Жолаушы – көп, жүргізуші – аз

Жолаушы – көп, жүргізуші – аз

Елордада 800-ге жуық ав­то­­бус жолаушы тасы­мал­­дайды. Сөйте тұра, тұр­­­­­ғындар таңертең және кеш­­ке қоғамдық көлікке сый­­май жатады. Әсіресе, қа­ла маңынан Нұр-Сұлтанға қа­­­тынайтын жұрт үшін бұл – үл­кен мәселе. Себебі ел­ді ме­кенге жолаушы тасы­мал­дай­тын автобустар саны аз, жүру жиілігі ұзақ.

Мәселен, астанада 22 қала маңы бағыты бар. Күніне 50 мың­нан астам жолаушы арлы-бер­лі ағылады. 29 елді мекенге қа­ты­­найтын осы бағыттарда 78 авто­бус бар екен. Дегенмен мұ­ның өзі аз. Мы­­салы, Қоянды­дан қалаға тек 307-ші автобус қаты­найды. Талап­керден астана­ға 306-шы бағ­дар жүреді. Осы қоғамдық кө­ліктің қозғалыс ин­тер­валы – 30 минут. Жауапты ме­кеме өкіл­дері бұған автобус пен жүр­гіз­ушінің жетіспеуі себеп еке­нін айтады.

 

Жексенбіде жұрт қалаға
жете алмайды

Елорда маңындағы Қара­өт­кел, Тайтөбе, Талапкер, Қоян­ды, Қызылсуат тұрғындары уа­қы­тын автобус күтумен өт­кі­зеді. Әсі­ресе, сенбі, жек­сен­бі күн­де­рі автобустың жүру жиілігі азаяды. Күтуден жалыққан тұр­­ғындар машинамен жүруді жөн көреді. Қараөткелде тұра­тын Айгүл Аббасқызы автобус аялдамаларының арасы қа­шық екеніне шағымданды. «Орта­­лық­қа қоңырау шалып көр­ме­діңіз бе?» дегенімізде, жаздағы сауалына бүгін жауап келгенін айтты.

«Автобус қозғалысы жақсы. Бұрын қоғамдық көліктер Әміре Қашаубаев көшесімен жүрсе, қазір Исатай батыр көшесімен жүреді. Айтайын дегенім, аял­да­­малар бір-бірінен қашық орна­ласқан. Қаламен аралықта Әміре Қашаубаев, Нұрсәуле балабақшасы, мектеп, сосын Бей­ғазы Дәндібай аялдамасы еді. Қазір екі аялдаманы алып тас­тады. Аралық ұзарды. Суық­та автобус бұрынғы аялдамаға тоқ­тамайды. Тоқтауын өтін­сек, белгі жоқ деп жауап бере­ді. Осы жөнінде жазда 109 нөмі­­ріне хабарластым. Соған бүгін жауап келді. Сұранымды 2020 жылы қарайды екен. Біз келесі аялдамаға дейін біраз жер жүруге мәжбүрміз. Жазда білін­бе­генімен, қыста кәдімгідей рөл ой­н­айды. Адам көп, бір-бірімізге «жа­бысып» барып, «жабысып» қайта­мыз.

Қараөткел мен қаланың ара­сын­да 36-шы, 37-ші мен 103-ші экспресс автобус жүреді. 36-шы авто­бустың соңғы нүктесі – Гу­ма­­­нитарлық заң колледжі. Ар­ғы жағында вокзалға дейін 2 аял­дама бар. Аталған автобус Қа­ра­өткелден теміржол вокза­лы­на дейін қатынаса жақсы болар еді. Сонымен қатар сенбі-жексенбі күндері қалаға қатынау қиын. Себебі не машина, не автобус жоқ. Қоғамдық көлікті 30 минут, тіп­ті 1 сағат күтеміз», – дейді Ай­гүл Аббасқызы.

 

Жеңілдіктің де мүмкіндігі «шектеулі»

Ал Қоянды ауылының тұр­ғы­ны Бағымгүл Төлепбергенова қо­ғам­дық көлікте көпбалалы ана­лар мен зейнеткерлерге жасалған жеңілдіктің ауылдық жерлерге жарамайтынына наразы.

– Қоянды ауылы мен қала­ның арасын жалғайтын автобустар жаз­да қалыпты жүреді. Қыста ұзақ күтіп қаламыз. Бұл жақ қа­­­лаға қарағанда суық. Жер үй­­­лер, жазық. Балаларды уа­йым­­­­даймын. Қояндыда мек­теп үшауысымды. Үлкен кі­сі­­лер шыдамайтын суықта оқу­­­шылар қалаға мектепке ба­рып келеді. Тіпті, аязды күн­де­рі 307-шы автобус жүрмей қа­лады. Өкініштісі, Қоянды мен Нұр-Сұлтанды қосатын бір ғана автобус бар. Қояндыда тұра­тын ағайынның сұрауы – қо­сымша автобус бөлінсе екен. Тым болмаса, 307-нің бағытын «Ша­пағат» сауда үйіне дейін ұзарт­са игі еді. Осы мәселе жө­нін­де LRT орталыққа қоңырау шалып едік, мардымды жауап ал­мадық. Әңгіме «қарастырамыз, қа­раймызбен» аяқталады. Өзім көп­балалы анамын. Бұ­рын көп­ба­лалы ана мен зейнет­кер­лерге қоғамдық көлікте жеңілдік бар еді. Қарашаның 10-нан бастап қала­дан шет аумақта жеңілдікті алып тастапты. Осыған дейінгі жүйе неге жарамсыз болып қал­ды? Толыққанды жауап ал­ғым келеді, – дейді Бағымгүл Төлепбергенова.

Бағымгүл Төлепберге­нова­ның сауалын Astana LRT орта­лы­ғына қойдық. Сауа­лы­мызға орталық қызметкері Әлия Жар­­қынбекова «Оның бәрін бір күн­де шешу мүмкін емес. Әри­не, қала маңы бағдарларын жақ­­сарту ойда бар. Ең алдымен жо­лау­­шылары көп немесе көлігі қолжетімсіз жерлерге назар ау­да­рылады. Нақты Қояндыға қашан автобус қосылатынын қазір айта алмаймын» деп жауап берді.

Astana LRT орталығының нұс­­қауынша, жеңілдікке қатысты сұрақтың жауабын әкімдік береді. «Жеңілдігі бар азаматтардың та­сы­малдау шығындары респуб­ли­калық бюджеттен емес, жергі­лік­ті бюджеттен алынады.

Осылайша, жеңілдікті қандай санаттағы азаматтар және қан­дай бағдарларда жол ақысын төлеу­ден босатуды жергілікті би­­­лік органдары шешеді. Қала ма­­ңындағы тұрғындар үшін же­ңіл­­діктерді аудандық билік ор­гандары ұсынады» дейді орта­лық өкілдері.

Статистика көрсеткендей, қа­лада күн сайын 500 мыңнан 750 мыңға жуық адам қоғамдық кө­лікпен жүреді. Ал 7 автобус паркінде 1 700-ге жуық жүргізуші бар. Astana LRT өкілдері Жаңа ба­ғыт ашу мен қозғалыс жиілігін арттыру үшін 738 автобус жүргізу­шісі қажет екенін айтады.

Жалпы, Нұр-Сұлтан қа­ла­сын­­да 89 қоғамдық көлік бағ­дары бар. Оның 61-і – қалалық, 6-ы – экспресс және 22 қала маң­ы бағдары. Таяуда Astana LRT ор­­талығы тексеріс жүргізіп, жиі ке­шігетін автобус бағытын анық­таған.

Қоғаммен байланыс қыз­ме­ті­нің бас менеджері Әлия Жар­­қынбекованың айтуынша, жиі кешігетін автобустар: 4, 4а, 17 және 44. Себебі аталған бағ­­дарларға қызмет көрсетуші авто­бус паркінде жүргізушілер тапшы. Жүргізушілер көбінесе жұ­­мыс уақытына, ауырлығына шы­­дамайды екен. Айына 160 са­­ғаттан артық жұмыс істейді. Ор­таша есеппен 250-300 мың тең­ге айлық алғанымен, жұмыс қарқынына ілесе алмайды. Ал Астана тұрғындары қоғамдық көлікте емін-еркін жүріп-тұруы үшін автобус жүргізушілері ке­рек. Astana LRT орталығынан осы мәселені шешу үшін қандай ша­ра қолданып жатқанын сұра­ға­нымызда, біліктілік курсы ба­­рын айтты. Жүргізуге қабілеті бар, жұмыс істеймін деген азамат ал­­­дымен аталған курстан өтуі тиіс.

Astana LRT ЖШС жанында Көлік мамандарының біліктілік ор­талығы жұмыс істейді. Онда жүр­гізушілерді, кондукторларды, ба­қылаушыларды оқытады. Ор­талықта қайта оқыту курсы да бар. Қазір аптасына кем де­ген­­де 10 адам Біліктілік орта­лы­ғына автобус парктеріне ор­на­ласу мақсатында оқуға келе­ді. Авто­паркке жұмысқа кір­мес бұ­рын оқудан өтулері тиіс. Ем­ти­­ханды сәтті тапсырған аза­мат­­тар автопаркке жұмысқа қа­­был­данады» дейді Әлия Жар­қын­бекова.

Қоғамдық көліктің санын арт­тыру мақсатында орталық 100 электробусты іске қосады. Олар­дың артықшылығы ди­зел­ді керек етпейді. Яғни, электр зарядымен қозғалады. Ал электрдің жанар­май­­ға қарағанда 80 пайыз арзан еке­ні белгілі. Ендеше, бұл көлік­тер­дің экологияға зияны жоқ әрі аязға төзімді.

«100 электробустың алғаш­қы пар­тиясы осы жылдың ая­ғы­на дейін келеді. Барлығы 2020 жыл­дың басында толық ке­леді. Бұл автобустар нақты қай бағ­дарларға қосылатыны әлі қа­рас­тырылады. Негізі ең көп жо­лаушылары бар бағдар­лар­дың ауыртпалығын кемітуге ба­ғыт­тал­ған» дейді Қоғаммен бай­ла­ныс қызметінің бас менед­жері.

Миллионнан астам тұрғыны бар Нұр-Сұлтан қаласында жүр­­гінші көп, жүргізуші аз. Қо­ғам­дық көліктің жетіспеуіне, ав­то­буста сығылысқан халық ары­зына жауаптылар осылай жауап берді. Мәселе шешімін табу үшін уақыт керек. Бірақ жұмыстан үйіне, қаладан елді мекенге жету үшін автобус күткен жұрт мәселесі әзірге шешілмей тұр.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ