тапшы. Жүргізушілер көбінесе жұмыс уақытына, ауырлығына шыдамайды екен. Айына 160 сағаттан артық жұмыс істейді. Орташа есеппен 250-300 мың теңге айлық алғанымен, жұмыс қарқынына ілесе алмайды. Ал Астана тұрғындары қоғамдық көлікте емін-еркін жүріп-тұруы үшін автобус жүргізушілері керек. Astana LRT орталығынан осы мәселені шешу үшін қандай шара қолданып жатқанын сұрағанымызда, біліктілік курсы барын айтты. Жүргізуге қабілеті бар, жұмыс істеймін деген азамат алдымен аталған курстан өтуі тиіс.
Astana LRT ЖШС жанында Көлік мамандарының біліктілік орталығы жұмыс істейді. Онда жүргізушілерді, кондукторларды, бақылаушыларды оқытады. Орталықта қайта оқыту курсы да бар. Қазір аптасына кем дегенде 10 адам Біліктілік орталығына автобус парктеріне орналасу мақсатында оқуға келеді. Автопаркке жұмысқа кірмес бұрын оқудан өтулері тиіс. Емтиханды сәтті тапсырған азаматтар автопаркке жұмысқа қабылданады» дейді Әлия Жарқынбекова.
Қоғамдық көліктің санын арттыру мақсатында орталық 100 электробусты іске қосады. Олардың артықшылығы дизелді керек етпейді. Яғни, электр зарядымен қозғалады. Ал электрдің жанармайға қарағанда 80 пайыз арзан екені белгілі. Ендеше, бұл көліктердің экологияға зияны жоқ әрі аязға төзімді.
«100 электробустың алғашқы партиясы осы жылдың аяғына дейін келеді. Барлығы 2020 жылдың басында толық келеді. Бұл автобустар нақты қай бағдарларға қосылатыны әлі қарастырылады. Негізі ең көп жолаушылары бар бағдарлардың ауыртпалығын кемітуге бағытталған» дейді Қоғаммен байланыс қызметінің бас менеджері.
Миллионнан астам тұрғыны бар Нұр-Сұлтан қаласында жүргінші көп, жүргізуші аз. Қоғамдық көліктің жетіспеуіне, автобуста сығылысқан халық арызына жауаптылар осылай жауап берді. Мәселе шешімін табу үшін уақыт керек. Бірақ жұмыстан үйіне, қаладан елді мекенге жету үшін автобус күткен жұрт мәселесі әзірге шешілмей тұр.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ