Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы қорытындыланып, өңірлік жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.
Аталған жоба республика бойынша биыл 5-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Мақсат – этностық топтардың мектеп жасына дейінгі балалары мен мектеп оқушыларының, жастарға мемлекеттік тілді үйрету, мемлекеттік тілді үйрету арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту,– дейді «Қоғамдық келісім» РММ Әдістемелік қамтамасыз ету секторының аға сарапшысы Нұрсұлу Мырзахметова.
«Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейін) даму тұжырымдамасын іске асырудың 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспарына, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес жүзеге асырылуда.
Жыл сайын өңірлік жеңімпаздар «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының:
- Шешендік өнерді меңгеруге мүмкіндік туғызған «Асыл сөз» мектебі;
- Латын графикасы үйренуге арналған «Sende bir kirpish dúnіege...» шығармашылық байқауы;
- Әлеуметтік желілерде #ózim týraly хештегін теріп, пост жариялау бойынша «Ózіm týraly» акциясы;
- Сонымен қатар, әдіскерлер «Тіл мектебі» қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламалары бағыттары бойынша алғыс хаттар және дипломдармен марапатталады.
Салтанатты іс-шара барысында жеңімпаздар әуеннің ырғағымен қазақтың қара өлеңін оқып, Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін және күйлерден попури орындап, қара жорға биін билеп, көрермендерді өнерлерімен тамсандырды.
Әдіскерлер мен жобаның жеңімпаздарына алғыс хат және дипломдармен қатар қазақтың асыл қазынасы, ұлттық музыкалық аспабы – домбыра сыйға тартылды. Мұндай сый-сияпатқа жеңімпаздар да риза болды.
«Мың бала» жобасы аясында 2019 жыл бойы қазақ тілін насихаттайтын 24870 іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 126 мың 472 этнос өкілі мемлекеттік тілді еркін меңгеруге қол жеткізді. Жобаны алғаш қолға алған уақытта мемлекеттік тілді 44 497 бала меңгерсе, қазірге таңда көрсеткіш 3 есеге көбейген.